Тарихи құжаттарда Кенекеңнің туған жері Бурабай өңірі деп көрсетілген. Демек осы өлкеде қазақтың соңғы ханына қатысты тарихи нысандар, аңыз-әңгімелер көп. Соның бірі – жалпыұлттық қасиетті нысан тізіміне еніп отырған «Кенесары үңгірі».
Бұл орын Бурабай көлінен оңтүстік-батыста жарты шақырым жерде орналасқан. Ғалымдар үңгірді гранитті сілемнің үгілуінен пайда болған дейді. Оның іші дөңгелек пошымдас, аумағы – 5-6 метр шамасында. Кіреберіс қуысының биіктігі 3 метрге жуық. Үңгір бір-бірімен тас қуыс арқылы жалғасатын екі бөліктен тұрады. Екінші бөлікте сыртқа шығатын ауыз-қуыс бар.
Бұл нысан туристер өте көп баратын орынның бірі. Ел ішінде сақталған әңгімелерге қарағанда, Кенесары бала кезінен осы үңгірде қона-түнеп, аң аулап жүрген дейді. Кейін, яғни 1840 жылдары ресейлік отарлау саясатына қарсы шыққан тұста батыр сенімді серіктерін үңгірге жинап, алдағы стратегиялық жоспарларын ақылдасатын еді дейді тарихшылар.
Тарихи нысан жайлы кезінде қазақтың алашшыл ақыны Мағжан Жұмабаев:
Сол түні сонау үңгір тау ішінде,
Қабағын қарс жазып Кене ойланды.
Қиналған қазағына жол таппаққа,
Жүрегі тілім-тілім тіле ойланды, - десе, дауылпаз жыршы Сәкен Сейфуллин:
Үйшік бар әлгі құзда үңгірлеген,
Ішіне кірсең үйдей күңгірлеген.
Аталған «Кенесары үңгірі» деп,
Көрсеңіз тәрізді іші дым кірмеген... - деп өлең жолдарын арнаған екен.
Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»