Төрт жылда бір өтетін спартакиада сынына Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және еліміздің барлық облыстарынан теннисшілер қатысып, командалық, жекелей және жұптасып, аралас жұптасып өнер көрсету сындарында жүлделерді сарапқа салды.
Турнирге Қарағанды облысынан төрт қыз, төрт ер теннисші қатысты. Басты үміт қыздар арасындағы құрамаға артылған болатын. Олар осы үмітті ақтады да. Құрамында З.Ақашева, Н.Шумилова, М.Харченок және А.Смирнова бар қарағандылық ұжым командалық сында алдына жан салмады. Сондай-ақ, Зәуреш Ақашева мен Наталья Шумилова жұптасып өнер көрсету сынында алтын медаль иегерлері атанды. Жекелей сында З.Ақашева күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, ол Владислав Захаровпен аралас жұптасып өнер көрсету сынында жүлделі екінші орын алды.
Жарыс қорытындысында Қарағанды облысының командасы жалпыкомандалық есепте жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды