Аймақтар • 06 Ақпан, 2019

Түркістанда бағдарлама аясында шыққан кітаптар оқырманға жол тартты

529 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шығарылған 10 кітаптың таныстырылымы өтті.

Түркістанда бағдарлама аясында шыққан кітаптар оқырманға жол тартты

Облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрген кітаптардың авторлары – елге белгілі қаламгерлер. Атап айтсақ, Мархабат Байғұттың «Аршакие», Ханбибі Есенқарқызының «Жібек», Нармахан Бегалыұлының «Жаз-жалбыз», Иса Омардың «Адамдық қағидасы», Момбек Әбдіәкімұлының «Зобалаң», Есқара Тоқтасынұлының «Беласқан», Захардин Қыстаубайдың «Жүректің сөзі», Нұрғали Қыдырбаевтың «Шығыстың Сұлтанбегі», Сәрсенбек Сахаббаттың «Қырғауыл қонған жидетал» сынды кітаптары оқырманға жол тартты. Сонымен бірге өңірдегі жас ақындардың шығармалары «Түркістан түлектері» деген кітапқа топтастырылған.

Елге есімі мәлім жазушылар мен ақындар қатысқан кітаптардың тұсаукесерінде облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев құттықтау сөз сөйлеп, қаламгерлердің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті. «Ақын-жазушылар, қолына қалам ұстаған тұлғалар – қашан да ұлттық құндылықтардың насихаттаушылары әрі қоғамның тірегі. Қазір Түркістан облысы тарихи кезеңді бастан өткеруде. Міне, осы тарихи кезеңде қаламгерлер қауымының облыстың дамуына қосатын үлесі орасан зор. Бүгін облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының тікелей қолдауымен жарық көрген 10 кітап оқырманға жол тартқалы тұр», - деді Мәлік Отарбаев. Сондай-ақ ол облыс әкімдігі тарапынан руханиятқа, әдебиетке қолдау көрсету жалғасатынын айта келе, қаламгерлерді бірге жұмыс істеп, Түркістанды түлетуге үлес қосуға шақырды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы