Үкімет • 06 Ақпан, 2019

Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға 500 млрд теңге бөлу тапсырылды - Ж.Қасымбек

550 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстанда «қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға 500 млрд теңге бөлу тапсырылды - Ж.Қасымбек

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу туралы тапсырма берді. Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды. Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 млрд теңге бөлу тапсырылды.

«Біз жетекшілік ететін облыстар бойынша қазақстандықтар күнделікті пайдаланатын осындай 250 тауар атауын анықтадық, олардың импорты бүгінде 80%-дан асады. Алдағы үш жылда аталған тауарлар бойынша импорт үлесін 50%-ға дейін қысқартуды көздеп отырмыз», — деді Ж. Қасымбек.

Әсіресе жеңіл өнеркәсіптің дамуы ынталандырылады, бұл: мата шығару, киім мен аяқ-киім тігу, тыңайтқыштар, лак және бояу өнімдері, терезелер мен есіктер, жиһаз шығару және т.б.

Сонымен қатар, Ж. Қасымбек баспасөз конференциясы аясында геология және жер қойнауын пайдалану салаларын дамыту туралы сөз қозғады. 2018 жылғы шілдеден бастап Жер қойнауы туралы жаңа кодекс күшіне енді, бұл кодекс жер қойнауын пайдалану саласындағы әкімшілік рәсімдерді жеңілдетіп, осылайша геологиялық барлау саласына тартылатын инвестициялар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде Қазақстан Фрейзер институтының жер қойнауын пайдаланудың инвестициялық тартымдылығы рейтингінде өз позициясын 49 тармаққа жақсартып, 24 орынға тұрақтады.