Біз – көк туды желбіреткен татарлармыз
Жұма, 26 қазан 2012 7:29
Ұлы халық әрқашанда ұлылығын істейді. Кеңқолтық қазақ халқы өзінің ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін Елбасының бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, оның тізгінін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі ұстады. Бұл республиканы мекендейтін сан алуан ұлт пен ұлыстың алаңсыз тіршілігін қамтамасыз етіп, өзінің қымбат дәстүрлерін сақтауына, ұрпақ болашағына деген сенімін нықтауға мүмкіндік берді. Қазақстан Республикасының әлемді аузына қаратқан қадамдарының бастысы да осы еді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тәжірибесі, еліміздің қысқа мерзімде гүлденіп-көркеюі күн сәулелі шаңырағымыздың беріктігі мен биіктігін төрткүл дүниеге паш етуі де сондықтан.
Жұма, 26 қазан 2012 7:29
Ұлы халық әрқашанда ұлылығын істейді. Кеңқолтық қазақ халқы өзінің ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін Елбасының бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, оның тізгінін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі ұстады. Бұл республиканы мекендейтін сан алуан ұлт пен ұлыстың алаңсыз тіршілігін қамтамасыз етіп, өзінің қымбат дәстүрлерін сақтауына, ұрпақ болашағына деген сенімін нықтауға мүмкіндік берді. Қазақстан Республикасының әлемді аузына қаратқан қадамдарының бастысы да осы еді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық тәжірибесі, еліміздің қысқа мерзімде гүлденіп-көркеюі күн сәулелі шаңырағымыздың беріктігі мен биіктігін төрткүл дүниеге паш етуі де сондықтан. Тағдырлас халықтардың қиын-қыстау кезеңдерде сыналған, қуаныш-думанда нығайған достығы құрыштай берік екендігіне тәубе қыламыз. Облысымыздағы 40-тан астам ұлт өкілі өзіне жүктелген қастерлі міндетке әрқашан адал болып, жасампаздық үлгі шашып отырғаны ғанибет.
Біздің ата-бабаларымыздан тараған ұрпақтың қазақтың киелі жерінде тұрып жатқанына 160 жылдан асып барады. Татар халқының тағдыры қазақтың мәдениетімен, тұрмысымен және шаруашылық жүргізу ісімен тығыз байланысты. Сонау 1850 жылдардың басында Көкше жеріне қоныстанған елушақты татар отбасының бірде-бірі аттың басын кері бұрып, өзге жақтан жерұйық іздемегені де сондықтан. Бүгінгі күні де солай. Іргеміз сөгіліп көрмеген. Өйткені, біз – қазақ халқымен бірге Қазақстан тәуелсіздігін құрысқан халықпыз. Тәуелсіздік сан түрлі ұлт пен ұлыстың мәдени құндылықтарын жаңғыртуына мүмкіндік берді.
Бірлестігімізді атақты жерлес ағамыз, Татарстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Ибрагим Салахов құрған болатын. Ол кісі сұлу Көкшесін жанындай жақсы көрді. Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, «Колыма қасіреті» романын жазғандағы сағынышы жан сыздатса, «Көкшетау даласында» тарихи хикаятын оқығанда кеудеңізді туған жерге деген махаббат сезімдері кернейді. Сондай-ақ, бүгінгі күні қол жеткізген табыстарымызды Хәкім Малдыбаев, Рашид Ғайнуллин, Фарук Курмаев, Рауф Ақбердин секілді белгілі азаматтардың есімдерімен де байланыстырамыз. Олардың ұлт ынтымағын ұйыстырудағы еңбектері әрқашан жадымызда. Жас ұрпақ сол үлгі-өнегені заман талабына сай жаңғыртуда.
Бірлестігіміздегі «Ғалиябану», «Яшлек» ән-би ансамбльдері республикамызға кеңінен танымал әрі шетелдік мәдени сапарларда Қазақстан даңқын шығарып жүр десем, артық айтқандық емес. Ардагерлер ұйымымен қатар, жастардың саяси пікірталас клубы белсенді жұмыс істеуде. Аға буын ұлттық салт-дәстүр, ырым-жоралғылар, мәдени құндылықтар бағытында көп еңбектенсе, жастар жағы Қазақстан болашағының кірпіші болып қалануға тырысып жүр. Әсіресе, «Достық-Дружба» журналының тілшісі Ринат Дусумов, облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары Дана Жантемірова, «Жас ұрпақ» қозғалысының көшбасшысы Ильдар Абзалимов, Фарит Ахметов, Зарина Усманова, ұлттық спорт өнерінің жанашыры Ульфат Усманов бірлестік тарапынан қойылған тапсырмаларды тиянақтап орындайтынымен риза етеді.
Кеңес өкіметінің орыстандыру саясаты түркі халықтарының ішінде ең алдымен татарларды шарпығаны белгілі. Біз ұзақ жылдар ұлттық мейрамымыз – «Сабантойды» көңілдегідей етіп тойлай алмай жүрдік. Сол тойымыз Ақмолада егемендіктің алғашқы жылында-ақ дүркіретіп өткізілді. Егемендіктің 20 жылдығындағы дәстүрлі мерекелік шаралардың ауқымы кеңейіп, ел-жұрттың ризашылығын алдық. Оған Бурабай мен Степногордағы филиалдарымыз да белсенділікпен қатысты.
Осыдан біраз жыл бұрын Ресей телеарнасы этномәдени бірлестігіміз жайлы менімен сұхбат жүргізді. Бүгінгі әңгімемді сондағы айтылған түйін-тұжырыммен аяқтасам деймін: Біз, татар халқы, өзіміздің Отанымыз Қазақстанда білім алуға, еңбек етуге, тіліміз бен ділімізді сақтауға, қоғамдық өмірдің әр саласында өз деңгейімізді танытуға толыққанды мүмкіндігіміз бар. Осының бәрі үшін қазақтың дарқан даласы мен кең пейіліне ризамыз. Лайым солай болғай!
Фарук БОГАПОВ,
Ақмола облыстық татар этномәдени
бірлестігінің төрағасы.
Ақмола облысы.