Қазақстан • 07 Ақпан, 2019

Борис Александровтың есімі Даңқ залына енгізілді

385 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

КСРО мен Қазақстанның атақты хоккейшісі, білікті бапкер Борис Александровтың есімі Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (ИИХФ) Даңқ залына енгізілді.

Борис Александровтың есімі Даңқ залына енгізілді

«Хоккей ойнайтын әр елде қаһарман бар. Ал Қазақстан үшін айдындағы жұлдыздардың арасында Борис Александровтың шоқтығы биік. 46 жасында көлік апатынан қаза тапқанына қарамастан, оның ұлттық командаға бапкер ретінде сіңірген еңбегін жоғары бағалаймыз», делінген Халықаралық федерацияның мәлімдемесінде. 

Б.Александров 1955 жылы Өскеменде дүниеге келген. Ол 1970-ші жылдардан бастап жергілікті «Торпедо» клубында тер төкті. Кейіннен ЦСКА клубына ауысты. Жерлесіміз 1976 жылы Инсбрукте өткен қысқы Олимпиада ойындарында КСРО құрамасының алтын медаль иеленуіне зор үлес қосты. 

Қазақстан тәуелсіздік алған соң Б.Александров ел біріншілігінде өнер көрсетті. Ал 1996 жылы бапкерлік қызметке ауысты. Сол кезеңде хоккейден Қазақстан құрамасы көптеген жетістікке етіп, 1998 жылы Жапонияда өткен қысқы Олимпиадаға жолдама алды.

Өкінішке қарай, 2002 жылы Б.Александров көлік апатынан қаза тапты. Қазіргі таңда Өскемендегі спорт кешені хоккейшінің атымен аталады. 

«Ол өмірмен ерте қоштасты. Алайда өз елінде хоккейдің дамуына ерекше үлес қосты деп айта аламыз», делінген IIHF мәлімдемесінде. 

«Даңқ залына» енген хоккейшілерді таныстыру рәсімі 2019 жылғы 26 мамырда Братиславада өтеді. 

Жаңа өзгертулерді қосқанда қазіргі таңда IIHF «Даңқ залында» 224 мүше бар. Айта кету керек, Борис Александром «Даңқ залына» енген тұңғыш қазақстандық.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»