Спорт • 11 Ақпан, 2019

Александр Бублик бабында екен

387 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық теннисші Александр Бублик Венгрияның бас шаһары ­– Будапеште өтіп жатқан халықаралық турнирде табыста өнер көрсетіп, финалға шықты. 

Александр Бублик бабында екен

Алғашқы айналымда жерлесіміз канадалық Стивен Диасты 6:1, 7:5 есебімен ұтты. Келесі кездесуде ресейлік Павел Котовты қапы қалдырды ­– 6:7, 6:2, 6:2. Ширек финалда хорватиялық Виктор Галовичтен айласын асырды – 3:6, 6:4, 6:4. Жартылай финалда словакиялық Филип Хоранскиге сан соқтырды – 6:3, 6:0. Осылайша, Александр Бублик Будапештегі жарыстың бас жүлдесі үшін таласу құқығына ие болып отыр.

Ал жуырда ғана Болгарияның астанасы – Софияда ұйымдастырылған турнирдің екінші кезеңінде франциялық Гаэл Монфистен ұтылған Михаил Кукушкин Голландияның Роттердам қаласында жалауы желбіреген жарыста күш сынасуға бекініп отыр. Жүлде қоры 2 098 480 евроны құраған турнирдің алғашқы айналымда отандасымыз жергілікті теннисші Робен Хасемен шеберлік байқасады.  

Сондай-ақ, Роттердамдағы додада жапониялық Кей Нишикори, швейцариялық Стэн Вавринка, франциялық Жо-Вилфрид Цонга мен Жереми Шарди, чехиялық Томаш Бердых, ресейлік Карен Хачанов, испаниялық Фернандо Вердаско, италиялық Андреас Сеппи және канадалық Милош Раонич сынды танымал теннисшілер бақ сынауда.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»