Қазақстан • 04 Ақпан, 2019

Тай – атқа, ат – мұратқа жеткізеді

1746 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында төрт түліктің төресі – жылқы жайы жан-жақты айтылған болатын. Ілкідегі тарихы, ілкімді мәдениеті де. Тек соңғы жылдары техника құдіреті басым түсіп, желмен жарысқан жүйріктің бағы қайта бастады. Қаланың бозбаласы түгіл, жылқы ішінде өскен ауыл баласы да атқа мінбейтін болды. Көненің көрнекті қасиетіне жан бітіру өткенмен қатар бүгіннің де көп кәдесіне жарар еді.

Тай – атқа, ат – мұратқа жеткізеді

Таяуда Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлік жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Зеренді ауданының Сәкен Сейфуллин ауылында «Тай – атқа, ат – мұратқа жеткізер» атты жабағы үйретуден эстафеталық байқау өткізілді. Ережеге сәйкес 5-8 сынып аралығындағы оннан астам оқушы өзара бақ сынасты.

Тұңғыш өткізілгендіктен бе екен, бұл бір елдің делебесін қоздырған қызық жарыс болды. Тамашалауға таяғына сүйеніп қариялар да келіпті. Жылқы жалында өскен жұрттың ілкідегі ғажайып қасиетінің жұқанасы әлі бар екен. Ауыл баласы әманда пысық. Үрке шапшып, жүген-ноқтаны басына тигізгісі келмей шортандай шапшыған күйлі жабағыларды әп-сәтте құлағынан басып ұстап, қутыңдап жүр.

Тамашалауға келген халықтың атойлаған үнінен құлақ тұнады. Аспанға қарғып, жерге түскен, басын екі аяқтың ортасына тығып алып тулаған асау жабағыдан құламай қалғандары да, туласына шыдай алмай топ етіп жығылғандары да болды. Бас-аяғы бірнеше сағатқа созылған байқау қорытындысын білуге асыққан халық ауылдың мәдениет үйіне жиналды. Жабағыға бас білдіріп, жалына жабысып, жүлдегер атанғандарған арнайы диплом мен сыйлықтар табыс етілді.

Жоғарыда бір сөзімізде бұл жарысты эстафеталық байқау деп атаған болатынбыз. Келесі кезек Біржан сал ауданында.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Зеренді ауданы,

Ақмола облысы