Аймақтар • 10 Ақпан, 2019

Ақсу қаласында 28 жобаның 8-і ғана жүзеге асқан

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қала әкімі Балғабай Ыбыраев қаланың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, алдағы міндеттерін айқындау мақсатында тұрғындар алдындағы есептік кездесу өткізді. 

Ақсу қаласында  28 жобаның 8-і ғана жүзеге асқан

Жиынға облыс әкімі Болат Бақауов, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Бектенбай Есполов қатысты.

Баяндамада айтылғандай, қалада орналасқан «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ пен  Ақсу ферроқорытпа зауыты жұмысшыларына арнап  40 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.  

Сонымен бірге, былтыр 16 аула ішілік аумақ көріктендірілген. Балалар эко-техно орталығы жанынан салынған шағын қазандық жобасының жұмысы басталған.

Жоба бірегей жылыту құрылғысы ғимаратты жылыта да, суыта да алады. Заманауи технологияларды қолдану нәтижесінде жұмсалатын электр энергиясының көлемі 4 есеге дейін аз. Сондықтан, алдағы уақытта да әлеуметтік нысандарға да дәл осындай құрылғыларды орнатылмақ. Жылдар бойы қаңырап қалған Астана көшесі 58 көпқабатты тұрғын үй қалпына келтірілді.

Жалпы, 2018 жылы өткен есеп беру барысында тұрғындар тарапынан барлығы 76 ұсыныс түсіпті. Биыл қала әкімдігінің сайтына-609, WhatsApp-қа-1042, «Смарт-Ақсуға» түскен 400 өтініштің көбі Тұрғын үй-коммуналдық сала мен көріктендіруге қатысты.

Жиында қалаға қарасты Алғабас ауылының тұрғындары балабақша салу қажеттігін ескертсе, Құркөл ауылына су құбырын жүргізу мәселесін сұрады.     

Кездесуге қатысқан облыс әкімі Болат Бақауов қала мен қалаға қарасты ауылдардың шағын және орта бизнес, жол бойы сервисінің әлі қолға алынбай тұрғынын , ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласының  төмен көрсеткіштерін атап өтті.

Өткен жылы енгізілген төртінші деңгейлі бюджетке көшкен қалаға қарасты кейбір ауылдар  жоспарларын орындамаған. Ал, Индустриалды даму бағдарламасы аясында іске қосылуы жоспарланған 3 жобаның бірде-бірі басталмапты да.

Сонымен бірге, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 28 жобаның 8-і ғана жүзеге асқан.  Қала мен ауылдық аумақтардағы 16 өңдеу орнының 2- ғана талаптарға сай келеді.

2015 жылы мемлекет 3 млрд. теңгеге көмек көрсеткен кезде қуаттылық 8 мың тонна болады деп уәде берген «Қызылжар-Құс» фабрикасы биыл  өндіретін өнім көлемін 4 мың тоннаға енді ғана жеткізіпті.

Фарида БЫҚАЙ

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы