Спорт • 09 Ақпан, 2019

Жансаяға жанкүйер болайық!

552 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері АҚШ-тың Сент-Луис қаласында шахматтан әйелдер арасында Cairnc Cup деп аталатын аса іра халықаралық турнир өтуде. Әлемнің бірқатар мықты шахматшылары бас қосқан жарыста Жансая Әбдімәлік те бақ сынауда. 

Жансаяға жанкүйер болайық!

Алғашқы турда 19 жастағы қазақ қызы америкалық Анна Затонскихты ұтса, екінші кезеңде франциялық Мари Себагпен тең түсті. Осы екі партияны да Жансая қара фигуралармен ойнады. Үшінші айналымда оның жолы 34 жастағы Александра Костенюкпен қиысты. Бұл бәсеке кезінде әлем және Еуропа чемпионы атанып, Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасында үш мәрте топ жарған Ресейдің атақты ойыншысының пайдасына шешілді.

Қазіргі кезде Жансая Әбдімәлік 1,5 ұпаймен жарыс кестесінде төртінші орында тұр. Сондай-ақ, үндістандық Харика Дронавалли, америкалық Анна Затонских және грузиялық Нана Дзагнидзенің де еншісінде дәл сондай ұпай бар. Ал көш басындағы шахматшылар жайында айтар болсақ, әзірге Александра Костенюк шашасына шаң жұқтырмай келеді. Осы күнге дейін Ресейдің өкілі 2,5 ұпай жиып үлгерді. Екінші және үшінші орындардағы америкалық Ирина Круш пен ресейлік Валентина Гунинаның еншісінде екі ұпайдан бар.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»