14 Қыркүйек, 2012

Жан әлемі

358 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жан әлемі

Жұма, 14 қыркүйек 2012 7:10

Медбике… Медициналық бике… Иә, осы бір атауды ауруханада емделетін науқас жандар жиі атайды. Өйткені, медицинадағы орта буын қызметкер – медбике – денсаулық сақтау жүйесінің негізін құрап отыр. Ең бастысы, дәрігер емінің дұрыс нәтиже беруі – медбикенің көрсетілген емдік шараларды сауатты да, қалтқысыз орындауында ғана емес, жаны қиналып жатқан науқаспен күндіз-түні бірге болып, жиі қарым-қатынас жасап, олардың көңіл-күйіне әсер ететін жанкешті еңбегіне де тікелей байланысты. Демек, медбике науқас денсаулығына емдеуші дәрігерден кем жауап бермейді. Бүгінде 12 мамыр – Дүниежүзілік медбике күні ретінде кеңінен атап өтіледі. Бұл күн медбике кәсібінің негізін қалаушы ұлыбританиялық медбике Флоренс Найтингейлді еске алу мақсатында белгіленген. Егер бүгінде елімізде 138 610 орта буын медицина қызметкері болса, соның 97 060-ы медбике, қалғандары акушерка, лаборант, т.б. Яғни, 100 мыңға жуық медбике – халықтың денсаулығын нығайтып, оларға қолжетімді әрі тиімді медициналық көмек беруде үлкен күшке айналып отыр.

 

Жұма, 14 қыркүйек 2012 7:10

Медбике… Медициналық бике… Иә, осы бір атауды ауруханада емделетін науқас жандар жиі атайды. Өйткені, медицинадағы орта буын қызметкер – медбике – денсаулық сақтау жүйесінің негізін құрап отыр. Ең бастысы, дәрігер емінің дұрыс нәтиже беруі – медбикенің көрсетілген емдік шараларды сауатты да, қалтқысыз орындауында ғана емес, жаны қиналып жатқан науқаспен күндіз-түні бірге болып, жиі қарым-қатынас жасап, олардың көңіл-күйіне әсер ететін жанкешті еңбегіне де тікелей байланысты. Демек, медбике науқас денсаулығына емдеуші дәрігерден кем жауап бермейді. Бүгінде 12 мамыр – Дүниежүзілік медбике күні ретінде кеңінен атап өтіледі. Бұл күн медбике кәсібінің негізін қалаушы ұлыбританиялық медбике Флоренс Найтингейлді еске алу мақсатында белгіленген. Егер бүгінде елімізде 138 610 орта буын медицина қызметкері болса, соның 97 060-ы медбике, қалғандары акушерка, лаборант, т.б. Яғни, 100 мыңға жуық медбике – халықтың денсаулығын нығайтып, оларға қолжетімді әрі тиімді медициналық көмек беруде үлкен күшке айналып отыр.

Міне, сол жүз мыңға жуық мед­бикенің бірі, Алматыдағы Жар­босынов атындағы урология ғылыми орталығы Несеп аурулары бөлімшесінің аға мед­би­кесі Жансұлу Асқарқызы Молдахметова. Жас келсе іске деген, 1996 жылы Республикалық медицина колледжін бітірісімен, аталмыш ғылыми орталықта тә­жірибеден өтіп, кейін жұмысқа қабылданады. Әрине, кез келген жас маман үшін алғашқы еңбек жолын бастаған мекеме, түскен ортасы өмірлік ұстанымына үл­кен әсер етері хақ. Жансұлу да отандық медицинадағы урология және андрология саласында өзіндік орны, беделі айшықты ғылыми орталыққа келіп, бү­гін­де өз ісінің кәсіби білікті маманы атанып отыр.
Талдырмаш келген аққұба қыз алғашқы күннен өзін жақсы жағынан көрсете бастады. Өз ма­мандығына деген адалдығы болар – мейірбикеге тән қасиет­тер – мейірімділік, науқастарға де­ген жылы көзқарас пен ілти­пат, әсіресе, емдеуші дәрігердің тағайындамаларын дер кезінде өте ұқыпты орындауда өз тұр­ғыластарының арасынан көзге түсе бастады. Сонымен қатар, қыз балаға тән орнықты да қа­за­қы мінезі, ұлтжандылығы көзге ұрып тұрды. Әсіресе, ауылдан келген жасы үлкен қарияларға жаны ашып, көмегін көрсетуге тырысуы – көргенді отбасында жақсы тәрбие алғандығынан хабардар етсе керек.
– Біздің бөлімшеде несептас ау­руымен жатқан науқастар емделеді, – дейді Жансұлу біз­бен әңгімесінде. – Яғни, бүй­рек­те тастың пайда болуы. Бүгінде оны медицинада емдеудің екі-ақ жолы бар. Бірі – тасты үгіту ар­қы­лы, екіншісі – ота жасау. Бі­рақ, бізде емнің дені ота жа­сау­мен аяқталады. Ал қандай ауру болмасын ота жасалғаннан кей­ін­гі науқас жағдайының қанша­лықты ауыр болатыны баршаға белгілі жайт. Оның үстіне, біз­дегі мамандардың кәсіби білігі, білімі өте жоғары болған­дық­тан, ғылыми орталыққа бүкіл республикадан ауруы асқынған өте күрделі науқастар жолдамамен де, ақылы түрде де келіп тү­седі. Мұндай жағдайда әр адам­ның ағзасы әр қалай, кейде бір айға дейін жатып емделуге тура келеді.
Әр емдеу мекемесінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Мәселен, кардиологиялық ауруларды ем­дей­тін клиникаларда жүрегі ауырып тұрған науқастың күтімі де, емі де, тамақтануы да өзгеше жүргізіледі. Егер сондай емдеу орындарымен салыстырсақ, уро­логиядағы жұмыс ауыр әрі жауап­ты. Айталық, несептас ауруына ота жасалған соң, бірін­ші­ден, науқастың өздігінен жү­р­іп-тұ­руы қиындайды. Өйткені, жара­қат жазылғанша сырқат адамға түтікше қойылып, зәр сыртқа шығады. Осы екі арада тү­тікті таза ұстамаса, түрлі микробтар түсіп, іріңдеп кетуі ық­ти­мал. Әрі сөткесіне ішкен сұйық та­ғам­мен шыққан зәрдің көлемі тәулік сайын мұқият қа­даға­ла­нады.
– Бұл мамандықты кішкене кезімнен ұнаттым. Оған себепші болған анам Жанаркүл. Ол кісі де мен бітірген колледждің тү­ле­гі, медбике болып жұмыс іс­теді. Әлі есімде, анамның ақ халатын киіп алып, дәрігер болып ойнайтынмын, – дейді науқас­тар­дың алғысына бөленіп жүр­ген Жансұлу өзінің осы ма­ман­дыққа деген шынайы сүйіс­пен­шілігін білдіріп. – Медбике – қан­дай жағдай болмасын, ең алдымен науқасты жылы қа­бақ­пен, мейіріммен қарсы алуға тырысуы керек. Ал медбикенің тікелей жұмысы – емдеуші дә­рі­гердің науқасқа тағайындаған емдік шараларын мұқият орындау. Яғни, науқасқа қарап, күн­делікті көңіл-күйін бақылау, дә­рісін уақтылы қабылдауы, егер УДЗ, рентгенге түсіру керек бол­са, оған дайындаудың бәрін реттестіріп отыратын – медбике.
Бес жыл бойы бір бөлімде тиянақты қызмет атқарған Жан­сұлу осыдан екі жыл бұрын несептас аурулары бөлімшесінің мед­бикелік жұмысына жетек­шілік етуге тағайындалады. Әри­не, өзі атқаратын жұмыстың қыр-сырына қанық Жансұлу алғашқы күннен-ақ бөлімше жұ­мысын дөңгелетіп әкетеді. Ең бастысы, бөлімшеде дәрігерлер мен науқастар арасында жақсы ахуал қалыптастыруға күш салады. Соның нәтижесі шығар, бү­гінде бөлімше ұжымы жұ­мыл­ған жұдырықтай ұйымшыл, әр­кім өз ісін ойдағыдай атқаруда.
Жансұлудың айтуынша, аға медбикенің жұмысы да аса жауапты. Бір жағынан бөлімшедегі еңбек тәртібі, жұмыс сапасын бақылап, науқастың отаға дай­ын­дығын, т.б. қадағалайды, екін­шіден, тазалық, үшіншіден, дәрі-­дәрмекпен қамтамасыз етіп, істі одан әрі үйлестіру. Мәселен, дә­рі­гер науқасқа бір дәріні та­ғайындаса, сол дәріні аға медбике жеткізіп, емін үзбей жүр­гізуге міндетті.
– Орталықтағы тәртіп бар­лық бөлімшеге бірдей, – дейді аға медбике сөзін жалғап. – Бө­лім­ше меңгерушісі, медицина ғы­лымдарының докторы, профессор Малих Мохамад Ареф мырза қатал әрі талапшыл басшы. Сондықтан ол кісінің айт­қа­нын екі етпей орындауға тырысамыз. Бөлімшедегі 8 медбике өз істе­рі­не мығым, ұқыпты. Әсі­ресе, 32 жылдық еңбек өтілі бар медбике Сақыпжамал Бера­лиева­ның, 30 жылдан астам осы жұмыстың ыс­тық-суығына төзіп келе жат­қан кіші медбике Татьяна Пан­ченконың, келгеніне сегіз ай болса да өзін жақсы жағынан көрсетіп үлгерген медбике Нұр­жамал Кішкенебаеваның еңбек­те­рін атап өткім келеді. Ал ҒО бас медбикесі Гүлфия Қоқым­бе­коваға айтар алғысым мол. Өйт­кені, бөлімшедегі жұмысты ұйым­дастыруда сол кісінің ақыл-ке­ңесі, ұтымды ойлары көп көмек береді.
– Жансұлу қызымыздың өз жұ­мысына мығым екенін бө­лім­шеге алғаш келгенде-ақ байқа­дым. Әсіресе, ота жасаған ал­ғаш­қы күні жаның қиналып, екі көзің жәудіреп медбикенің кө­мегін күтіп жатасың ғой. Ал дәрігер болса, таңертеңгілік ке­ліп, емдік шараларын та­ғайын­дайды да кетеді. Содан кейінгі барлық қиын шаруаны ат­қа­ратын, айналайын, осы медбике, санитарка қыздар. Ағалап үстіңе түсіп жатқаны. Ешқандай қым­сынбай, жиіркенбей жара­қаты­мызды тап-тұйнақтай таңып, дәрімізді уақытында егіп береді, – дейді Астанадан келіп осы бөлімшеде емделген М.Айна­құ­лов.
Халық жазушысы, көрнекті қаламгер Шерағаң (Шерхан Мұр­таза) журналистердің еңбе­гіне «Арқалағандары алтын, же­гендері жантақ» деп баға бергені бар еді. Меніңше, осы теңеу медбикелерге де қатысты сияқ­ты. Ендеше, медбике мәртебесін қалай көтереміз? Жоғарыда ай­тылғандай, медбике қызметі – медицинадағы ең жауапты да қиын жұмысты қамтитын буын. Бізде медбикеге дәрігердің жәй көмекшісі ретінде қарайтын көз­қарас басым. Негізінде, шет елде ондай ұғым жоқ. Оларда мед­бикені арнайы маман, дәрігердің сенімді серігі деп бағалайды. Дәрігер мен медбикенің әрқай­сысының өз саласы, өз қызметі бар дегенмен, түптеп келгенде, бұрынғы Алматы медкол­лед­жі­нің директоры, медицина ғы­лым­дарының докторы Дамир Абай­­діл­даұлы айтпақшы: «Ем­деу­ші дә­рі­гер мен медбике – арбаның алдыңғы қос дөңгелегі сияқты, екеуі бірігіп бір бағытта жұмыс жасайды. Ал бізде Кеңес ода­ғы­нан қалған ұғым, медбике – орта буын маман, дәрігердің «барып кел, шауып келі», одан басқаны талап етпейтін орындаушысы деп түсінеді», – деуі орынды ай­тылған. Сондықтан заман талабына сай бұл ма­ман­дыққа деген көзқарас та өзгеруі тиіс. Өкі­ніш­ке орай, бізде медбике жұмысы мен міндеттері, білім деңгейі туралы мем­ле­кет­тік стандарттар әлі жасалмаған. Соған байла­ныс­ты тәуелсіз са­рап­тамаға ар­налған өлшемдер жоқ.
Ендеше, қазіргі таңда ме­ди­цинаның жыл сайын емес, күн санап өзгеріп отырған уақы­тын­да, заман талабына, яғни инно­ва­цияға сай дамуды қолға алуымыз керек. Ол үшін мед­бике­лер­ді де жаңалыққа жақындатып, кәсіби білігін арттырып, бі­лім­дерін дамытып отыруға жағдай жасап, оның негізін, ғылымын қалыптастыруымыз қажет.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.