18 Қазан, 2012

Бір халықпыз, бір бауырмыз

493 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бір халықпыз, бір бауырмыз

Бейсенбі, 18 қазан 2012 7:47

Осы жылдың 25 сәуірінде «Еге­мен Қазақстан» газеті менің бір беттік мақаламды жариялады. Мен сол толғанысымды «Ырыс­тың ордасын ынтымағымыз қол­дасын» деп атаған едім. Мұндағы «Ырыстың ордасы» деп отыр­ға­ным, әлбетте, қасиетті қазақ жері, кең байтақ Қазақстанымыз.

 

Бейсенбі, 18 қазан 2012 7:47

Осы жылдың 25 сәуірінде «Еге­мен Қазақстан» газеті менің бір беттік мақаламды жариялады. Мен сол толғанысымды «Ырыс­тың ордасын ынтымағымыз қол­дасын» деп атаған едім. Мұндағы «Ырыстың ордасы» деп отыр­ға­ным, әлбетте, қасиетті қазақ жері, кең байтақ Қазақстанымыз.

Ол бүгінде ырыстың ғана емес, бақыт пен шаттықтың, та­ту­лық пен достықтың да берекелі һәм мерекелі ордасына айналып отырғандығы әмбеге аян. Шын мә­нінде де тәуелсіздік жыл­да­рында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында ортақ үйімізді – біздің Қазақстанымызды осы арадан өз жерұйығын тапқан, таңдайына тағдыр талқанының тәтті дәмін татырған Ынтымақтың қолдап отырғаны да анық.

1937 жылы Армениядан осын­да жер аударылған армян отба­сы­ларының, олардың келешек өмір­ге келген ұрпақтарының маң­дайы­ның бағы бар екен. Себебі, біздер қиын шақта мейірімді де бауырмал қазақ халқының ор­та­сына түстік. Олар бізді жаурасақ – жылытты, қарнымызды ашыр­мады, барымен бөлісті, мейірім шуағын аямады. Сөйтіп, ежелгі қазақ жері біздің де өз үйімізге, бауыр басқан Отанымызға ай­нал­ды. Өз басым көптеген атақ-абы­ройға, табысқа жеткенімді жасыр­маймын. Елбасының өзі мені до­сым деп санайды. Соның бар­лы­ғы қазақ халқының арқасы, қазақ жерінің шапағаты деп айтар едім. Олай болса, мен қазір де, бо­ла­шақта да ең алдымен Қазақстанға қызмет етемін.

Біздің әулет қазақтың елі мен жеріне тамыр тартып, қосылып кетті. Мен сияқты қазы-қартаны кертіп жеп, қымызды сапырып ішіп, жаны қазақ болып кеткен армяндар көптеп саналады. Өзім қазақ жерінде туғандықтан да Қа­зақстанды барлық жан-тәніммен шынайы түрде туған Отаным деп есептеймін. Балаларыма да осы­ны өсиет етудемін. Өйткені, қазақ халқы – нағыз сабырлы, сали­қа­лы, аңқылдаған адал халық. Қа­зақтардың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, Наурыз сияқты ырыс-береке мен тазалықты ту еткен жайсан мерекелерін құрметтей­мін. Өткендегі 30 күн оразасы, Ораза айты кезінде де қазақ бау­ырларымызбен тілектес әрі ниеттес болдық.

Ислам Қазақстан халқының басым бөлігі ұстанған хақ дін болғандықтан, еліміздегі барша мұсылман қауымын алда келе жатқан Құрбан айт мейрамымен құттықтағым келеді. Біз – бір халықпыз, бір бауырмыз. Тағ­ды­рымыз ортақ. Қай-қайсымыздың да діліміз де, дініміз де ізгілікке негізделген, жарқын болашақты көксейді. Сол болашаққа бір халық, бір бауыр болып қадам баса беруден жазбайық.

 Артуш КАРАПЕТЯН,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары,

«Наири» армян мәдени бірлестіктері ассоциациясының төрағасы,

«Виньяк» ЖШС директоры.

АЛМАТЫ.