Кемтарлар кемдік көрмеуі керек
Сенбі, 29 қыркүйек 2012 8:23
«Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ширек ғасырдан астам уақыт ыстығына күйіп, суығына тоңып жетекшілік етіп келе жатқан білікті де тәжірибелі басшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тезекбай Исай Қарттар мен мүгедектер күні мерекесіне орай ескеріп келетін тілшілер қауымына ризашылығын білдіре келе, қоғам мүгедектерінің бүгінгі мұң-мұқтажын баяндады. Әңгімесінің әлқиссасын ақсақал мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл мүлдем аз бөлінетінінен бастады.
Сенбі, 29 қыркүйек 2012 8:23
«Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ширек ғасырдан астам уақыт ыстығына күйіп, суығына тоңып жетекшілік етіп келе жатқан білікті де тәжірибелі басшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тезекбай Исай Қарттар мен мүгедектер күні мерекесіне орай ескеріп келетін тілшілер қауымына ризашылығын білдіре келе, қоғам мүгедектерінің бүгінгі мұң-мұқтажын баяндады. Әңгімесінің әлқиссасын ақсақал мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл мүлдем аз бөлінетінінен бастады.
– Бұрындары біздің табысымыз расында мол болатын. Оларды жұмыспен қамтуда да онша қиындықтар кездесе бермейтін. Сол табыстың арқасында біз оларға пәтер алып беретінбіз. Осы уақытқа дейін 2400 пәтер алып беріппіз. Кейін еліміз нарыққа қадам басқанда жағдайымыз күрт төмендеп, қаржымыз пәтер алуға жетпей қалды. Біздің мүгедектер үшінші топтағы мүгедектер санатынан. Оларға пәтерге кезекке тұруға немесе үй салу үшін жер алуға да Үкімет тарапынан ешқандай жеңілдіктер жоқ, ал, бірінші, екінші топтағы мүгедектерге бар. Бұл ретте біз Үкіметке біріншіден, тілінің кемістігі бар, екіншіден, құлағы естімейтін бұл жандарға екінші топтағы мүгедектік берілсе деп бірнеше рет сауал қойдық, нәтиже жоқ, дейді ол. Ал оларды жұмыспен қамту мәселесіндегі қиындықтар жайын да қоғам басшысы аса қиналыспен жеткізді.
Жалпы, елімізде осындай кемістігі бар адамдар 94 мың болса, 24 мыңы қоғам тіркеуінде екен. Ал он бес мыңнан астамы қоғамның мүшесі болып отыр.
Қазіргі күнде республика бойынша 800-дей адамымыз жұмысқа орналаса алмай жүр. Олардың біразы ауылдық жерлерде тұрады. Бұлардың ішінде арнайы мамандық алғаны да, алмағаны да бар. Елімізде естімейтін және шала еститіндерге арналған 29 мектеп-интернат бар. Оларда бұрын мамандықтар беретін. Қазір бұл үрдіс жоқ. Сондықтан біз оларды мектептен шыққаннан кейін шақырып, оқытамыз. Талабы барын жұмысқа қалдырамыз. Кейбіреуі әрі қарай оқуымды дамытамын деп колледждерге барады. Былай қарағанда, бұл мемлекеттік проблема. Елбасымыз «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында мүгедектерге жәрдем беру жөнінде тамаша айтты емес пе?, деді әңгіме барысында Т.Исай. Сондай-ақ ол көрші мемлекеттердегі мүгедектер жайын да назардан тыс қалдырмады.
Ресей, Украина, Беларусьта парламентте мүгедектерден депутаттар бар. Солар мүгедектердің жағдайын жеткізіп отырады. Сонымен бірге, Үкіметте мүгедектердің жағдайын қарайтын комиссия бар. Мұның барлығы да, сайып келгенде, оларда мүгедектер мәселелерін шешуде қиындықтар жоқтың қасында екенін көрсетеді. Бұл мемлекеттердің мүгедектерге деген адамгершілігі мен мейірімі ерекше, дейді қоғам басшысы. Ақсақалдың сөзінен ұққанымыз – саңырау мүгедектерге деген Үкіметтің қолдауы аса қажет.
Биыл Қазақ саңыраулар қоғамының құрылғанына 75 жыл толды. Бұл атаулы мереке елордада республикалық деңгейде салтанатты түрде аталып өтілді. Сол жиынға барған біздің ойымызды олардың бүгінгі тіршіліктері қатты толғандырған-ды. Әуелі олар жасаған бұйымдардан өткізілген көрмедегі көздің жауын алар тұрмыстық заттар мен арнайы киімдерді қарап, олардың күлімсіреген жылы жүздерінен өмірге деген құлшынысты аңғарғанбыз. Бұл жасалған бұйымдар әлемді қолымен әрлеуге талпынған саңырау мүгедектердің көз майы мен шеберліктерін сарқуының көрінісіндей болған. Таңдана, тамсана қарағанбыз сонда. Мұның барлығы еліміздегі саңырауларға арналған 18 оқу-өндірістік орталығында жасалған дүниелер екенін айтқан ләзім. Үкіметке масыл бола бермеуді басты назарда ұстаған жандарға алғыстан басқа айтар жоқ, әрине. Ал олардың (оқу-өндірістік мекемелердің) шекесі шылқып тұрмағаны да белгілі. Орта есеппен алғанда елуден аса адамдар жұмыс атқаратын мекемедегі қиыншылықтар да жетіп артылады екен. Қоғам президентінің айтуына қарағанда, тендерге қатысқанда төмен бағаны ұсынған мекеме жеңіске жетсе, бұлар да амалсыздан одан да төмен ұсынуға мәжбүр болады. Бұлар жұмысшылардың тек айлық жалақысын жабуы деген қанағат сезіміне тәуелді. Сөйтіп, жоғарыда аталғандарды пәтермен қамтамасыз ету іс өзінен өзі ысырылып қала береді. Алайда бұлар өндірген өнімдер сапасы жағынан түрлі халықаралық байқауларда топ жарып, арнайы дипломдармен де марапатталуда. Әрине, бұл олардың өз кәсібіне деген адалдығы мен еңбекқорлығының жемісі екені даусыз.
Сондай-ақ қоғам саңырауларды еңбекке ұйымдастырып, жұмыспен қамтумен қатар, олардың арасында өнер сайыстарын да ұйымдастыруды қолға алған. Соның ішінде өнердің би, клоунада және ыммен өлең айту түрлерінен республикалық байқаулар өткізіледі. А.Никулин, Н.Қаратаева, Ә.Меңдібаев сынды өнерпаздар халықаралық байқауларға да қатысып, жүлделі орындар алып келіпті. Өз араларында оларды ынталан-дыру мақсатымен құрметті атақ та тағайындалған. Бүгінге дейін 40-тан астам өнерпаз «Қазақ саңыраулар қоғамының еңбек сіңірген әртісі» деген атаққа ие болған. Рухани өмір мен денсаулық сақтаудың бір парасы спорт болса, саңыраулар қоғамы бұл істен де шет қалмай келеді. Бүгінге дейін олардың арасынан 3 еңбек сіңірген спорт шебері, 30 спорт шебері, 16 спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындаған азаматтар шықса, олар негізінен үстел теннисі, шахмат, жеңіл атлетика түрлері бойынша осы атақтарға қол жеткізген. Қоғам Т.Төлеуішов, А.Уткина, В.Верещагин, ағайынды Құсайыновтар секілді суретшілерімен де мақтана алады. Олардың қылқалам туындылары еліміздегі ғана емес, халықаралық көрмелерге де қатысып, байқауларда жүлделі орындар алса, аталған суретшілердің бәрі де Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері.
– Қоғамның көптеген мүшелері талмай талаптануының арқасында экономист, заңгер мамандықтарын да алған, сондай-ақ қызмет көрсету саласында технолог, шаштараз сияқты кәсіптерді меңгерген. Бүгінгі таңда қоғам мүшесі болып табылатын 355 мүгедек жоо және орта арнаулы оқу орындарында мамандық алу үшін оқып жүр. Әрине, сау адамдардың өзі мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмай жатқанда, мүгедек жандардың жұмысқа орналасуы оңай емес екені де көңілге мұң ұялатады, дейді Тезекбай Ділдәбекұлы.
Иә, мүгедектің мұңы қашан таусылған. Оларға қолдау мен демеу көрсету қашанда кезек күттірмейтін мәселе. Олар қоғамда сау адамдар секілді, ешнәрседен кемдік көрмей алдағы күннен тек мол үміт күтеді. Сол үшін де барын сала жұмыстар жасаудан әсте жалықпақ емес.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.