Үкімет • 06 Ақпан, 2019

13 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді - Ж.Қасымбек

534 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек тұрғын үй құрылысын дамыту туралы айтып, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың негізгі нәтижелерін атады.  Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады. 

13 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді - Ж.Қасымбек

Ж. Қасымбек 2018 жылы құрылыс саласы тұрақты өсім қарқынын көрсеткенін және 2017 жылдағы деңгейге қарағанда — 4,1%, еңбек өнімділігінің өсімі — 9%-ды құрағанын айтты. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар шамамен 8%-ға артты.

«Айта кетерлігі, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік қаражаттың 1 теңгесіне 6-7 теңге жеке инвестициялар тартылған. Рекордтық 12,5 млн м² жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2017 жылғы деңгейден 12%-ға жоғары. 2018 жылы бір тұрғынға тұрғын үйді пайдалануға беру 0,68 м² құрады. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Салыстырып қарайтын болсақ, Ресейде – 0,54 м², Беларусьте – 0,40 м², Өзбекстанда – 0,36 м² құрайды. Тұрғын үй құрылысының қарқынын ұлғайтып жатырмыз», — деді Ж. Қасымбек.

Оның айтуынша, 113 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты, соның ішінде 14 мыңнан астам отбасы мемлекеттік қаражат есебінен арендалық және несиелік баспанамен қамтамасыз етілді. Барлық өңірлерде тұрғын үйді пайдалануға беруде оң қарқын байқалады.

Бұған қоса, «7–20–25» бағдарламасын сәтті жүзеге асыру мақсатында инженерлік коммуникациялар құрылысына 100 млрд теңгеге дейін қаржыландыру ұлғайтылды. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жыл сайын кемінде 1 мың арендалық пәтер салу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін қаржыландыру тетіктері мен көздері анықталды.

«Жалпы, 2019 жылы 13 млн м² жаңа тұрғын үйлер салуды жоспарлап отырмыз. Соның арқасында 118 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Негізгі міндет – 2030 жылға дейін бір адам басына мақсатты көрсеткішті 30 м² жеткізу. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 21,5 м² құрайды», — деді министр.

Сонымен қатар, Ж. Қасымбек отандық құрылыс материалдарын қолдану мәселесі ерекше бақылауға алынғанын атап өтті.

«Егер бүгінде тұрғын үй құрылысында шамамен 86% қазақстандық өнім болса, 3 жыл ішінде бұл көрсеткішті 90%-ға дейін көтере аламыз деп есептейміз. Бұл құрылыс материалдары өндірісін ынталандырады және жалпы құрылыс саласына қосымша серпін береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша құрылыстағы қазақстандық қамту үлесі 2017 жылғы деңгейден 5%-ға артып, 77% құрады, оның ішінде тұрғын үй құрылысында – 86%», — деді Ж. Қасымбек.