Ерлер денсаулығына ерекше бетбұрыс керек
Бейсенбі, 6 қыркүйек 2012 7:20
Бүгінде ерлер денсаулығының жағдайы, эректильді қызметінің бұзылуы, әйелдерден гөрі еркектік бедеуліктің жиілей түсуі алаңдаушылық тудыратын жағдайға жеткен. Бұл мәселе бұрнағы күні Алматыда Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының ұйымдастырумен өткен баспасөз мәслихатында кеңінен сөз болып, еркектердің денсаулығына мемлекет тарапынан көңіл бөлу керектігі дабыл қағарлық жағдайға жеткенін мәлімдеді.
Бейсенбі, 6 қыркүйек 2012 7:20
Бүгінде ерлер денсаулығының жағдайы, эректильді қызметінің бұзылуы, әйелдерден гөрі еркектік бедеуліктің жиілей түсуі алаңдаушылық тудыратын жағдайға жеткен. Бұл мәселе бұрнағы күні Алматыда Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының ұйымдастырумен өткен баспасөз мәслихатында кеңінен сөз болып, еркектердің денсаулығына мемлекет тарапынан көңіл бөлу керектігі дабыл қағарлық жағдайға жеткенін мәлімдеді.
Статистика мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде ерлердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10 пайызға төмендеген. 75 жасқа қарай ерлер арасында қатерлі ісікке шалдығып, қайтыс болудың көрсеткіші әйелдерге қарағанда екі есе жоғары. Туылған нәресте ұлдардың өлім-жітімі қыздарға қарағанда үш есе жоғары. 1950 жылдан 1990 жылға дейін өзін-өзіне қол салу, қастандықпен және жазатайым оқиғадан қайтыс болған өлімнің 70-80 пайызы ерлердің үлесіне тисе, жыл сайын әлем бойынша 25000-нан аса ер адам өз-өзіне қол салатын көрінеді. Ерлер әйелдерге қарағанда дәрігерлерге үш есе аз көрінетіндіктен, олардың арасында ауруды ерте кезеңінде анықтау көрсеткіші төмен болып отыр. Олар жүректің ишемиялық ауруына әйелдерге қарағанда үш есе жиі, ал қант диабетіне алты есе жиі шалдығады. Соңғы бес жылда жыныс безі обырынан қайтыс болу сүт безі обырынан қайтыс болуға қарағанда екі есе өскен.
– Бұл дегеніңіз, – деді «Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ-тың бас директоры, ҚР ДСҚМ бас урологы, ҚР урологтар қауымдастығының төрағасы, медицина ғылымының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаев, – елімізде ерлердің денсаулық көрсеткіші қазіргі таңда медициналық мәселе шеңберінен шығып, мемлекеттің және әр адамның жеке қатысуын талап ететін, үлкен алаңдаушылық тудыратын мәселеге айналып отыр. Сондықтан бүгінгі баспасөз мәжілісінің мақсаты – еліміздегі ерлер денсаулығының қазіргі жағдайы, урологиялық ауруларды ерте алдын алу және өз денсаулығына қатысты тұрғындардың мәдениетін арттыру қажеттілігі жөнінде халыққа үндеу жасау болып табылды.
Сондай-ақ бас уролог алдымен елімізде ерлердің репродуктивті денсаулығын сақтау мәселесіне арналған саясат жоқтығын алға тартты. Оның айтуынша, денсаулық сақтау органдары ерлердің денсаулығын сақтауға жеткілікті көңіл бөлмей отыр. Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесінде ерлерге арнайы жасалған инфрақұрылымдар құрылмаған, ерлердің өз денсаулығын сақтау жөнінде ақпараттандырылу деңгейі төмен. «Сондықтан да ерлерді денсаулық сақтау мәселесі жөнінде оқыту, дамыту және қолдау көрсетудің ішіне сексуалды, репродуктивті және әлеуметтік-психикалық денсаулық мәселелері кіреді, сонымен қатар, ол мемлекеттің гендерлік бағдарламасын іске асыруға негіз болып табылады» деді профессор.
Естеріңізде болса, Қазақстандағы ер азаматтардың репродуктивті денсаулығының қанағаттанарлық жағдайда еместігіне алаңдаушылық білдірген Б.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы осы күрделі проблеманы шешу мақсатында жан-жақты қамтылған 2008-2011 жылдарға арналған «Ерлер және репродуктивті денсаулық» бағдарламасын әзірлеп, оны өздерінің ғылыми кеңесінде, ҚР урологтары басқармасының пленумында талқылап, 2007 жылы ҚР Президенті жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ІV отырысында тыңдалып, бірауыздан қабылданды. 2008 жылы аталмыш бағдарламаны Парламенттің депутаттар корпусы талқыға салып, мақұлдады. Бағдарлама міндеті: уроандрологиялық бұзылушылықты алғашқы кезеңінде диагностикалау, уроандрологиялық бұзылушылығы бар ерлер арасында жүрек-қантамырлары мен эндокриндік ауытқулар деңгейін анықтау, қандағы тестостерон деңгейінің уроандрологиялық ауытқумен байланысын анықтау, онымен қабаттаса жүретін аурулар кезінде эрективті қызметтің бұзылуы мен гипогонадизмнің таралуын анықтау мақсатында ерлер арасында скрининг сауалнама жүргізу.
– Осы бағдарлама бойынша УҒО Қазақстанның 14 облысында тұратын 24396 ер адамға өтініш-шағымы мен анамнезі, лабораториялық анализдер (ИФА, ПЦР) және тік ішектен тексеру арқылы анкета бойынша зерттеу жүргіздік. Тексеру нәтижесінде 56,3 пайыз еркекте түрлі кезеңдегі эректилді дисфункция белгілері, 30,4 пайызында шәуеттің өзгерістері (ұрықтың болмауына дейін), 42,4 пайызында жыныс жолымен берілетін аурулары бар екені анықталды, – деді Мырзакәрім Кәрімұлы.
Сондай-ақ ғылыми орталық өздерінің тапқан табыстары мен демеушілердің көмегімен бес профессор 2009-2012 жылдар аралығында «Ерлердің денсаулық күні» жобасын еліміздің 16 қаласында: Астанада, Алматыда, Шымкент, Өскемен қалаларында 2 реттен, Павлодар, Ақтау, Қызылорда, Тараз, Ақтөбе, Талдықорған, Қостанай, Атырау, Орал, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл қалаларында өткізген. Мұнда барлығы 4021 ерлер мен ер балалар тексерілген. 3569 тексерілген ерлердің 2934-інде, яғни, 82,3 пайызында патология табылып, соның ішінде 1206-ы, яғни, 33,85 пайызы созылмалы простатит болып шыққан. Ал 2035 пациенттің 759-ы, яғни, 37,3 пайызында тестостерон жетіспеушілігі анықталған. Ең бір сорақысы, 1-16 жасқа дейінгі тексерілген 458 баланың 414-інде, яғни 90,3 пайызында патология табылған. Сонда 44 баланың, яғни 9,7 пайызының ғана дені сау болып шыққан.
– Қазақтың ер азаматтары өз денсаулығын тексертуге ұялып, келмейді. Сондықтан еркектердің психологиясын өзгерту керек. Келесі жылдан бастап Қазақстанның барлық аумағында простата безі қатерлі ісігін ерте сатыда анықтауға қатысты скринингтік зерттеу жүргізілмек. 2013 жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 1,3 млрд. теңге бөлінбек, – деді еліміздің бас урологы.
Баспасөз мәслихатына сондай-ақ, белгілі эндокринолог, медицина ғылымының докторы, профессор Зельцер Михаил қатысып, өзекті мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.
Сонымен қорыта айтқанда, сонау 1968-1970 жылдардың өзінде кеңестік демограф-ғалым Б.Урланстың “Еркектерді сақтаңыздар!?” деп дабыл қағуы шын мәнінде қазір ойланатын, көпшіліктің назарын аударатын жағдайға әкеліп отыр.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».