Татулық тамыры тереңде
Бейсенбі, 25 қазан 2012 7:20
Адам құқын қорғауда халықаралық үлгі-қалыптарды сақтау бүгінде әлемдік қоғамдастықта өте жоғары бағаланады. Біздің еліміз – Қазақстан өте қарқынды дамып келе жатқан және Орталық Азия елдері ішінде ешқандай да ұлтаралық және конфессияаралық жанжал болмаған бірден-бір тәуелсіз бейбіт ел екенін бүкіл әлем мойындайды. Шынында, ұлтаралық келісім мемлекетіміздің ішкі саяси тұрақтылығын қалыптастырады.
Бейсенбі, 25 қазан 2012 7:20
Адам құқын қорғауда халықаралық үлгі-қалыптарды сақтау бүгінде әлемдік қоғамдастықта өте жоғары бағаланады. Біздің еліміз – Қазақстан өте қарқынды дамып келе жатқан және Орталық Азия елдері ішінде ешқандай да ұлтаралық және конфессияаралық жанжал болмаған бірден-бір тәуелсіз бейбіт ел екенін бүкіл әлем мойындайды. Шынында, ұлтаралық келісім мемлекетіміздің ішкі саяси тұрақтылығын қалыптастырады. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 20 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бұл қоғамдық бірлестіктердің негізгі мақсаты – әр ұлттың ана тілі, мәдениеті және әдет-ғұрыптарын сақтап, елімізде өмір сүретін әрбір этностың бойында отансүйгіштік сезімді берік қалыптастырып, этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін нығайту. Қазақстан халқы Ассамблеясының 19-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік органдардың этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимылын жетілдіру және көршілес мемлекеттермен мәдени іс-шараларды өткізуге басымдық беру мәселесін айтып өткен болатын.
Бірлігі мен тірлігі жарасқан оңтүстікте түрлі ұлттардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасап, ынтымақ, ауызбіршілікте, тату-тәтті тұруы үшін көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып жатады. Соның бірі ретінде, жақында ғана облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің «Өзбек халқының тілі, мәдениеті, әдет-ғұрпы және дәстүрлері» мерекесіне орай Өзбекстандағы қазақ этномәдени бірлестігінің төрағасы Марат Үкібаев бастаған қазақ және өзбек, тәжік, татар ұлтының өкілдерінен құралған делегацияны қонаққа шақырғанын айта кетуге болады. Қонақтар шырайлы Шымкент қаласындағы Данқ мемориалына, генерал Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Сайрамдағы сансыз баптар, Отырардағы Арыстан бап, Түркістандағы Ахмет Ясауи кесенесін аралап, зиярат жасады. Осы сапар барысында олар облысымыздағы этносаралық келісімнің өте жоғары деңгейде екенін және сан алуан ұлт және ұлыстардың бір-бірімен тату-тәтті тұрып жатқанын көріп, қатты риза болып қайтты.
Біз бәсекеге қабілетті азаматтар болып қалыптасу үшін барлық салаларда аянбай еңбек етудеміз. Әр жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы, облыстық білім, тілдерді дамыту басқармаларымен бірлесе отырып, 11 сынып оқушылары арасында республикалық «Мемлекеттік тілді білу – парызың», «Өзбек тілі – ана тілім, қазақ тілі – Отан тілім» атты байқаулар өткізіп келеміз. Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар және жоғары оқу орындарында тегін грант арқылы білім алу үшін сертификаттар беріледі. Атап айтатын болсақ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен А.Ясауи атындағы ХҚТУ әр жылы 1, Оңтүстік Қазақстан халықтары достығы университеті, М.Сапарбаев атындағы гуманитарлық-педагогикалық институты, ОҚПИ, Шымкент институты және басқа да орта оқу орындары 2 данадан сертификаттар беріп келеді.
Жалпы алғанда, соңғы үш жылда жоғары оқу орындарында тегін оқу үшін 39 оқушы тегін грантқа ие болды. Мұны мемлекеттік тілдің дамуына мемлекеттік органдардың қосып отырған үлесі деп айтуға болады. Содан болар, жыл сайын мемлекеттік тілді білсем деген жастардың қатары көбейіп келеді.
Өзбек ұлтының әрбір мерекесін, әрбір тойын оның ұлттық тағамы – палаусыз елестету мүмкін емес. Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығы қарсаңында Абай саябағында өткен мерекеде 80 келі палау басылып, халыққа таратылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта «Әдебиеттер бірлігі – халықтар бірлігі» атты мүшәйра, «Чашма» шығармашылық тобының 25 жылдық мерейтойын, «Көгершін – тыныштық елшісі» атты фестиваль өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, спорттың бірнеше түрі бойынша спартакиадалар, шахмат турнирі, жас әншілер байқауы өткізіледі. Бұл іс-шаралардың барлығы қоғамда ұлтаралық татулықтың нығаюына өз септігін тигізетіні анық.
Біздің мақсатымыз – этносаралық және конфессияаралық келісімді дамытудың мәдениетті жолын іздеп, рухани-адамгершілік құндылықтарды арттыра беру.
Икрам ХАШИМЖАНОВ,
Шымкенттегі өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.