Руханият • 07 Ақпан, 2019

Мұң (әңгіме)

925 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мұң (әңгіме)

Көңілінде бір мұң бар еді...

Кенет көз ұшынан бұлдырап көрінген көгілдір таулар күлім­сіреп, шатқал-шатқалдағы қара­ғайлар мен шыршалар қол бұлғап, ал одан беріректегі күр­кіреген асау өзеннің арнасынан қоңырсалқын, жанға жайлы леп есіп, ішкі сарайы тазарып, жеңілдеп қалғандай болды.

Беткей-беткейдегі ақ жұ­мырт­қадай киіз үйлердің ма­ңайындағы қазан-ошақ, сарғыш жез самаурын, өреге жайылған сөре-сөре құрт, арша күбі, желі­дегі құлын, өзен бойына ар­қандалған күрең бие – бәрі-бәрі бірегей үндестік тауып, сен аңса­ған тыныш та таза дүние осы емес пе еді деп шақыратындай.

Содан соң әлгі үйлердің қыр желкесіндегі бір түп алма ағашы мен жалы күдірейіп, шұрқырай кісінеп қырға қарай өріп бара жатқан бір үйір жылқы тіпті көз тартып, көңілін елеңдетіп, қиқу салып жүгіре жөнелгісі келді.

Оның бар ғой, оның... таза ауа жұтқысы келді, қымыз ішкісі келді сіміріп.

Қазан-ошақ жақтан шық­қан сүр еттің иісі танауын қытық­тады. Сары самаурынға қарап та, аппақ құртқа қарап та тамсанды. Ыстық-ыстық шай ішіп, талмап-талмап малта сорғысы келді.

Ал желідегі құлын баяғыда-а, осыдан жүз жыл бұрын жоғалт­қан балалық шағын есіне салды. Күркіреп аққан асау өзеннің шетіндегі қойтастарға жабысып, сұп-суық суға бір сүңгіп алғысы келді. Сосын ерні-ерніне тимей, қалтырап-дірілдеп келіп күншуаққа, көкмайсаның үстіне аунап жата кеткісі келді.

Тағы бір сәтте күрең атқа қар­ғып мініп, құйғытып шаба жөнелмекші болып еді...

Кенет ту сыртынан ақырын ғана: «Аласыз ба?» деп үн қат­қан келіншектің даусы ойын бөліп жіберді.

Япыр-ау, жаңа ғана еліктіріп, жан дүниесін сиқырлап алған көркем дүние әп-сәтте кенептегі картинаға айналып кетіпті.

«Оу, мен Арбатта... иә, иә, Алматыдағы Арбатқа қойылған картиналар галереясының алдында тұр екенмін ғой!» деген ой түртіп өтті санасын.

Күн болса, шағырмақ еді. Аппақ қарға шағылысып, жалт-жұлт етіп жатқан-ды. Мезгіл болса, қыс ортасы. Қаладағы әрі-бері ағылған жұрттың ашық алаң­дағы галереяға қайырылып, бір сәт көз тоқтатып қарауға да мұршасы жоқ-ты. 

Ал әлгі картиналарды сатып тұрған орта бойлы, тығын­шықтай келіншек аяз сорып қызарған иегін пальтосының жағасына тығып, бүрісіп, бұйы­ғып тұрып: «Аласыз ба?» деп сұрайды ақырын ғана.

Ол да, ұялған болар сірә, ақырын ғана үн қатып: «Қанша тұрады?» деп сұрады. «Қырық мың теңге, – деді келіншек. – Ус­тупка жасауға болады, ағай...»

Ол түсініксіздеу кейіпте басын шайқады. Бұл оның «ала алмаймын» дегені ме, жоқ әлде, өзі ұмыта бастаған таң-тамаша табиғат аясындағы тіршілікті көріп, таңғалғаны ма, кім білсін, әйтеуір, сол күйі жұмбақ болып қалды...

Нұрғали ОРАЗ,

«Egemen Qazaqstan»