Бұл басқосуға Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Ким, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Талғат Донақов, Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рүстам Жүрсінов, адвокаттар мен нотариустердің республикалық бірлестіктерінің бірінші басшылары Қадыржан Баймұханова мен Әсел Жанәбілова қатысты.
Ж.Асанов кеңесті аша келе, 2018 жылы сот жүйесін жақсарту жұмысының негізгі қорытындысын қысқаша айтып өтті.
– Жоғарғы сот өткен жылы «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасын жариялады. Бұл – Ұлт жоспары шеңберіндегі соттарды одан әрі жаңғыртудың практикалық құралы. Жеті басым бағыт бойынша жұмыстың нақты мазмұны тұрғындардың сотқа сұранысы негізінде әзірленді, – деді Жоғарғы сот төрағасы.
Кеңесте алғаш болып сөз сөйлеген Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин азаматтардың бұзылған құқықтарын сот арқылы қалпына келтіру жүйесін дамытуға айрықша назар аударылғанын айта келе, 2017 жылмен салыстырғанда прокурор қатысқан істер бойынша ақтау үкімдерінің 2,3 есеге (100-ден 226-ға дейін) артқанын атап өтті. Өткен жылы кассация жеке айыптауларды қоспағанда, 51 адамды ақтаған. Олардың арасында есірткіге қатысты қылмыстарды сотқа дейінгі тергеу барысында процестік нормалардың бұзылуы, қызмет бабында жалған құжат жасау, лауазымды өкілеттіктерді асыра пайдалану, пара алу, ұрлық, алаяқтыққа қатысты істердің үлесі басым болған.
Сонымен қатар былтыр сотталған барлық 7610 адамның 23,9 пайызы бас бостандығынан айырылған. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 28 пайызды (9405) құраған.
Алқа төрағасының айтуына қарағанда, соттар бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды жиі қолдана бастаған. Олардың арасында айыппұл (24%), қоғамдық жұмыс (5,6%), бас бостандығын шектеу (1,2%) секілді жазалардың үлесі артқан. Оған қоса, мүлікті тәркілеу 8 есеге азайған.
Ал Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров кассацияда қайта қаралған апелляция актілерінің жартысына жуығының күші жойылып, өзгертілгеніне айрықша тоқталып өтті. Оның пікірінше, істердің 30 пайызын жаңадан қарау үшін кері қайтару процесті созбалаңға салып қана қоймай, дауласушы тараптар арасындағы жанжалды ушықтыра түседі. Олар материалдық қиындықтар мен істі сотта қарау бойынша мемлекеттік баж салығын төлеп, шығынға ұшырайды.
Өз кезегінде, Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева өткен жылы инвесторлардың 10 миллиардтан астам теңгеге қатысты құқықтары қорғалғанын айтты. Сотқа келіп түскен өтініштердің басым бөлігі мемлекеттік органдардың салық, кеден, экология және жер қойнауын пайдалануға қатысты даулар бойынша шешімдері мен әрекеттері ушықтырған дауларға байланысты екен.
Бұдан әрі сөз алған Ж.Асанов алдағы жоспарларымен де бөлісе келе, биыл сот төрелігінің сапасына мониторинг жүргізілетіндігін, бірінші және апелляциялық сатылардағы әрбір судья өздері шығарған сот шешімдері үшін дербес жауап беруі тиіс екендігін ерекше атап өтті.
– Заманауи электронды технологиялар әрбір сот актісіне Жоғарғы соттың қол жеткізуіне мүмкіндік береді, – деді Ж.Асанов.
Төраға судьяларды сот төрелігін халық үшін барынша түсінікті етуге барлық күш-жігері мен білімін жұмсауға шақырды. Оның айтуынша, тек осы жағдайда ғана соттар заң үстемдігі мен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету бойынша тікелей функцияларын іске асыра алады.