Интеграция – екі ел үшін де игілік
Сейсенбі, 18 қыркүйек 2012 8:10
Ежелден іргелес жақын көршіміз–Ресеймен арадағы қарым-қатынас жібі тарихтың ұзын-сонар көшінде үзіліп көрген емес. Сол ұзына бойғы ширатылған керуеннің кей тұсында салынған іздер тым қанық түсіп жатса, бірде оның бедері солғын тартқан тұстары да болған. Қалай дегенмен де, екі арадағы байланыстар қай тарапқа да тиімділік тұрғысынан жүргізілгенде, мүдделестік, әріптестік пен ынтымақтастық тереңдей түскен шақтарда шекараның екі жақ бетіндегі халық оның пайдасын көретіні анық.
Сейсенбі, 18 қыркүйек 2012 8:10
Ежелден іргелес жақын көршіміз–Ресеймен арадағы қарым-қатынас жібі тарихтың ұзын-сонар көшінде үзіліп көрген емес. Сол ұзына бойғы ширатылған керуеннің кей тұсында салынған іздер тым қанық түсіп жатса, бірде оның бедері солғын тартқан тұстары да болған. Қалай дегенмен де, екі арадағы байланыстар қай тарапқа да тиімділік тұрғысынан жүргізілгенде, мүдделестік, әріптестік пен ынтымақтастық тереңдей түскен шақтарда шекараның екі жақ бетіндегі халық оның пайдасын көретіні анық.
Біздің тілшіміз қазіргі Қазақстан-Ресей қатынастары турасында ғылым кандидаттары – саясаттанушы Гүлмира ШЕРИЯЗДАНОВА мен экономист Азамат НҰРСЕЙІТОВКЕ жолығып, бірнеше сауал қойған болатын.
1. Қазақстан-Ресей қатынастарының қазіргі деңгейін қандай дәрежеде деп ойлайсыз?
2. Ресейдің Бүкіләлемдік сауда ұйымына (БСҰ) кіруі біздің еліміздің экономикасына қалай әсер етеді?
3. Шекараға жапсарлас жатқан аймақтар ынтымақтастығының екі елдің экономикасындағы маңызы қандай деп бағамдауға болады?
1. Қазіргі кездегі қарым-қатынастар дегенде, алдымен Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік ойға келеді. Бұл – біздің еліміздің экономикалық саясатына айтарлықтай айқындаушы сипат беретін, қазақ жұртының келешек дамуына күшті әсері бар іс деп білемін. Ел болашағына қатысты үлкен мәселе болғандықтан, бұл одаққа деген түрлі көзқарастардың барлығы белгілі. Бірінші топты мен прагматиктер деп айтар едім. Ол – қазіргідей жаһандану заманында оқшаулану ұстанымын ұстанудың мүлде тиімсіз екенін ұғынғандар. Екінші топ – осы одақтың құрылуынан экономикалық тәуелділік туындап, қоғам дамуының барлық салаларында Ресей ықпалы күшейіп, бара-бара еліміз тәуелсіздігінен айрылып қала ма деп қауіптене қарайтындар.
Қазақта мақал бар емес пе, «Шегірткеден қорыққан егін екпес» деген. Қазір қарап отырсаңыз, жаһандану үдерісінің қаншалықты жойқын күшке айналғанын көруге болады. Тіпті, оны күнделікті тіршілігімізде бастан өткеріп жатқанымызды аңғармайтындай қалыпқа жеттік. Ал енді осындай жер жаһандық сипаттағы үдерісте көштен қалмай, экономикасы дамыған, алдыңғы санаттағы елдердің қатарында болу үшін интеграциялық қадамдардан бойымызды аулақ салу жарамайды. Өйткені, интеграциялану арқасында тұтастай аймақтардың дамуы жүзеге асырылады. Нарықтық әлемдегі бәсекелестікке төтеп беру үшін бізге жақын көршімізбен экономикалық интеграциялану ауадай қажеттілік.
2. БСҰ дегеніміз – алдымен бәсекеге қабілетті елдердің одағы. Оған ену үшін сол елдің бәсекеге шыдас беретін мықты өнімдері болуы тиіс. Біздің көршіміздің амбициясы осы бәсекелестікке жауап бере алады. Сондықтан да олар бізден бұрын осы одаққа мүшелікке өтті. Біз де алдымызға осы мақсатты қойып отырмыз. Менің ойымша, Ресейдің бізден бұрын оған мүше болуы біздің экономикамыз үшін тиімді емес. Алайда, біздің еліміздің БСҰ-ға өтуі соншалықты ұзай қоймас деген ойдамын. «Нарық автоматты түрде дұрыстықты жақтайды» деген сөз бар. Ол не? Ол–кім нарыққа өте икемді, өз пайдасын шығара отыра әбжіл қимылдап, бейімділік таныта алады дегені. Сондықтан, біздің өнім шығарушылар тарапынан осындай қимылдар қажет. Және кейбір отандық өнім шығарушыларға Үкімет тарапынан қолдау да қажет болады деп ойлаймын.
3. Экономикалық әріптестікте мәңгілік дос, мәңгілік қас деген жоқ, керісінше, тиімдірек, пайдалырақ деген ұстанымдар алға шығады. Бұл ретте бір-бірінен шалғайда жатқан аймақтардан гөрі, жапсарлас өңірлердің қарым-қатынастары мейлінше тиімді болмақ. Өйткені, басқаны айтпағанда бір-біріне барыс-келіс, қажет затын тасымалдаудың өзі тиімді. Сондықтан өңірлік интеграцияланудың маңызы өте үлкен.
Егер көзімізге жаһандану, интеграциялану үдерісін жүріп бара жақтан эшелонға теңесек, сол жүріп бара жатқан пойызға дер уақытында қалайда отырып үлгеру маңызды. Өйтпегенде, оған артынан қол бұлғап, уақыт кестесіне үлгермеген, қалып қойған жолаушының кейпіне енуіміз мүмкін. Әрине, жүріп бара жатқан пойызға жанталаса жармаса міну де оңай емес, алайда, қалсаң – қалдың.
* * *
1. Біздің ең ұзақ қашықтықтағы шекарамыз бар, жақын көршімізбен арадағы қарым-қатынасымыз жоғары деңгейде. Қазақстан мен Ресей – бір-біріне стратегиялық әріптес.
Нарықтық әлемде күштілердің ықпалы өктем, салмағы бекем болады. Ал біз күш біріктірсек, осындай әлеуетті иеленеміз. Әлемдік рынокқа көз салсаңыз, аймақтық нарық күшейген сайын, ымыраласқан тіршілік ырғағы орнаған сайын сол аймақта экономикалық өсу, алға басу қарқындап дамитынын көресіз. Экономикалық өсу бар жерде халықтың тұрмысы да, әл-ауқаты да жоғары болатыны, ертеңіне алаңдамайтыны айқын. Бізге керегі де осы емес пе?!
2. Ресейдің Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруі – жылдар бойына жүргізілген келіссөздердің жемісі. Ресей бұл ретте біздің қатынастарымыз бойынша өзінің мойнына алған міндеттемелерін орындайды деп ойлаймын. Және де Қазақстанның БСҰ-ға мүшелікке өтудегі мақсатына қолдау көрсетеді, еліміздің осы ұйымға кіруінде қосымша бір талаптар қоймайды деген сенімдемін. Себебі, біздер қашаннан көршілес жатқан, бір-біріне дос пейілді елдерміз.
Ресейдің Бүкіләлемдік сауда ұйымына өтуімен біздің өнім шығарушылар алдында жаңа міндеттер туындайды. Олар нарық сұранысын бағамдап, өнім шығарудағы шығындарын барынша азайтып, өнім бағасының бәсекеге қабілеттілігін назарда ұстауы аса маңызды. Бұл – қазақстандық бизнестің қазір қаперінде мықтап ұстар қағидаты болуы тиіс. Айтып отырғанымыз, микро деңгейдегі міндет болса, макро деңгейде валюта айырбастауда теңгерімділік қажет. Қазақстан-Ресей сыртқы саудасындағы осы жылдың 6 айындағы көрсеткіштеріне қарайтын болсақ, онда біздегі сыртқы саудада 4 млрд. 464 млн. доллар теріс сальдо аңғарылады. Доллар бағамының беталысы Ресей тауарларының бізге әкелінуіне қолайлы жағдай туғызуда. Осы 6 айдың ішінде Ресей Федерациясының бізге алып келген тауары былтырғы жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 5,8 пайызға ұлғайса, біздің көршілерімізге шығаратын өнімдерміз 5,4 пайызға азайып отыр. Сондықтан бұл Ұлттық банктің назарда ұстайтын мәселесі деп білемін.
Ал түптеп келгендегі бастысы – қазақстандық бизнестің өз шығындарын азайтуға деген ізденістерінің қажеттігі. Ол жолда мүмкіндіктерді жан-жақты қарастырып, қайткен күнде шығындарды азайтуға болады, ол үшін жаңа технологиялар енгізу керек пе, жұмыскерлерді шығынды мейлінше азайтуға ынталандырып, әйтеуір өнім бағасы нарықтық сұранысқа жауап беретіндей етілуі тиіс.
3. Екі мемлекеттің басшыларының бір-бірімен жыл сайын кездесулерінің өтуі бұл тек шекара аймағындағы ынтымақтастыққа ғана емес, жалпы Ресей-Қазақстан қарым-қатынастарына өте жақсы әсерін тигізеді. Ал шекара маңына жақын өңірлердің жиналып форум өткізуі оның дәстүрге, жақсы үнқатысу алаңына айналғанын көрсетеді. Осы арқылы тек экономикада ғана емес, әлеуметтік, гуманитарлық салаларда бірлескен инновациялық жобалар қолға алынып, сол аймақтармен қатар, тұтастай елдің өркендеуіне мүмкіндік туады.
Павлодарда өтетін форумның инновация тақырыбына арналуы бүгінгі күннің талабы дер едім. Өйткені, оны күтіп отырған салаларымыз жеткілікті.
Жазып алған
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.