25 Қазан, 2012

«Бір бәйтеректің бұтағымыз»

467 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Бір бәйтеректің бұтағымыз»

Бейсенбі, 25 қазан 2012 7:19

Қызылорда облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Ашур ХАМИДОВ осылай дейді

Замана толқынымен қилы тағ­дыр қиырдан Қазақстанға қарай қоныс теуіп жатты. Айдауда не байлауда жүріп қазақ топырағына қазық байлағандар көп. Чешен ұлтының өкілдерімен сөйлесе қал­саң, аталарының «халық жауы» атанып қуғындалып келгенін айтады. Кәрістер вагонға тиеліп, түн ортасында арпылдаған иттер­дің қарсы алуымен осы елге табандары тигенін жеткізеді. Еврейлер өздеріне таңба салынып, жұрттың бәрі алапес көргендей сырт айналып жатқанда, Қазақ­станнан қамқорлық көргенін жыр қылады.

Бейсенбі, 25 қазан 2012 7:19

Қызылорда облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Ашур ХАМИДОВ осылай дейді

Замана толқынымен қилы тағ­дыр қиырдан Қазақстанға қарай қоныс теуіп жатты. Айдауда не байлауда жүріп қазақ топырағына қазық байлағандар көп. Чешен ұлтының өкілдерімен сөйлесе қал­саң, аталарының «халық жауы» атанып қуғындалып келгенін айтады. Кәрістер вагонға тиеліп, түн ортасында арпылдаған иттер­дің қарсы алуымен осы елге табандары тигенін жеткізеді. Еврейлер өздеріне таңба салынып, жұрттың бәрі алапес көргендей сырт айналып жатқанда, Қазақ­станнан қамқорлық көргенін жыр қылады. Қысқасы, қазақ жеріне әр ұлттың өкілі әртүрлі тағ­дыр­дың айдауымен келген. Дегенмен, осы ұлт пен ұлыстың бәрі қорытынды сөзін «қазақ халқы қолындағы бір үзім нанымен бө­лісті. Аяғы­мыз­дан тұрып кетуі­мізге көмектесті. Қазақтың қам­қор­лығы мен қонақ­жайлығының арқасында осындай бейбіт те мамыра-жай күнге жетіп отырмыз» деп аяқтайды.

Біздің елге артына шала байланбай, ешқандай қысым көрмей, өздерінің еркімен келіп, осы жер­ді Отаны санайтын ұлттар да бар. Солардың бірі «ауылы аралас, қойы қоралас» жатқан, қазақтың өзі «өз ағам» деп өбектеп отыратын өзбектер. Біз – тамыры бір ұлтпыз. Бір-бірімізге алакөздене­тін, бөлісе алмайтын, түртпектей­тін, мүйіздесетін ештеңеміз жоқ. Бағзы замандардан бері қарай тату-тәтті тіршілік кешіп келеміз. Бүгінде Қазақстан дейтін қабыр­ғалы елде 600 мыңнан аса өзбек тұрады. Оның сыртында біздің мемлекетке келіп жұмыс істейтін, нәпақасын айыратын ағайынның өзі біршама. Ал Өзбекстанда мил­­лионнан артық қазақ ғұмыр ке­шіп жатыр. Аяқты осылай сал­ған­да, екі жұрттың арасындағы достық қарым-қатынастың, бауыр­ластықтың, ынтымақтың белгісін айнытпай көреміз. Ғасырдан-ға­сырға жалғасып келе жатқан осы ұлы достықтың әлі талай буынды тербететініне бек сенеміз.
Қызылорда облысында бүгін­де екі мыңға жуық өзбек өмір сү­реді. Облыста олардың этномә­де­ни бірлестігі бар. Ол 1994 жылы құрылған. Оны құрылған күнінен бастап Ашур Хамидов ақсақал басқарады.
– Менің әжем 1869 жылы осы Қызылорда облысының аумағын­да дүниеге келген,– деп бастады сөзін Ашур ақсақал. – Ал әкем 1909 жылы осы топырақта өмір есігін ашқан. Анам да осы жердің тумасы. Сондықтан біз Қазақ­стан­ды туған жеріміз деп білеміз. Ол заманда халық көшіп-қонып жүр­ген ғой. Мен сондай бір көш­тің кезінде Бұқарада өмірге ке­ліппін. Дегенмен, есімді білген­нен Қа­зақ­станда ғұмыр кешіп келемін.
Ашур Халилұлының өмірбая­ны өте қызық. О кісі еңбек жолын аспаздың көмекшісі болып бастаған. Солайша, сатылап өсе берген. Еңбек өтілі үш жылға тол­ғанда арнайы жолдамамен Өз­бек­станның Самарқанд қала­сын­да­ғы сауда институтына түседі. Арасында екі жыл әскери борышын өтеп, 70-жылдардың басында Қы­зылордаға қайтып оралады. Содан еңбекке білек сыбана араласып кетеді. Ақырында, бүгінгі тілмен айтсақ, облыстық өнер­кә­сіп бас­қар­масы бастығының ор­ын­басары қызметіне дейін жоға­рылайды. Екі ұл өсірген. Екеуі де дәрігер. Бү­гін­де олардан немере сүйіп отыр.
Өзбек этномәдени бірлестігі об­лыс шеңберінде ұйымдасты­ры­лып жатқан іс-шараның бірде-бірінен сырт қалған емес. Сән-салтанатымен, бүкіл ұлттық бояуымен қатысып, биін билеп, әнін шырқап, мерекенің сәнін кіргізе­ді. Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірлердегі орталықтарға туған тілін дамытуды да басты міндет етіп қойғаны белгілі. Оның сыртында ұлттық салт-дәстүрді дамыту, ұлттық ерекшеліктерін же­тілдіру секілді істер бар. Ашур ақсақал: «Біз де өзбек тілін оқы­та­тын жексенбілік мектеп ашқы­мыз келді. Бірақ бірқатар мәсе­ле­­лермен бетпе-бет келдік. Сосын «алдымен қазақ тілін әбден жетік меңгеріп алыңдар. Ол – біздің мемлекеттік тіліміз. Өзбек тілін содан кейін үйрене бересіңдер» дедім», дейді. Солайша, өзбек  ұлтының өкілдері қазақ тілін барынша үлкен ыждағаттықпен мең­геріп жатыр екен. Осыны естігенде кәдімгідей тебіреніп кеткенімізді жасырмаймыз. Бұл – өзбек ағайындардың мемлекетті, оның халқын, тілін сыйлағаны деп қабылдау қажет. Қазақ­стан­дағы әрбір ұлт пен ұлыстың өкілі осындай көзқарасты ұстанар болса, онда біздің Тәуелсіздігіміз тұғырлы, тіліміздің ғұмырлы болары айдай ақиқат.
Ақсақалмен әңгімелесіп отырмыз. Елдегі тұрақтылық, толе­рант­­­тылық турасында біршама сөз айтылды. Сөз соңында: «Балам, Құрбан айт келіп қалды. Осы ел газеті «Егеменді» пайдалана отырып, барша қазақ­стан­дық­тарға ті­лек айтсам деймін», деген арзу ниетін жеткізді. Мақұл көрдік.
– Ең алдымен, тыныштық керек. Мұсылманның қасиетті мейрамы – Құрбан айт кезінде мен Жа­­­­ратқан иемізден осы қазақ же­ріндегі тыныштықты сақта деп ті­леймін. Еліміз тыныш, Елбасымыз аман болсын. Береке-бірлік­тен, ын­­­­тымақ-ырыстан айырмасын. Бір­лі­гіміз жарасып, тірл­і­гі­міз алға өр­лей берсін. Халқымыз арасындағы достық, бауырластық мәңгі болсын. Еліміз іргелі, мем­лекетіміз мығым болсын! – деді ол салмақпен.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.