Ядролық сынақтарға қарсы тұру идеясы әлемдік деңгейде қолдауға ие
Жұма, 7 қыркүйек 2012 7:31
Ғасырлар бойы жаугершілік замандарды бастан кешкен қазақ халқы тыныштықтың, бейбіт өмірдің қадірін жақсы біледі. Мен өзім Ұлы Отан соғысы ардагерінің ұлы болған соң, кішкентайымыздан соғыстың тек қана қасірет әкелетінін естіп өстік. Біздің ата-аналарымыз таң атқанда да және кеш батқанда да, астың басында да әрқашан «Елде тыныштық болғай!» деп тілеп отыратын.
Жұма, 7 қыркүйек 2012 7:31
Ғасырлар бойы жаугершілік замандарды бастан кешкен қазақ халқы тыныштықтың, бейбіт өмірдің қадірін жақсы біледі. Мен өзім Ұлы Отан соғысы ардагерінің ұлы болған соң, кішкентайымыздан соғыстың тек қана қасірет әкелетінін естіп өстік. Біздің ата-аналарымыз таң атқанда да және кеш батқанда да, астың басында да әрқашан «Елде тыныштық болғай!» деп тілеп отыратын.
Бір ғана ХХ ғасырдың өзінде-ақ небір зұлматтар болды. Халқымыз бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстардың зардабын шекті, ұлтымыздың тең жартысы аштық пен сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Тек қазақ халқы ғана емес, барша қазақстандықтар да бейбіт өмірді қалайды. Көптеген ұлт пен ұлыстар 1930-жылдардың соңы мен 1940-жылдардың ортасында туған жерлерінен еріксіз көшіріліп, Қазақстанға әкелінген болатын. Олар да соғыстың қасіретін, аштық пен қуғын-сүргіннің зобалаңдарын аз көрген жоқ. Сондай қиын кезде біздің жерімізге келіп, аман қалып, қонақжай қазақ халқының қамқорлығын көргендерін айтып, үнемі ризашылықтарын білдіріп жүр.
Ұлы Отан соғысынан кейін елде бейбітшілік орнады және соғыс болған жоқ десек те, қаншама ұрпақ атом жарылысының зардабын тартты. Атап айтқанда, бейбіт халық алпауыт екі ел – АҚШ пен КСРО-ның жанталаса қаруланып, ядролық қаруды сынақтан өткізуінің қасіретті зардабын бастан кешірді.
1949 жылдың 29 тамызы күні Семей ядролық сынақ полигонында алғаш рет атом бомбасы сынақтан өткізілді. Кеңес Одағының өз халқынан жасырып жасаған ядролық қаруларды сынау кезеңі осылай басталған еді. Семей ядролық сынақ полигонында атмосфералық, жер үстілік және жер астылық әскери және «бейбітшілік мақсатында» делінген желеумен барлығы 500-дей сынақтар өткізілгені белгілі. Сол кезеңде мұның барлығы жасырын түрде өткізілген еді.
40 жыл ішінде қаншама ұрпақ қасірет шекті десеңізші?! Әр адам жарық дүние есігін ашқанда, «Мен келдім!» дегендей, өзіне барша жанның назарын аудартып, айналасына қуаныш сыйлайтын болса, ал Семей өңіріндегі мыңдаған сәби анасының құрсағынан мүгедек болып туды. Сол кезде қасіреттің қайдан келгенін білмеген отбасылар қаншама?! Өздеріне қол жұмсаған жігіттердің саны да аз болған жоқ. Өмір бойы бесікте жатқан жарымжан баласының жанынан шыға алмай, күн сайын көз жасы құрғамаған, жүрегі шерге толған аналардың обалы кімге?! Полигон қасіреті халық тағдырында өшпес із қалдырды.
1980-жылдардың соңына қарай халық та барлық зардаптардың сынақ аймағынан болып отырғанын біле бастады. 1989 жылғы 26 ақпанда аса көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің жетекшілігімен «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. Сынақ аймағын жабуды талап еткен митингілер ұйымдастырылды.
Ал 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» әйгілі №409 Жарлыққа қол қойды. Бұл мемлекетіміздің, Елбасымыздың әлі тәуелсіздік алмай тұрып жасаған батыл қадамы болатын. Адамзат баласын әлемде бейбітшілік орнатуға шақыру, ядролық сынақтарға қарсы күрес тәуелсіздік жылдары жүйелі жүргізілді. Қазақстанның дауысын әлем жұртшылығы естіді және жан-жақты қолдауға ие болды.
Қазақстанның ұсынысы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғарымымен 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып белгіленді. Соңғы үш жыл бойы бұл күн дүние жүзінің көптеген елдерінде аталып өтуде. Ал биыл Қазақстан осы елеулі күнге орай әлем жұртшылығы назар аударған шара өткізді. «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияға дүние жүзінің 70-тен астам елінен делегаттар келіп қатысты, жаһандық ма- ңызды мәселе жөнінде ой қозғап, ұсыныстарын ортаға салды.
Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде 1991 жылы Семей сынақ аймағын жабу арқылы Қазақстан бірінші болып ядролық сынақтарға толық және сөзсіз тыйым салу актісін, осыған орай «ақырет күнінің» қаруын жетілдіруді тоқтатуды жүзеге асырғанын мәлім етті. Елбасы әлемдегі ең ірі полигондардың бірі болған Семей полигонын жаба отырып, Қазақстан «бейбітшілік эпицентріне» айналды деген еді.
Елбасы күн тәртібіндегі мәселе бойынша әлемде қалыптасып отырған жағдайға жан-жақты тоқталды. «Біріншіден, әзірше ядролық қаруды таратпау режімінің жан-жақтылығына қол жеткізілген жоқ. «Жаңа» ядролық және кейбір «табалдырықтағы» елдер тиісті келісімнен шет қалып отыр», – деді Н.Ә.Назарбаев. Президенттің айтуынша, екіншіден, екі жыл бұрын АҚШ пен Ресей арасында стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту үдерісін жандандырған Париж келісіміне қол қойылды. Алайда, бұл қадам ресми «ядролық клубтың» қалған елдеріне үлгі болған жоқ. Үшіншіден, ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісім күшіне ене алмауда. Бұған «табалдырық» тобына жататын бірнеше ел ғана аяқ баспай тұр. Барлық елдердің атсалысуынсыз осынау күрделі мәселелердің шешілуі қиын.
Сондай-ақ өз сөзінде Елбасы ядролық энергетиканың ұлттық бағдарламаларының дамуын жаһандық бақылау мәселесі реттелмегенін айтты. Адамзат баласының бейбіт өмірі үшін басты мақсат – ядролық қарусыз әлем орнату. Осы орайда «Ядросыз әлем бұл – ядролық энергияны әскери мақсатта пайдалануға толық тыйым салу деген сөз», деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Елбасы адамзатты ядролық өзін өзі құрту үрейінен арылтудың маңыздылығына тоқталды. Ол үшін Н.Назарбаев: «Барлық ядролық мемлекеттердің қатысуымен, БҰҰ қолдауымен әзірленген және қабылданған Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты жаппай қысқартудың қадамды жоспары қажет. Бірінші кезекте ядролық сынақтарға тыйым салатын келісімнің күшіне енуіне қол жеткізу маңызды», деді. Қазақстан басшысы әлемдік қоғамдастық «ядролық клубтың» барлық мүшелерінің өздерінің атомдық әскери арсеналдарын қысқарту жөнінде міндеттемелер қабылдауына қол жеткізуге құқылы деп есептейтінін жеткізді. Бұрын санаулы мемлекеттердің азаматтары жаппай қырып-жоятын қаруды дамытуға ұмтылған алпауыт елдерге қарсылық білдіріп, митингілер ұйымдастырып жататын еді. Ал бүгінгі таңда ядролық сынақтарға қарсы тұру идеясы әлемдік деңгейде қолдауға ие болды.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Астанаға жолдаған үндеу хатында: «Мен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» конференциясын ұйымдастырған Қазақстанға, әсіресе, осы елдің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшылық қызметі үшін зор алғысымды білдіремін», – дей келіп: «Бүгінде ядролық сынақтардың кез келген түріне тыйым салатын халықаралық келісімді көптеген мемлекеттер қолдап отыр. Алайда, ол құжат әлі де өз күшіне енген жоқ. Сондықтан мен халықаралық келісімге қол қоймаған елдерді осы бастамаға қосылуға шақырамын. Мен өзім бұл мемлекеттерді келістіріп, ядролық қарусыздану ісін әрі қарай жалғастыратын боламын», деп осы жолдағы мақсатын жария етті.
Халықаралық конференцияда сөз сөйлеген шетелдік танымал саясаткерлер, парламентшілер ядролық сынақтарға қарсы тұру идеясын көтерген және Семей полигонын жауып, әлемдегі 4-ші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тарту жолындағы ерлігі үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсыну туралы бастама көтерді. Бұл ұсынысты аталған форумға қатысушылар түгел қолдады.
Конференция жалпы отырыстан кейін бірнеше секцияға бөлініп өткізілді, тақырыптар бойынша талқылаулар болды. Шетелдік парламентшілер де, саясаткерлер де өз ойларын ортаға салды. Сөз сөйлеушілер Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және әлемде бейбітшілік орнату жөніндегі бастамаларын толық қолдайтындарын білдірді. Демек, бұл игі бастаманың нәтижесі өзін көп күттірмейді деуге толық негіз бар.
Осы басқосуда ақын, тілтанушы, саясаткер, ядролық қару-жарақтарды жаппай қолдануға қарсы тұрушы қоғам қайраткері, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов сөз сөйлеп, 1989 жылы өзі құрған «Невада-Семей» қоғамдық-саяси ұйымның сол бір кезеңдегі атқарған қызметі туралы айтып өтті. Кеңес дәуірі болса да, ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалыстың Семей өңірінде және көптеген шетелдерде шерулер өткізгені анық. «Сондай жиындарда оң қолды алға созып, бес саусақты ашып көрсететінбіз. Ол – әлемдегі бес ірі сынақ полигонына бес құрлықтың тұрғындары қарсы тұруы керек деген ниеттің белгісі», дей келіп, Олжас Омарұлы Жапонияда болған митингіге бірнеше мың адам жиналғанын, сөз сөйлегендердің ішінде Кәріпбек Күйіков болғанын еске алды. Ядролық жарылыстың зардабынан екі қолсыз дүниеге келген Кәріпбек сөз сөйлегенде жүрегі толқымаған адам болмаған екен. Ол өзінің Семей сынақ аймағы төңірегінде туып, екі қолсыз қалғанын, сондықтан ядролық жарылысқа қолымен қарсылық белгісін көрсете алмайтынын айтып, жиналғандарға өзі үшін қолдарын көтеру жөнінде өтініш білдіргенде, Орталық алаңға жиналған барлық адам орындарынан тұрып, оң қолдарын көтерген! Олжас Омарұлы сол бір сәттің ұмытылмастай есте қалғанын айтты. Ақын сөзі конференцияға жиналғандарға да үлкен әсер етті. Осы жиынға Кәріпбек Күйіков те қатысып, сөз сөйледі.
Айта кету керек, өткен кезең ішінде Қазақстан ядросыз әлем орнату жолындағы бастамаларды көтерумен шектелген жоқ, нақты қадамдар жасады. Халықаралық келісімдерді заңмен негіздеді. Ядролық қарулануға қарсы және бейбіт өмірді қорғау жөніндегі келісімдерді заң түрінде бекітуге Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті де белсенді атсалысып келеді. Өйткені, барлық халықаралық маңызды құжаттар осы комитеттің қарауынан өтеді. Бұл іске Мәжіліс депутаттарының да үлес қосып отырғаны анық. Алдағы уақытта да әлем қауіпсіздігін сақтау, адамзатты қорғау мақсатындағы ізгілікті істер атқарыла бермек. Бұл іске атсалысу – баршамыздың азаматтық парызымыз.
Үсенгелді МЕДЕУОВ,
Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.