Көліктік медицинаның дамуы
Жұма, 19 қазан 2012 8:05
Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасында көліктік медицинаны дамытудың кешенді шаралары белгіленген. Бұл шаралар әрбір қазақстандықтың сапалы медициналық көмекке барынша қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейді. Бұл саланы қарқынды дамыту мемлекеттің өз азаматтарына деген қамқорлығын айқын паш етеді.
Бүгінде республикамыздың көліктік медицинасының құрамында жылжымалы медициналық кешендер (ЖМК), «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» сияқты емдеу-диагностикалық пойыздары, санитарлық авиация және трассалық медициналық-құтқару пункттері (ТМҚП) жұмыс істейді.
Ауыл тұрғындарына қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді 49 ЖМК іс жүзіне асырады. Осы жылжымалы медициналық кешендер үстіміздегі жылдың 9 айы ішінде 530 мың адамды дәрігерлік тексерістен өткізді. 1 миллионнан астам лабораториялық-диагностикалық зерттеулер, 460 мың кәсіби мамандардың кеңестері жүргізілді.
2012 жылдың 9 айы ішінде 3 емдеу-диагностикалық пойыздары республикамыздың барлық облыстарындағы 206 стансаның тұрғындарын медициналық тексерістен өткізді. Атап айтқанда, 41 194 тұрғын, оның ішінде 15 796 бала жан-жақты дәрігерлік тексерістерден өтті. 199 711 диагностикалық ем рәсімдері (оның ішінде 44 815 УДЗ-зерттеулер, 13 067 ЭЭГ, 18 036 ЭКГ, 3 524 ЭФГДС, 12 207 ренгенологиялық зерттеулер және 94 695 клиникалық-биохимиялық сараптамалар) атқарылды.
Санитарлық авиация бойынша республикалық үйлестіру орталығы 2012 жылдың 9 айы ішінде 682 ұшу сапарларын орындады. 906 адамға көмек көрсетілді, оның ішінде 552 сырқат Астана және Алматы қалаларындағы республикалық клиникаларға, сонымен бірге, облыс орталықтарына жеткізілді. 289 сырқатқа республикалық және облыстық дәрежедегі мамандар кеңес берді, 66 адамға ота жасалды.
2011 жылдың 20 желтоқсанынан бастап Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының трассаларында болған жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге жедел медициналық құтқару көмектерін көрсету мақсатында 6 ТМҚП жұмыс істеуде. 2012 жылдың 9 айы ішінде ТМҚП бригадалары 311 рет жол-көлік оқиғалары орын алған жерлерге аттанды. Осы сапарлар барысында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 666 азаматқа, оның ішінде 33 балаға жедел медициналық көмек көрсетілді. 289 адам, оның ішінде 26 бала ауруханаларға шұғыл жеткізілді.
Материалды Қоғамдық келісім және әлеуметтік жаңғырту саласындағы сарапшылық кеңес ұсынды