Желкілдеп өскен құрақтай
Сәрсенбі, 7 қараша 2012 7:28
Қазақ поэзиясының пайғамбары, қазіргі классикалық қазақ өлеңі үлгісінің негізін қалаушы Абай туған құнарлы топырақ өмірді өлеңмен өрнектеген өрелі өрендерден ешқашан кенде болған емес. Қойнауы құтты бұл өңірден әр замандарда жыр жарысының алғы көшінен табылып жүрген ерен жүйріктер жиі шығып отырған. Себебі, Абайға қарап бой түзеген аймақтың жұрты шынында «өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» екеніне әлмисақтан имандай сенген. Біз бұған айдан сәл астам уақыт бұрын Шыңғыстаудың етегі мен Қасқасудың бойында болып қайтқанымызда тағы көз жеткіздік.
Сәрсенбі, 7 қараша 2012 7:28
Қазақ поэзиясының пайғамбары, қазіргі классикалық қазақ өлеңі үлгісінің негізін қалаушы Абай туған құнарлы топырақ өмірді өлеңмен өрнектеген өрелі өрендерден ешқашан кенде болған емес. Қойнауы құтты бұл өңірден әр замандарда жыр жарысының алғы көшінен табылып жүрген ерен жүйріктер жиі шығып отырған. Себебі, Абайға қарап бой түзеген аймақтың жұрты шынында «өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» екеніне әлмисақтан имандай сенген. Біз бұған айдан сәл астам уақыт бұрын Шыңғыстаудың етегі мен Қасқасудың бойында болып қайтқанымызда тағы көз жеткіздік.
Бұл жолы Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған делегация құрамында Абай ауданының орталығына табан тіреген біз хакімнің тура туған күніне тап келіппіз. Осы оқиғаға орай аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков Қарауыл ауылындағы Абай ескерткіші түбінде ақынды еске алу шарасын ұйымдастырып қойған екен. Ауданға сапарын тап сол рәсімнен бастаған Мұхаң сөз кезегі өзіне тигенде, үстінен су төгілмес тайпалған жорғадай бірден көсіліп сала берген. Өзі онсыз да абайшыл тұлға ұлы ақынымыз туралы тереңнен толғағанда, аузын ашып, құлағын төсеп тыңдамаған адам қалмады. Осы жерде жиналғандар оның берген бағасы арқылы Абайды мүлдем жаңа қырынан танығандай болған. Мемлекеттік хатшының осыншалықты тұшымды тұжырымдар айтатынын алдын ала білгендей, аудан басшылығы да жырға ғашық бір топ өрендерді дайындап тұрыпты. Мәртебелі меймандардың рұқсатын алысымен, солардың әрбірі жұрт алдына шығып, өз жүректерінің лүпілінен қайнап шыққан жыр шумақтарын бірінен кейін бірі төгілте бастады.
Сүт пісірім мерзімге созылған осынау шұғылалы шақтар Абай ауданы жерінің бүгінде «қазақ поэзиясының Меккесі» атанып жүргені бекер емес екенін бір көрсетті. Ал көпшілік алдына шығып, жүрекжарды жырларымен ұлы Абайдың туған күніне орай шашу шашқандар түгелдей мектеп оқушылары еді. Айтқандай, осы бір шағын мүшәйра іспеттес сұлу сөздің сайысына күллі ауданның «талаптың тұлпарын мінген» түлектері қатысқан жоқ. Тіпті аудан орталығы – Қарауыл ауылының өзінің барлық мектептері қамтылмапты. Оларды бір ғана гимназияның ойлары озық, қиялдары ұшқыр қауырсын қанат талапкерлері құрады.
Бізді бір таңқалдырғаны, ересектер алдына шығып, жырларын жатқа оқыған өршіл өрендердің өздерін емін-еркін ұстай білгендері болды. Орынсыз қысылып-қымтырылуды, ұялып-қымсынуды білмеген шәкірттер шабыттана жыр оқығанда, әуеде ұшқан құс бір орнында қалықтап тұрып қалғандай әсер етті. Сондықтан қадірменді қонақтар мен ауыл ақсақалдары талапкерлердің бірінің аузынан шыққан: «Өтсе де талай ғасыр, талай заман, Алашқа күн көзіндей арайлаған, Дәл бүгін Шыңғыстаудың баурайында, Шыр етіп туған екен Абай бабам!» деген жыр жолдарын аса жылы қабылдады. «Сөз басы» деп аталатын бұл өлеңнің авторы Айдана Дәуренқызы гимназияның 10-сыныбында оқиды. Жастығына қарамай, осы кезге дейін Мұқағали Мақатаев атындағы республикалық сайыста екінші орын алса, Мерғали Ибраев атындағы облыстық мүшәйрада бас жүлдеге қол жеткізіпті. Айдана тек жырдан кесте тігудің ғана шебері емес, күнделікті сабақтың да үлгілісі. Оқушылар арасындағы облыстық пәндік олимпиадада жүлдегер атанып жүргенінің өзі осыны байқатады.
Ал жоғарыда өлеңінің келесі шумақтарын ол былай жалғастырып әкетті:
Жүз жетпіс жыл өтсе де содан бері,
Өлген жоқ ұлтымыздың кемеңгері.
Жақұт құсап жарқылдап келе жатыр,
Өшпейтін өмірі бар өлеңдері!
Жас талаптың келесі оқыған өлеңі «Жидебай – Байқоңыр!» деп хабарланды. Айдана осы арқылы ұлы Абайды дүниеге келтірген Жидебай өңірі ақындарды көкке ұшыратын өзінше бір ғарыш айлағы деген ойға қазық байлайды. «Байқоңыр ғарышкерлерді алқаракөк аспанға қалай самғатса, біздің Жидебай ақындарды ай-жұлдызды зереннің зеңгіріне солай аттандырып отырады», дегісі келіпті оның. Және соны әдемі жеткізе білген.
Небәрі бес шумақтан тұратын өлеңнің:
Бұл Жидебай – аспанына қазақтың
Ақындарды ұшыратын Байқоңыр! – деген тиянақ тастаған тоқтамы осыған нақты дәлел.
Алғаусыз көңілден алабұртып ұшқан жасын жырдың бірінші шумағы да сәтті басталған. Ондағы:
Бұл Жидебай – шалқар дала шалғынды,
Ақ селеумен орап алар алдыңды.
Жидебайда жиде деген болмайды,
Жидесіз-ақ тойдырады қарныңды, – деген төрттаған кім-кімді де еріксіз елең еткізер еді. Әсіресе, соңғы екі қатардағы сыңғырлаған үйлесімнен әдемі бір леп еседі. Осы екі жолдың өзі-ақ талапкерді «ақын» деп атауға ықтияр береді.
Абай ескерткіші түбінде жыр оқыған өрендердің арасынан біз қазірдің өзінде толық қалыптасып қалған тағы бір жасты тап басып, дөп танығандай болдық. Жұрт алдында өзін: «Серік Мұратов» деп таныстырған бұл бозбала Қарауыл гимназиясының 11-сыныбында оқиды. Биылғы жылы Мұхтар Әуезовтің 115 жылдығына орай Семей қаласында өткен облыс ақындарының мүшәйрасында бас бәйгені еншілеген. Мұның алдында республикалық «Тарих ата» олимпиадасында екінші жүлдегер атанған. Сонымен қатар, республикалық Абай оқуларына жолдама алыпты. Тағы бір сүйсінерлігі, дарынды жастың жалын жырлары осы тұсқа дейін жас ақындардың «Жастықтың оты жалындап» атты жинағына да еніпті.
Серіктің үлкен ағалары мен әкелері алдында оқыған бірінші өлеңі «Бөрілінің бөрісі» деп аталды. Демек, бұл да Шыңғыстау шеңберіне шеру тартып тұр. Ал жасөспірім жұлдыздың сөз саптауы мен өлең оқуы ерекше. Өктемдеу естілетін өршіл даусына кестеленіп төгілген жыр дестесі үндесе кеткен кезде айналаны құлаққа ұрған танадай тыныштық бірден құрсаулап алды. Осыдан шығар, оның: «Қасқыр да жоқ бұл жерде, бөрі де жоқ, Көрінбейді аңшының көзіне көп. Содан ба екен, мен кейде ойланамын, «Бөрілі» деген құр ел сөзі ме деп?» деген жолдармен өрілетін өлеңін бірінші шумағынан бастап, соңына дейін деміңді ішіңе тартып тыңдауға қайылсың.
Жас ақынның бұдан кейінгі шумақтары да бірден өзіне баурап әкетеді. Сондықтан оның:
Қансонарда жортқан із көрінбейді,
Ақ қарда тек жылқылар тебіндейді.
Қасқырлардың қарасы жоғалған соң,
Мал күзеткен маң төбет көп үрмейді.
Маңқ етіп бір үргені – бір жылға азық,
Итаяққа жүгірмес шыбжың қағып.
Айдалаға «Бөрілі» деп ат қойыпты,
Ат қоюға шебер ғой біздің халық.
Осы арада туыпты Мұхтар атам,
Сөз қадірін білгенге сырттан атам.
Бөрі заман бөркімді ала қашар,
Сол атама азырақ ұқсамасам, – деген кесіміне келіспеске лажың қалмайды.
Келіскеннен кейін-ақ Серіктің ең соңындағы:
Атам кетті ауылдан, бөрі кетті,
Бөріні көргендердің көзі кетті.
«Бөрілінің» бөрісі мен болайын,
Тым құрыса, шулатып төңіректі, – деп түйінделетін түпкі шешімі заңды болып сезіледі. Біз сондықтан да оның келешекте тек Бөрілінің, тек Қарауылдың, тек Семейдің төңірегіне ғана емес, күллі қазақ даласының атырабына аты кеңінен танылған жыр көкжалы атанатынына күмән келтіре алмасақ керек.
Ұлы Абай ескерткішінің түбінде жосылтып жыр оқыған ұландардың барлығы бір білім ордасының өкілдері екенін жоғарыда айттық. Олардың бәрі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық Жамбыл қоры сыйлығының лауреаты, Мәдениет қайраткері, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, белгілі ақын Төлеген Жанғалиевтің шәкірттері болып шықты. Қарауыл гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Төкең білім ордасы жанынан М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» атты ақындар сыныбын ашып, көптен бері жас талапкерлерді тәрбиелеп келеді. Шәкірттерінің алды бүгінде ересектер жыр бәйгелеріне қосылып та үлгеріпті.
Аталмыш ақындар сыныбына аты берілген, өзіндік үні бар, өмірден ерте кеткен талантты ақын Мерғали Ибраев марқұм өзінің бір өлеңінде: «Жыр жарыста білінер, Кімде қандай шама бар. Артымызда – інілер, Алдымызда – ағалар», деп тебіренген екен. Міне, ақын үркердей үміт күткен ізетті інілерінің ілкімді ізбасарлары қазіргі таңда Абай ауданы аумағында да аз емес. Желкілдеп өскен құрақтай жетіліп келе жатқан сол тегеурінді толқынның күні ертең «жыл келгендей жаңалықты сездіре» беретініне біздің лайым сенгіміз келеді.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы.