Аймақтар • 05 Ақпан, 2019

СНПС жұмысшыны неге шетелден алдырады?

740 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтөбе еліміздегі өнеркәсібі дамыған өңірлердің бірі. Соңғы екі-үш жыл аралығында облыста экономиканың өсу қарқыны 5 пайызға жетті. Бұл ретте кәсіпорындардың қосқан үлесі қомақты.  

СНПС жұмысшыны неге шетелден алдырады?

Кейінгі 3-4 жылда кәсіпорын­дар жұ­мыс­шылардың әлеуметтік кепіл­діктерін қамтамасыз ету мен еңбек қатынастарын реттеуге де жан-жақты көңіл аударып келеді. Бұл орайда Ақтөбе облыстық әкім­дігі, кәсіпорындардың басшы­лары және аумақтық кәсіподақ бір­лес­тігі жетекшілерінің үшжақты мемо­рандумға қол қойып, оның орын­далуын қадағалау тетіктерін қалып­тас­тырғанын атап өткен ләзім. 

Қазір өңірде былтыр қол қойыл­ған ұжымдық шарттар мен өндірістік бағ­дарламаның орындалу барысы талқылануда. Айталық, іргелі кәсіп­орындардың бірі «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ был­тыр жасалған меморандум талап­тарын толығымен орындаған. Зауытта 2283 жұмысшы еңбек етсе, олардың орташа жалақысы 150 000 теңге төңірегінде. Өткен жы­лы мұнда 50 миллиард теңгеге жуық өнім өндіріліпті. Зауытта қазақ­стан­дық құрамды көбейту ісінде де оң нәтижелер бар. Былтыр жыл бойы тазалау қондырғылары жаңғыр­ты­лып, электр сүзгілері орнатылды. Бұл қалдық мөлшерін 17 пайызға төмендетуге септігін тигізді.

Үдемелі инновациялық даму бағ­дарламасына сүбелі үлес қосып жүр­ген шоқтығы биік кәсіпорынның бірі – Ақтөбе рельс-арқалық зауы­т­ы. Мұнда жоғары жылдамдықтағы те­мір жол магистральдары үшін рельс­тер шығарылады. Жыл қорытындысы­на арналған талдаулар зауыт­та әлеуметтік міндеттемелер толықтай орындалғанын көрсетті. Айталық, ұжымдық шарт талаптарын орындау үшін 275 миллион теңге жұмсалған екен. Зауытта жұмысшылар санын сақтау мен әлеуметтік пакеттерді бөлу ісінде де оң тәжірибелер бар. Орташа айлық жалақының жергілікті басқа кәсіпорындармен салыстырғанда жоғары – 237,1 мың теңге.

Облыста мұнай-газ шикізатын өндіру ісіндегі жетекші құрылым «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ. Оның кейбір еншілес кәсіпорындарындағы түйткілді тұстарға тоқталмай кете алмаймыз. Мәселен, «СНПС-Ақтөбе көлік компаниясы» ЖШС негізінен шет­елдік өндіріс жетекшілерінің бас­қаруына берілген буындарда қазақ­стандық мазмұн мен сұранысқа қатысты назар аударатын проблемалар бар. Аталған кәсіпорында 3, 4-санаттағы маман-жұмысшыларды шетелден алу үрдісі тыйылар емес. Сол себепті жергілікті атқарушы билік­тің компания өкілдеріне өңір­дегі кадрларға басымдық беру туралы талап қоюы заңдылық. «СНПС –Ақ­төбе көлік компаниясымен» кез­десуі кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев:

– Егер Қазақстанда жоқ білік­ті­лігі жоғары маман-кадрлар шетел­­дік­­тердің басқаруына беріл­ген кә­сіп­­орындарда қызметке қабыл­дан­са, бұған келісуге болар. Ал 3, 4-са­нат­­тағы жұмысшыларды сырттан әкелуге мүлдем болмайды. Мұн­дай тәжірибені тоқтату қажет. Бұл са­наттағы мамандар өзімізде де жет­кілікті, – деген өңір басшысы мәсе­лені төтесінен қойды. 

Мұнай кеніштеріне сервистік қызмет көрсетумен шұғылданатын «Ұлы қабырға» қазақ-қытай бұрғылау компаниясында да осыған ұқсас көріністер орын алып отыр. Мұнда шетелдік мамандар мен жергілікті жұмысшылар еңбекақысының арасында әжептәуір айырмашылық бар екен. Оның бір себебін аталған компания басшылығы шығынмен жұмыс істеп келеміз деген желеумен түсіндіргісі келеді. Шынтуайтында жағдай басқаша. 2017 жылмен салыс­тырғанда 2018 жылы компанияның жұмыс көлемі екі есеге жуық ұлғай­ған. Дәл осындай негізсіз себеп-сыл­таулар­ды алға тарта отырып, соңғы екі жыл ішінде «Ұлы қабырға» бас­шы­лығы 91 жергілікті маманды қыс­қартып, есесіне шетелдік 13 маманды шақыртуға квота сұраған. Тағы бір таңғаларлығы, бұл мамандар тіке­лей өндіріс орындарына емес, компа­ния­ның әкімшілік басқару-кеңсесіне қажет болған. 

Тағы бір келеңсіз жайт – шетел­дік­тер­дің басқаруына берілген бірқатар жер­гі­лікті ірі компаниялардағы кәсіп­одақ ұйымдары шынайы әрі айқын ақпарат бере бермейтіні. Бұл облыс басшысының тапсырмасына сәй­кес кәсіподақтардың аумақтық бөлім­шесі жүргізген тексерулер кезін­де анықталыпты. Осындай дерек «Ұлы қабырғада» да орын алыпты. Өткен 2018 жылғы ұжымдық шарттың қалай орындалғаны туралы есептік жиын кезінде аталған ком­пания басшылары еңбекақыны көтеру­дің нақты мерзімін дәл айт­пады. Мұны «Ұлы қабырға» ҚҚБК бас директорының орынбасары Ся Чжиминь қазір мұ­най­дың әлем­дік бағасы төмен екені­мен ақ­тап ал­ғысы келетіндей. Алайда бұл ком­­панияның басты қыз­меті ті­ке­­лей мұ­най бұрғылауға емес, сер­вис­­тік қызметке байланысты еке­ні бел­­­­гілі. Оның үстіне ол «СНПС-Ақ­төбе мұнай газ» АҚ өзінің енші­лес кә­­сіп­­­орын­дарына салатын инвести­ция­лық қаражаттың көлемін де жыл сайын өсіріп келе жатқанын ескермей отыр. Бұл қаржының мөлшері 2017 жылы 90 миллиард теңге болса, 2018 жылы 100 миллиард теңгені құраған. Сондықтан да бұл арада басты мәселе мұнай бағасымен байланысты емес деуге негіз бар. 
Сөз соңында бүгінгі әңгімеміздің бас­ты арқауына айналған кәсіпорын­дар қазақстандық үлесті көтеруге айтарлықтай серпін бере алмай жат­қанын айтуға тиіспіз. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ