Тату көрші туыспен тең
Сейсенбі, 18 қыркүйек 2012 8:22
Қазақстан мен Ресей арасында достық көпірі жыл өткен сайын нығайып, кеңейе түсуде. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері тек жақсы жағынан ғана дамып келе жатқан екі ел арасындағы қарым-қатынас түрлі бағытқа қанат жайып, қай салада болмасын ортақ шешімдер өз жемісін беруде. Алыс-берісіміз артып, сауда-экономикалық байланыстар жақсарып келеді.
Сейсенбі, 18 қыркүйек 2012 8:22
Қазақстан мен Ресей арасында достық көпірі жыл өткен сайын нығайып, кеңейе түсуде. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері тек жақсы жағынан ғана дамып келе жатқан екі ел арасындағы қарым-қатынас түрлі бағытқа қанат жайып, қай салада болмасын ортақ шешімдер өз жемісін беруде. Алыс-берісіміз артып, сауда-экономикалық байланыстар жақсарып келеді.
Білім саласында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып, елдердің қуаттылығын арттыра түсетін білікті мамандар даярлауда да озық белестерді бағындыруда. Осы орайда, білім ғана емес, рухани, мәдени байланыстардың ұйытқысы болып жүрген Қазақстан-Ресей университетінің мән-маңызы зор. Бұл пікірімізді Қазақстан-Ресей университетінің атқарушы директоры Әбдіғали ЖАНДЫҒҰЛОВПЕН әңгімеміз де дәлелдей түседі.
– Әбдіғали Режепұлы, биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы достық,әріптестік және өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылғанына 20жыл толып отыр. Әрине, бұл мерейлі жылдың Қазақстан-Ресейуниверситеті үшін де маңызы зор екенін білеміз. Сондай-ақ, алдағыжылы бұл университеттің ашылғанына 15 жыл толғалы отыр екен. Осыуақыттар аралығын бажайлай отырып, екі ел арасындағыбайланыстарды қалай бағалайсыз?
– Ресей – ежелгі «құдай қосқан көршіміз», сондай-ақ бұрын-соңды бір атаның баласындай бір Одақта болған, бір «үйде» өскен елміз. Біз әуел бастан ол елмен тығыз қарым-қатынас орнатуға айрықша басымдық беріп келеміз. Біздің тараптан ғана емес, жалпы Ресейдің жағы да Қазақстанды өзінің басты одақтасы әрі баянды да іскер әріптесі ретінде бағалайды. Бұл орайда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының, одан беріде Кеден одағының, Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуының маңызы зор деп ойлаймын.
Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап, өмірдің барлық салаларындағы мәселелерді, мәдени-гуманитарлық бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға дейін Қазақстан мен Ресей өте тығыз байланыста жұмыс істеуде. Яғни, екі елдің одақтастық қарым-қатынастарының ауқымы кең. Бүгінде екі елдің тату көршілік ынтымақтастығы Еуразия өңірінде тұрақтылық пен қауіпсіздіктің маңызды факторына айналып отыр деуге болады. Осылайша екі елдің сауда-экономикалық байланысын жандандыру екіжақты ынтымақтастықтың маңызды өзегіне айналды.
Иә, биыл екі ел арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы базалық келісімнің жұмыс істегеніне 20 жыл толды. Бұл шарттың негізгі мазмұны көп ғасырлық тарихи байланыстары бар екі тату елдің бір-бірімен байланысын одан әрі жетілдіре түсуіне айрықша ықпал етті. Осы келісімнің негізінде Қазақстан мен Ресей шын мәніндегі жемісті қарым-қатынас жасай білудің үлгісін көрсетті.
– Қазақстан-Ресей университеті де елдер арасындағы осындайдекларациялардың бірі негізінде құрылды емес пе…
– Дұрыс айтасыз, бұл университет 1998 жылы екі ел Президенттері Н.Ә.Назарбаев пен Б.Н.Ельциннің қолдары қойылған, ХХІ ғасырға бағдарланған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы декларацияға сәйкес 1998 жылы құрылды. Декларацияда қазақ-орыс және орыс-қазақ тілді оқу мекемелерінің құрылуы қарастырылған болатын. Ал университеттің жұмыс жасауының мақсаты мен фактісі 2002 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Ресей Федерациясының Білім министрлігі арасындағы келісіммен бекітілді.
– Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын жетілдіре түсуге молмүмкіндігін жасап отырған аймақаралық ынтымақтастық форумыныңбиылғы тақырыбы «Қазақстан мен Ресей кәсіпорындарынинновациялау мен жаңғырту» деп аталып отыр. Бұл дегеніміз – өндірісорындарын заманауи дүниелермен жабдықтап, жаңа технологияныигеруге, ғылымның соңғы жаңалықтарын тәжірибеге енгізугебағыттайтыны белгілі. Осы тұрғыда, әрбір білім ордаларында замансұранысына сай білімді мамандар даярлауға талап туындайтыны сөзсіз.Ал сіздердің университеттеріңіз бұған қаншалықты дайын?
– Университет қазіргі уақытта білім берудің көп деңгейлі моделін жүзеге асырып, еңбек нарығының қажеттілігін есепке ала отырып, бакалавриаттың 15 мамандығы бойынша, магистратурадан 4 мамандық дайындайды. Университетте жоғары білікті мамандар қызмет етеді, штаттық профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми дәрежесі 60 пайызды құрайды.
2003 жылы Астанада салынған әлемдік стандарттарға сай заманауи оқу кешенімен де мақтана аламыз. Оның жаңа корпусының тұсаукесеріне Елбасының өзі қатысып, университеттің бүгінде басты негізге алған қашықтан оқыту технологиясына жоғары баға берді. Бүгінде біз Ресейдің Қазіргі заманғы гуманитарлық академиясымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудеміз. Ал бұл академия ТМД және бірқатар алыс шетелдердің ұлан-ғайыр территориясында 170 мыңнан аса адамның қашықтан оқуын жүзеге асыратын мегауниверситет екені баршаға мәлім. Қазақстан-Ресей университеті инновациялық білім технологиясын енгізетін және оқу үрдісінде осы технологияны қолдануда болашағы бар жаңа типтегі оқу мекемесі ретінде бағаланады.
– Қазақстан-Ресей университеті екі ел арасында білім ғана емес, рухани байланыстардың да «бір шетін ұстап» отырғанын білеміз. Яғни, орыс елін қазаққа таныту ғана емес, керісінше, қазақты шетелге танытуда қыруар жұмыстар атқарып жатқандарыңыздан хабардармыз. Тіпті, университет ішінен Абайтану орталығының ашылуы адамға ерекше әсер береді екен. Саяси-экономикалық жағы өз алдына, жалпы елдердің рухани жақындасуының рөлі қашанда жоғары ғой…
– Екі ел арасындағы рухани-мәдени ынтымақтастыққа қатысты іс-шараларға біздің университет барынша атсалысып тұрады. Ал 2006 жыл Қазақстан мен Ресей президенттерінің шешімімен Қазақстанда Пушкин, Ресейде Абай жылы болып жарияланды. Соның нәтижесінде Мәскеуде Абайға арналып ескерткіш орнатылғаны белгілі.
Біздегі Абайтану орталығы – Астана қаласы бойынша жалғыз Абайтану орталығы. Ол 2010 жылы ашылды. Содан бері бүкіл Абайға сусындаған Астана тұрғындары мен қонақтарына барынша қызмет көрсетіп келеді. Әсіресе, шетелдерден келушілердің ықыласы зор.
Біз – қай елмен болмасын ынтымақтастық пен татулықты алдыңғы орынға қойған елміз. «Біздің мемлекетіміз Шығыспен де, Батыспен де бірлесіп іс-қимыл жасауға әзір. Сонымен қатар, қарым-қатынасты жасай отыра, біз тарихи тамырластық жайлы да ұмытпауымыз қажет, сонымен қатар, қарым-қатынасты құра отырып, біз бізге жай ғана территориясы жағынан ғана жақын емес, туыс болып кеткен елдер туралы да ұмытпауымыз қажет, олардың арасында мен бірінші кезекте Ресейді айтып отырмын. Біздің Ресеймен достығымыз бір ғасырға жуық уақытты алып, бұл жылнамада көптеген жарқын беттердің болғанына тарих та куә болды», деген еді Елбасы бір сөзінде.
Біз – қашанда татулықты ту етіп ұстаған бірліктің бесігіміз. Елдегі қаншама этностың тату өмір сүріп жатқандығы да біздегі рухани жақындастықтың, рухани құндылықтарды бағалаудағы ұқсастықтың, мәдени ой-дүниенің ортақтастығының нәтижесі деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».