Қазақстан • 07 Ақпан, 2019

Сенат төрағасы жастар арасындағы қылмыс деңгейін атады

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл сайын елімізде жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың 50 %-ға жуығын жастар жасайды. Бұл туралы Жастар жылын өткізу аясындағы мақсаттарға арналған дөңгелек үстелде Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Сенат төрағасы жастар арасындағы қылмыс деңгейін атады

«Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары және танымал қоғамдық қорлардың қызметі арқылы белгілі болып отырған, мектептерде орын алған күш көрсету, қорқыту мен қорлық көрсету әрекеттері кең көлемде қоғамның наразылығын тудырып отыр», деді ол.

Оның айтуынша, ЮНИСЕФ балалар қорының деректері бойынша әлемде 13-15 жас аралығындағы әрбір екінші оқушы, шамамен 150 млн-ға жуық бала мектептерде немесе оған жақын жерлерде өз құрдастары тарапынан қорлық көреді екен.

«Мектептерде орын алып отырған зорлық-зомбылық жағдайлары – бұл барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік екенін мойындау қажет. Бұл мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Осы түйткілдің шығу себептерін анықтап, мектептерді жайлаған қорқыныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану қажет. Бұл мұғалімдердің, ата-аналар мен жастар ұйымдарының, барлық деңгейдегі әкімдердің және тұтас қоғамның алдындағы маңызды міндетке айналуы тиіс», деді Парламент Сенатының төрағасы.