Қазақстанның экономикасы көтеріліп, әлемдегі іргелі мемлекеттермен бәсекелесу үшін қуатты кәсіпорындар керек. Бірақ өндіріс орындарының тоқтаусыз жұмыс істеуіне қажетті химиялық зауыттардың экологияға, адам денсаулығына зияны барын айтпасқа болмайды. Мәселен, фосфор алу үшін қазылған ұңғыға сілті қышқылы құйылады. Осындай ұңғылардан шыққан суды мал ішіп, уланған оқиғалар бар.
Жаңа жол туралы ерекше айтып отырғанымыз, уран өндіруге қажетті қауіпті қышқылдарды тасымалдаған көліктер Шиелінің іргесіндегі Еңбекші ауылын жанай өтетін. Ауыл тұрғындары ойқы-шойқы жолда күкірт тасымалдаған жүк машиналарының бірнеше рет аударылғандығын айтатын. Жарамсыз жол экологиялық ахуалды шиеленістіріп жібергеннен кейін тұрғындар тиісті орындарға шағым түсірген болатын. Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы «Қазатомпром» АҚ басшылығына облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың арнайы шығып, жағдайды түсіндіргеннен кейін осы мәселенің оңтайлы шешілгендігін айтады. Бүгінде күкірт тасымалдаған машиналар Еңбекші ауылының сыртымен өтеді.
Кешеге дейін химиялық заттарды сақтайтын қойма аудан орталығында болып келген. Енді қойма тұрғындарға қауіпсіз жерге көшірілді. Көкшоқы елді мекеніндегі кәсіпорын да индустриялық аймақтан орнын тапты.
Осылайша, аудан халқын алаңдатқан өндіріс орны тұрғындардың өтініші бойынша қауіпсіз аймаққа көшіріліп, жұмысын бастап кетті.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Egemen Qazaqstan»
Қызылорда облысы