«Осы күнге дейін Өрел ауылына қойылған антенна арқылы сөйлесетінбіз. Оның өзінде ұялы телефонды қолымызға алып, тау-тасты аралап, байланыс ұстайтын биік жерді іздейтінбіз. Енді міне, оған да зар болып, қалада оқу оқып жатқан балаларымыз қандай халде жүргенін апталап, айлап біле алмай қалдық. Осындай технологияның дамыған заманында хат жазып, пошта арқылы сөйлесеміз бе деп қорқамыз. Ауылда мектеп, шағын орталық, ұлттық парк, мәдениет үйі, емхана секілді мекемелер бар. Оларға ұялы байланысы, интернеті бар көш ілгері ауылдармен бірдей талап қойылады. Ауданнан шұғыл жіберілетін құжаттарды байланыстың болмауынан кеш алып қаламыз да, аудандық мекеме басшыларынан сөз естіп жатамыз. Қысылғанда үй телефонымен байланысқа шығамыз. Мұны мардымсыз айлық алатын тұрғындардың қалтасы көтермейді. Біздің Берел ауылының жанында әлемге әйгілі Берел қорымы орналасқан. «Рахман қайнары» шипажайы да осы маңда. Осы орындарға алыс-жақыннан және шетелден қонақтар келіп жатады. Осындай керемет жердің технология дамыған заманда байланыссыз отырған жағдайына қарап, жағаларын ұстайды. Біздің ауылға келген шетелдіктер «Сонау тас дәуіріне түсіп кеттік пе?» деп күліп жатады. «Ауылға жас мамандар неге келмейді?» деп бас қатырамыз. Тіпті бір аптаға демалысқа келген студент балаларымыз әрең шыдайды. Ауылда өсіп келе жатқан жас ұрпақ байланыс пен интернеттің жоқтығының салдарынан қалаға оқуға барғанда өз шамаластарынан әлдеқайда қараңғы екені білініп, ұятқа қалып жатады, қиындық көреді. «Ауыл халқы мыңға толғанда ғана байланыс болады» дейді. Оны күтіп жүргенде байланыс болмауы себепті алыстағы балаларымыз қара су ішсек те, көз алдымызда жүрсін деп қалаға қарай көшіп, ауылымыз сиреп барады. Мың тұрғынды күтіп жүргенде осы күнімізге зар болып қаламыз ба деген қорқыныш бар».
Бұл – өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, қазаққа Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақтай сөз зергерлерін берген төр Алтайдағы, шекара шебіндегі Катонқарағай ауданындағы Берел ауылы тұрғындарының аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин мен аудандық мәслихат хатшысы Дүйсен Бралиновке 2018 жылы жазған хатынан үзінді. Мұны тек Өскеменнен 400 шақырымнан астам қашықтықтағы Берел ауылының немесе Катонқарағай ауданының ғана емес, облыстағы көптеген ауыл тұрғындарының жанайқайы, өтініш-тілегі деп қабылдаса да болады. Журналист болғаннан кейін ел ішінде көп жүреміз, тұрғындардың өздері де хабарласып жатады, сонда анық байқаған дүниеміз: Шығыс Қазақстан облысының жүздеген ауылы әлі күнге дейін ұялы байланыс пен сапалы, жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізе алмай отыр. Ұялы байланыс болмағаннан кейін кей ауылдың тұрғындары ұялы телефон ұстайтын елді мекенге баруға немесе сол маңдағы тау басына шығып сөйлесуге мәжбүр. Ұялы телефон желісі орнатылған ауылдардың өзінде тұрғындардың «шөп қораның төбесі», «терезенің алды» дегендей өздері ғана білетін сөйлесу нүктелері бар. Былтыр Тарбағатай ауданының Қытай шекарасына жақын Ақжар өңіріне барғанымызда ұялы байланысы жоқ Жаңаталап тұрғындарының өзара «Біздің переговорный пунктіміз – оба» деп әзілдесетінін естіп едік. Жасыратыны жоқ, ауылды жерде (әсіресе тұрғын саны аз елді мекендерде) интернет қазір негізінен үш мекемеде орналасқан: мектеп, әкімдік және емхана (медициналық пункт). Оның ішінде тұрғындарға ең қолайлысы – мектеп. Ондағы интернеттің жылдамдығы (дұрысы – төмендігі), оны мектеп мұғалімдерінің, оқушылардың, қала берді тұрғындардың қалай пайдаланып, қандай қиындық кешіп жатқаны жайында сәл кейінірек.
400 шақырым жерде бар ұялы байланыс
40 шақырымда неге жоқ?
Өңір тұрғындарының «Айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызатын» (Ы.Алтынсарин) сапалы интернет пен ұялы байланысты емін-еркін пайдалана алмауына байланыс операторларының «тұрғын саны мыңға жетпесе, қоса алмаймыз» деген уәжі өз ықпалын тигізіп отырғаны рас. Осының кесірінен бүгінде облыстың қаншама ауылдары ұялы байланыссыз отыр. Байланыстың жоқтығынан тұрғындардың жылы орнын суытып, қалаға немесе қалаға жақын елді мекендерге еріксіз көшіп жатқаны, жас мамандардың не себепті ауылға келгісі келмейтіні ешкімге құпия болмаса керек. «Туризмі дамып келе жатқан, табиғаты көркем Катонқарағай ауданының 19 ауылында ұялы байланыс жоқ. Осы мәселені айтып, «Билайн», «Актив», «Кссел» мен «Теле 2» байланыс операторларына бірнеше рет хат жаздық. Әуелде «Мыңнан астам адамы бар ауылдарға ғана орнатамыз. Бізге сертификат бойынша соған ғана рұқсат берілген» дейтін олар бертін келе: «біздің сертификатымыз 500 адамға дейін түсті» деді. Мұны естіген соң 500-ге жуық тұрғыны бар ауылдардағы халық санын көрсетіп, қайта хат жаздық. Енді «500-ден асатын немесе 500-ге жетпейтін тұрғындары бар ауылдарға 2021 жылға дейін орнатамыз» деп отыр. Байланыс операторларына Катонқарағайға туристер көп келетіндігін, қасиетті орындардың аз емес екендігін, ұялы байланыс тұрғындар үшін ғана емес, облыс, мемлекет имиджі үшін де қажеттігін айтудайын айтып, жазудайын жазып жатырмыз», дейді Катонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Дүйсен Бралинов.
Осы мақаланы әзірлеу барысында облыс орталығы – Өскеменге жақын ауылдардағы ұялы байланыс пен интернеттің тұрғындарға қолжетімділігін байқайық деп Ұлан ауданының үш ауылына (Ізғұтты Айтықов, Тарғын, Тайынты) арнайы барып, жұрттың пікірін тыңдап қайттық. Ізғұтты Айтықов ауылы қаладан 40 шақырым шамасында болса, Тайынты 80 шақырымдай жерде. Тарғын осы екі елді мекеннің ортасында орын тепкен. «Өскеменнен 80 шақырым Тайынтыны айтасың, қаланың дәл іргесіндегі (шамамен 5-10 шақырым) Самсоновка ауылында ұялы телефон ұстамайды. Сенбесең, өзің звондап көрші», деді менімен бірге сапарға ере шыққан әріптесім, облыстық «Алтайньюс» сайтының редакторы Дарын Нұрсапар Шешек асуынан аса бере. Әуелде сенбеген кейіп танытып, қалта телефонымды қолға алып едім, «желі жоқ» деген жазуға көзім түсті.
Біз әуелі ат басын тіреген «Өскемен-Самар» трассасының бойындағы Ізғұтты Айтықов ауылында 700-ден астам адам тұратын болса да, әлі күнге дейін ұялы байланыс орнатылмаған. «Мен мынаған таңғаламын, Өскеменнен 400 шақырым Тарбағатай ауданында ұялы телефон ұстайды да, Өскеменнен небәрі 40 шақырым жердегі бізде телефон жоқ. Біздің ауылдың орналасқан жері қолайлы. Трасса бойымен күніне қаншама адам өтеді. Туристер де көп жүреді. Байланыс операторлары осыны неге есепке алмайды?», дейді ауылдағы Қасым Қайсенов атындағы негізгі мектептің директоры Архат Рахымбердинов.
Екі ауыл – екі әлем
Өскеменнен 80 шақырым қашықтықта орын тепкен, Шыбындыкөл секілді тамаша демалыс орны бар Тайынты ауылында да осы кеп. Тайынтының Айтықов ауылынан бір ғана айырмашылығы, елді мекеннің кейбір тұстарында ұялы телефонның ілдәбайлап ұстайтындығы. Бір қызығы, осы Тайынты мен Ізғұтты Айтықов ауылының арасындағы Тарғын ауылында интернетіңіз де, ұялы телефоныңыз да таң асырған жүйріктей жүйткіп тұр. Тарғын тұрғындарының да көңіл-күйі біз аралаған екі ауылдан әлдеқайда көтеріңкі, жайдарлы екенін аңғарғандай болдық. Ауылда қыз-қыз қайнаған тіршілік лебі байқалады. Көшелері де тап-таза, үйлерінің сырты да алыстан көз тартады. Тайынтыдан тұрғындар көшіп жатса, бұл ауылда керісінше сатып алатын бос үй жоқ көрінеді. Бұл ауылдың тұрғындарының да әңгіме ауаны, талқылайтын тақырыптары да өзгеше. «Ана сайт былай деп жазыпты, әлгі депутат бүй депті» деп ауыл-ауданыңызды, тіпті облысыңызды былай қойып, республика, әлем жаңалықтарын қызу талқыға салғанда арасын небәрі 20 шақырым бөліп тұрған көрші ауыл тұрғындарының ұялы телефонға зар болып отырғаны қайта-қайта ойға орала берді.
«Кundelik.kz-ге» бағаны кейде қалаға барып қоямыз
Бірнеше жылдан бері мектептерде «Кundelik.kz» жүйесінің жұмыс істеп жатқанын мұғалімдер қауымы мен баласы мектепке баратын ата-аналар жақсы біледі. Бұл жүйенің бар екендігін ұялы байланысы жоқ, интернеті нашар ауылдардың ата-аналары ғана білмеуі мүмкін. Мәселен, Өскеменнен 500 шақырым қашықтықта жатқан шекара шебіндегі Марқакөл өңірінің Төсқайың ауылындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қырмызы Нұрпейісова электронды журналды толтыру үшін кейде түнде, сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істеуге тура келетінін жеткізді. «Себебі интернет мүлде бәсең. Мектепте интернет директордың қабылдау бөлмесі мен екі кабинетте ғана бар. Бұл кімге жетеді? Бізге кейде «ата-аналар мен оқушылар үшін де кіріп, толтыра салыңдар» деген талап қойылады. Өзіміз интернетке әзер кіріп жүрсек, олар үшін қайтіп толтырамыз?», дейді мұғалім.
Шалғайдағы Марқакөлді былай қойғанда, қаланың іргесіндегі Ізғұтты Айтықов ауылының мұғалімдері мектептегі ғаламтор меңдуана жеген қойдай мең-зең болып, орнынан қозғалмай қойғанда «Кundelik.kz-ке» бір баға қою үшін кейде 10-15 минут уақыт жоғалтады екен. Ал облыс орталығынан 80 шақырым жердегі Тайынтының мұғалімдері интернет істемей қалғанда Өскеменге барып, баға қоюға мәжбүр болатынын жасырмады. Себебі баға уақытында қойылмаса, мектептің рейтингі түсіп қалады-мыс. Қысқасы, интернеттің әлсіздігінен облыстың көптеген ауылдарының мұғалімдері «Кundelik.kz» жүйесін өз деңгейінде пайдалана алмай отыр. Бұл жүйеге ата-аналардың кіруі туралы әңгіме қозғаудың өзі артық шығар.
295 мың адам әлі де үй телефондарын пайдаланып отыр
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының берген мәліметтеріне сенсек, Шығыс Қазақстан тұрғындарының 77,4 пайызы интернет тұтынушысы саналса, өңірде 295 мыңнан астам адам үй телефондарын қолданады екен. Аймақтағы ірілі-ұсақты 710 елді мекеннің 129-ы жылдамдығы жоғары, кең жолақты (секундына 8 Мбит), 345-і орташа (секундына 1,5-2 Мбит), ал 236-сы жылдамдығы төмен (секундына 0,5 Мбит) интернет желісіне қосылыпты. «Әуелгісі түсінікті шығар. Бұл ауылдарда интернетке қаладағыдай емін-еркін кіре аласыз. Екіншісі, яғни облысымыздағы 345 елді мекен қосылған жылдамдығы орташа интернет арқылы күрделі операцияларды орындай алмасаңыз да, уатсапқа кіріп, онлайн бағдарламаларды көруге болады. Үшіншісі, негізінен халық саны аз ауылдардағы әкімдіктерге, медициналық, ветеринарлық пункттерге орнатылған. Ең әлсіз, жылдамдығы төмен интернетіңіз – осы», деп түсіндірді аталған басқарма басшысының орынбасары Асхат Букатов.
710 елді мекен. Иә, бір қарағанда облыстағы барлық ауыл интернетке қосылып, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып отыр деп ойлап қалуыңыз әбден мүмкін. Шын мәнінде солай ма? Басқарма басшысының орынбасары берген тізбеге көз жүгірткенімізде жағдайдың басқаша екендігіне көз жеткізгендей болдық. Бірнеше беттен тұратын тізбеде интернет желісі нашар ауылдар қызыл, орташасы сары, ең тәуірі жасыл түспен белгіленіпті. Әуелі қызыл түске боялған, интернет деген аты ғана бар елді мекендерден бастайық. Аягөз ауданында 50 ауылдың (ішінде стансалары да бар) 38-інде, Жармада 49 ауылдың 32-сінде, Ұланда 46 ауылдың 24-інде, Күршімде 48 ауылдың 24-інде, Абайда 10 ауылдың 5-інде, Зайсанда 35 ауылдың 14-інде, Тарбағатайда 59 ауылдың 24-інде, Үржарда 54 ауылдың 15-інде, Семейге қарасты 31 ауылдың 10-ында, Катонқарағайда 47 ауылдың 13-інде, Көкпектіде 51 ауылдың 17-сінде жылдамдығы төмен интернет орнатылған. Сәйкесінше жылдамдығы жоғары, сапалы интернет Аягөздің тек 5, Жарманың 7, Ұланның 15, Күршімнің 4, Абайдың 4, Зайсанның 2, Тарбағатайдың 7, Үржардың 8, Семейге қарасты ауылдардың 5, Катонқарағайдың 4, Көкпектінің 8 ауылына ғана бұйырыпты. Ал Алтай, Бородулиха, Шемонаиха, Глубокое аудандары мен Риддер қаласының ауылдарынан қызыл түсті аз кездестірдік. Мәселен, Бородулиха ауданының 53 ауылының бірде-бірінде жылдамдығы әлсіз интернет жоқ. Ал Алтай (бұрынғы Зырян) ауданының тек 1, Шемонайханың 33 ауылының тек 3, Глубокоеның 39 ауылының 9, 9 ауылы бар Риддер қаласының тек бір ауылында ғана жылдамдығы төмен интернет орнатылған екен.
Интернеті әлсіз, ұялы телефоны жоқ ауылдардағы жұртты қазір «Дені түзу интернет қашан келеді? Ұялы байланыс қашан қосылады?» деген екі сауал ерекше мазалап жүр. А.Букатов Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бұл тарапта тиісті жұмыстарды екі кезең бойынша жүргізіп жатқанын жеткізді. Бірінші бағыт бойынша Шығыс Қазақстанда 2019-2020 жылдары тұрғындары 500-ден асатын 190 мың халқы бар 111 елді мекенге (2019 жылы 82 ауылға (тұрғын саны 138 800), 2020 жылы 29 ауылға (тұрғын саны 51 322) талшықты-оптикалық байланыс желісі орнатылмақ. Екінші бағыт бойынша 2022 жылға дейін тұрғындары 50-ден асатын 685 елді мекенге кең жолақты интернет орнату жоспарланып отыр. Аталған министрліктің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда 111 елді мекеннен бөлек 124 мектепке, 106 емханаға, 99 жергілікті әкімдікке, 70 полиция ғимаратына, жалпы саны 402 нысанға кең жолақты интернет жеткізілетінін айтты.
Түйін
Ұялы байланыстың жоқтығы, интернеттің жылдамдығының төмендігі тұрғындардың әлеуметтік жағдайына, өз міндеттерін ойдағыдай атқаруына, жұмыстарын құлшына істеуіне, балаларының тиісті деңгейде білім алуына кері әсерін тигізіп жатқаны анық. Туризм, басқа да салалардың дамуына тұсау болып тұрғаны өз алдына бөлек әңгіме. Шығыстағы тұрғындары 500-ден асатын ауылдар сапалы интернетке 2019-2020 жылдары, тұрғындары 50-ден асатын ауылдар 2022 жылға дейін қосылатынын айттық. Десек те, 2022 жылды күтпей жылдамдығы жоғары, сапалы интернет халқы жылдан-жылға емес, күннен-күнге азайып бара жатқан тұрғын саны аз елді мекендерге тұрғындары көп ауылдармен бір мезгілде қосылса, әсіресе мектеп, медициналық пункт секілді маңызды әлеуметтік нысандарға бірінші кезекте жеткізілсе игі іс болары анық. Ауылдағы елдің ең үлкен тілегі – осы.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы