Қазақстан • 06 Ақпан, 2019

Астанада аяздың күшеюіне байланысты кейбір автотұрақтар тегін болады

497 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Нұржол» желекжолында, ескі вокзалда, әуежайда көлік тұрағы уақытша тегін болады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Астанада аяздың күшеюіне байланысты кейбір автотұрақтар тегін болады

«Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-нен мәлімдегендей, «Нұржол» желекжолындағы көлік тұрағын пайдалану уақытша тегін болады. 

«Құрметті Астана тұрғындары мен қонақтары, сіздерге қазіргі ауа райының қолайсыз кезеңінде, яғни осы жылдың 6-7 ақпанында «Нұржол» желекжолындағы көлік тұрағын пайдаланғаныңыз үшін ақы төлемейтініңізді хабарлаймыз», – делінген компанияның хабарламасында.

Оған дейін, Smart Astana қосымшасында ескі теміржол вокзалы мен әуежайда да авто тұрақты пайдалану тегін екендігі хабарланған болатын.

«Ауа райының қолайсыздығына байланысты ескі теміржол вокзалы мен әуежай маңындағы көлік тұрақтары тегін жұмыс істейді, яғни шлагбаум көтеріліп тұрады. Кіру және шығу тегін», – делінген таратылған хабарламада.