Мұқағали Мақатаев қазақтың қара өлеңін өзгеше белеске көтерген ақын. Қазақтың қоңыр мінезі, қарапайым табиғаты, уақыттың қасіреті ақын шығармаларында кеңінен көрініс тапқан. Ал биылғы жылы Мұқағали кешінің Тараз топырағында тұңғыш рет өтуі әулиеаталық өлеңсүйер қауымның ақын поэзиясына деген құрметін көрсетті. Ақын рухын асқақтатуға келген тараздық тұрғындардың қарасы көп болды. Кешті ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Қалқаман Сарин жүргізді. Әуелі ақынның «Сенің көзің» атты лирикалық өлеңінің желісімен ақын өмірінен көрініс сахналанды. Мұқағали Мақатаевты еске алуға арналған «Есіңе мені алғайсың...» атты әдеби кешті Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп ашып, ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдароваға облыс әкімінің атынан қазақы салт бойынша сый-сияпат көрсетті. Өз сөзінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан Мұқағали шығармашылығына тоқтала келіп, мұндай шаралардың жас ұрпақтың тәрбиесіне зор үлес қосатынын атап өтті. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Несіпбек Дәутайұлы Мұқағали поэзиясы өзге ақындардан несімен ерекше деген сауал төңірегінде әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов Мұқағали ақын туралы естелігімен бөліссе, Нұржан Қадірәлі, Марал Хантөре сияқты тараздық жас ақындар ақынға арналған өлеңдерін оқыды. Кеш барысында Мәдина Сағымбекова, Жазира Сметова және өзге де өнерпаздар ақын өлеңдеріне жазылған әндерді шырқады.
Ақын кешіне арнайы келген Мұхтар Ниязов, Біржан Байтуов, Рүстем Қайыртайұлы сынды танымал айтыс ақындары да сахнаға шығып, өзара тартымды айтыс ұйымдастырды. Ал кеш барысында сөз алған ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарова ақын кешін ұйымдастырған әулиеаталық әлеуметке алғысын айтып, «М.Мақатаев атындағы Халықаралық қор» атынан ақын Қайырбек Асанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали, ақын Қалқаман Сарин және тағы да бірқатар азаматтарды «Мұқағали Мақатаев медалімен» марапаттады.
Хамит Есаман,
«Egemen Qazagstan»
Жамбыл облысы