07 Ақпан, 2019

Легионерлер жаңа леп әкеле ме?

577 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алдағы уақытта Кенияның төрт жеңіл атлеті Қазақстанның ұлттық құрама командасы сапында өнер көрсетеді.  Бұл жаңалықты жанкүйерлердің дені жылы қабылдады. Себебі, спорттың бұл түрі біздің елде ақсап тұрғаны жасырын емес. Бүгінгі таңда Ольга Рыпаковадан басқа бірде-бір жерлесіміз әлемдік деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріле алмай жүр.   

Легионерлер жаңа леп әкеле ме?

Тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бері Қазақстанның өрендері Олимпиадада бес жүлде алды. Оның үшеуін үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова (2008 жылы – күміс, 2012 жылы – алтын, 2016 жылы – қола) олжаласа, желаяқ Ольга Шишигина (2000 жылы – алтын) мен онсайысшы Дмитрий Карпов (2004 жылы – қола) бір-бір реттен мықтылар са­натына қосылды. Әлем чемпионатында сегіз рет жеңіс тұғырына кө­терілдік. Атап айтсақ, 1993 жылы Штут­гарттағы сырықпен секіру сайы­сында Григорий Егоров күміс ме­дальді еншіледі. 1995 жылы Гете­боргта 100 метрге кедергілер арқылы жүгірген Ольга Шишигина күміс алса, 2001 жылы Эдмонтонда ол қолаға қол созды. 2003 және 2007 жылдары Сен-Дени мен Осакадағы онсайысшылардың сайысында Дмит­рий Карпов үшінші тұғырға табан тіреді. Үш қарғып секіруші Ольга Ры­пакова 2011 жылы Тэгуде екінші сатыға табан тіресе, 2015 және 2017 жылдары Бейжің мен Лондонда жалауы желбіреген жарыстарды үшінші орынмен қорытындылады. Ал егер жеңіл атлеттер сайысында Олимпия ойындарында 47 және әлем чемпио­наттарында 48 жүлде жиынтығы сарапқа салынатынын ескерсек, жоғарыдағы көрсеткішке «көңіліміз толды» деп айту қиын. 

Оның үстіне, қазіргі кезде Оль­га Рыпаковадан басқа «спорт пади­ша­сының» өкілдері әлемдік деңгейдегі додаларда даралана алмай жүр. Және де Шығыс Қазақстан облысының өкілі биылғы жылдың күзінде 35 жасқа толады. Яғни, Ольганы ардагер спортшылар санатына жатқызсақ, еш әбестігі жоқ. Ал өзге жерлестеріміз құрлықтық жарыстарда жүлде алумен ғана шектелуде. 

Әрине, осы олқылықтың орнын тол­тыру оңай шаруа емес. Ең өкініш­тісі, өз өрендеріміздің арасында бә­секелестік төмен. Білікті маман­дардың тапшылығы, елішілік жарыс­тардың аздығы, дарынды спорт­шылардың кемдігі осы спорт түрінің өркендеуіне кері әсерін тигізуде. Сол себепті де жеңіл атлетика өнер­інде жеңіспен өрілген бай дәстүрі бар Кенияның көмегіне жүгінуге мәж­бүрміз. Жуырда ғана Өскеменде өт­кен ел чемпионатында сол елден кел­ген өрендердің мықтылығына тәнті болдық. Мәселен, ерлер сайысын­да 19 жастағы Шедрак Коэч 3 000 метр­ге жүгіруде алдына жан салмады. Дәл сол қашықтықтағы әйелдер бәсеке­сінде 24 жастағы Каролин Кипки­руи алтыннан алқа тағынса, 22 жастағы Дэйзи Джепкемей мен 23 жастағы Нора Джирута күміс пен қола медальды мойындарына ілді. Осы орайда Каролин Кипкируидің әлемдегі екінші үздік нәтиже көр­сет­кенін айта кеткен абзал. Оның көр­сет­кіші – 9:04.32. Сонымен қатар бап­кер Кенет Ротич те Қазақстанда еңбек етуде.  

Кения спортшыларының әлемдік қауымдастық алдында да зор беде­лі бар екені еш күмән туғызбаса керек. Олар Олимпия ойындарына 14 мәр­те қатысып, сол аралықта 31 алтын, 38 кү­міс және 30 қола медальды олжа­ла­ды. Барлығы – 99 жүлде. Бұл – қара құр­лықта орналасқан елдер ара­сын­да­ғы ең үздік көрсеткіш! Және де әлем­­нің көптеген дамыған мемле­кет­­­­те­р­інің өздері де дәл осындай зор та­бы­­сы­мен мақтана алмайтыны анық. 
Бір ғажабы, сол жүлделер спорт­тың екі түрінің өкілдеріне ғана тие­сілі. Оның жетеуі боксшылардың еншісінде. 1968, 1972, 1984 және 1988 жылдары өткен Олимпия ойын­дарында айтулы елдің былғары қол­ғап шеберлері 1 алтын, 1 күміс және 5 қолаға қол жеткізді. Ал қалған жүлденің барлығын жеңіл атлеттер жеңіп алған.

Қазіргі кезде Кения боксы құр­дым­ға кетті. Олардың бойында бұрын­ғыдай қайрат та, қауқар да жоқ. Енді 45 миллион халқы бар сол елдің жан­күйерлері тек жеңіл атлеттер­ге се­нім артуда. Бұл ретте «спорт па­ди­­шасының» өкілдері жеңіспен өріл­ген дәстүрді мақтанарлықтай жал­ғастыруда. 
Олимпия ойындарында Кенияның жеңілі атлеттері барлығы 30 алтын, 37 күміс және 25 қоланы қоржын­ға салды. Сол жүлделердің денін же­лаяқтар олжалады. Әсіресе олар орта және алыс қашықтықта, кедергілер арқылы жүгіруде және марафонда өте мықты. Алысқа бармай-ақ, соң­ғы үш Олимпиаданың өзінде кения­лықтар табысты өнер көрсетті. Мәсе­лен, 2008 жылы Бейжіңде 6 алтын, 6 күміс және 4 қола медальды иеле­ніп, жалпы командалық есепте 13-орынға табан тіресе, 2016 жылы Рио де Жанейрода 6 алтын, 6 күміс және 1 қола жүлдемен 15-сатыға жай­ғасты. Осының барлығы да жеңіл атлет­тердің арқасы. 

Жеңіл атлетикадан әлем чемпио­наты 1983 жылдан бері ұйымдас­ты­рылып келеді. Сол уақыттан бері айтулы жарыстың жалауы 16 мәр­те желбіреді. Финлияндияның аста­насы – Хельсинкиде өткен алғаш­қы жа­рысқа Кения құрамасы қатыс­қан жоқ. Есесіне содан кейінгі жарыс­тардың барлығында қара құрлықтың же­лаяқтары жасындай жарқырап, үнемі үздіктер қатарынан көрінді. 

Айтулы жарыстың нәтижелеріне зер салсақ, кениялықтардың толағай табысына тамсанбау мүмкін емес. Төрткүл дүние командаларының барлығын қоса алғанда жалпы есепте аталмыш мемлекеттің өкілдері төртінші орында нық тұр. Олардың еншісінде 38 алтын, 33 күміс және 29 қола медаль бар. Кенияның алдын тек АҚШ, Ресей (КСРО-ны қоса алғанда) және Германия (ГДР-ды қо­са алғанда) құрамалары орап тұр. Америкалықтар 275 (132 алтын+74 күміс+69 қола) рет жеңіс тұ­ғырына көтерілсе, ресейліктер 226 (68+81+77) медальды еншіледі. Үшінші орындағы немістердің қор­жынында 138 (46+41+51) жүлде бар. Ал үздік алтылықтың қатарына енген Куба мен Эфиопия Кениядан көп қалып келеді. Олардың әрқайсы 18 алтыннан олжалады. 

Әсіресе 2015 жылы Бейжіңде өт­кен әлем чемпионатына Кения құра­масының өнеріне жер-жаһан жан­күйерлері құлшына қол соқты. 16 жүлдеге қол жеткізген олар жалпы ко­мандалық есепте көш бастады. Ал 2017 жылы Лондонда жалауы желбіреген жарыста қара маржандар тек АҚШ-ты алға жіберіп, екінші сатыға тұрақтады. 

Міне, жеңіл атлетикаға басымдық берген Кения спортының қысқаша тарихы осындай. Бүгінгі таңда олар әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең өнер көрсетуде. Жасы­ра­тыны жоқ, жеңіл атлетика саласында «қара маржандардан» көп нәрсе үйренуге болады. Осындай желмен жарысқан желаяқтардың келуі Қазақстанға осы спорт түрінің қарыштап дамуына тың серпіліс әкеледі деген ойдамыз. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ