04 Қыркүйек, 2012

Келелі жиын келешекке жол ашады

314 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Келелі жиын келешекке жол ашады

Сейсенбі, 4 қыркүйек 2012 7:34

Елордада шетелдік мамандардың қатысуымен өтіп жатқан Қазақстан кардиохирургтерінің бірінші ұлттық конгресінде отандық кардиохирургияның өзекті мәселелері талқыланып, бұл орайда қол жеткен жетістіктер де әңгімеге арқау болуда.

 

Сейсенбі, 4 қыркүйек 2012 7:34

Елордада шетелдік мамандардың қатысуымен өтіп жатқан Қазақстан кардиохирургтерінің бірінші ұлттық конгресінде отандық кардиохирургияның өзекті мәселелері талқыланып, бұл орайда қол жеткен жетістіктер де әңгімеге арқау болуда.

Конгрестің ашылу салтанатында сөй­леген сөзінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов қазақстандық кардиохирургтердің бү­гін­де әлемдік стандарттар деңгейінде жұмыс істеп, қазірдің өзінде жасанды жүрек қарыншасын ауыстыру жөніндегі бірегей жоғары техно­ло­гиялық оталарды жасап жатқанын және мұндай күрделі ота әлем­нің 22 елінде іске асатынын атап көрсетті. Вице-министр сондай-ақ, тамыз айында елімізде алғаш рет жүректі ауыстырып салу отасы ойда­ғыдай жүзеге асырылғанын хабарлады.
Конгресте ТМД мемлекеттері үшін мемлекетаралық донорлар банкін құру және ЕурАзЭҚ аясында мемлекетаралық интернет сайтын ашу мәселелері көте­ріл­ді. Бұл ТМД-ның кардиохирургтері мен кардиологтарының ынтымақтастығын нығайтуға жол ашпақ.
Отандық кардиохирургияны дамыту, шетелдерден келген білікті мамандармен тәжірибе алмасу мақсатында өткізіліп отырған бұл жиынның еліміздің кардиохирургия саласы үшін маңызы зор бол­мақ. Әлемнің жетекші елдерінің тәжіри­бе­­лерін қолдана отырып, ота жасауды қолға алған отандық мамандарымыз қа­зірдің өзінде жемісті еңбек етуде. Оған елімізде халыққа кардиохирургиялық кө­мек көрсететін жүйенің бар екені және оның қанағаттанарлық деңгейде жұмыс істеп тұрғаны дәлел. Кардиохирургиялық ұйымдар құрылымына Сызғанов атын­дағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы, Ұлттық ғылыми медицина орталығы, Ұлттық ғылымикардиохирургиялық ор­талық, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты, Ұлттық педиа­трия және балалар хирургиясы орта­лы­ғы, 10 аймақтық кардиоорталықтар және еліміздің 10 аймағындағы көп бейінді ауруханалар жанындағы 11 бөлімше кіреді. Сондай-ақ, жақын күндерде Павлодар қа­ласында кардиохирургиялық орталық ашы­лып, халыққа қызмет көрсете бастайды.
Ресми деректер бойынша елімізде жү­рек қан тамырлары ауруларымен ауыратын адамдардың саны 1 миллион болса, жыл сайын шамамен 16 мыңға жуық адам кардиохирургиялық отаға мұқтаж. Сон­дықтан республикамызда кардиологиялық және кардиохирургиялық көмектің құ­рылуына зор көңіл бөлініп отыр. Бүгінде «Саламатты Қазақстан» денсаулықты сақ­тау мен дамытудың мемлекеттік бағ­дар­ламасының шеңберінде медицинаның осы бағытын жетілдіру бойынша үлкен жұ­мыстар атқарылуда. Соның ең бір негізгісі – Ұлттық медициналық холдинг базасында Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың құрылуы. Былтыр ғана өз жұмысын бастаған орталықта осы уа­қытқа шейін 5 мыңнан аса адамға ота жасалды. Бүгінгі таңда бұл клиника Орта­лық Азия өңіріндегі әлемдік сапа стандарттарына жауап беретін алдыңғы қатар­лы кардиохирургиялық орталық атағын алды. Сондықтан жүрек дертін емдеу ба­рысындағы имплантациялық, транс­план­тациялық алғашқы оталардың осында жасалуы кездейсоқтық емес.
Жиын барысында кардиологияның, кар­диохирургияның, интервенциялық кар­­­диологияның, аритмологияның, ядро­лық медицинаның және бибілік істің негізгі бағыттары бойынша пленарлық отырыстар өткізілді. Бұған В.Дембитский (АҚШ), Я.Гуммерт (Германия), Я.Пирк (Чех Республикасы), С.Жошыбаев (Қазақ­стан) сынды ірі кардиохирург мамандар жетекшілік етті. Тағы бір айта кететін нәрсе, конгресс әлі аяқталған жоқ. Оның жұмысы 6 қыркүйекке дейін жалға­сып, конгресс шеңберінде елордадағы жа­ңа­дан ашылған ҰҒКО базасында Еуропа­лық кардио-трокальді хирургия қауымдас­тығының (EACTS) көмегімен шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.

Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».