Британдық Кеңестің Creative Spark жобасының аясында өткен шараға Kazakhstan Fashion Week, AlmaU және Нортгемптон университеті (Ұлыбритания) ұйытқы болды.
Расында Fashion Business Convention – сән индустриясына арналған Creative Spark шараларының басы. Ендігі жерде ай сайын отандық дизайнерлер ең сәнді бизнесті дамытуға бағытталған шеберлік дәрістері мен тренингтерге қатыса алады. Ал бірінші рет осы оқиғаның ортасынан табылған ісмерлер тосын жаңалыққа тап болды. Мұнан былай олар шеберлік дәрістеріне тегін қатысады.
Алғашқы FBC кезінде Қазақстан ұлттық сән апталығының құрылтайшысы әрі PR директоры Ботагөз Алдоңғарова, танымал бірнеше брендтің иесі, дизайнер Ольга Станишевская, «Kazakh Invest» АҚ өкілдігі директорының орынбасары Алтынай Мұқанова сөз алып, сән әлемінде болып жатқан үрдістермен бөлісті.
Алтынай Мұқанованың айтуынша, жеңіл өнеркәсіппен айналысатын 984 кәсіпорын бар. Бұлар көбінесе оңтүстік өңірлерде орналасқан тігін өнеркәсібі, тері бұйымдарымен айналысатын шағын кәсіпорындар.
– Бұл кәсіпорындарда 12 мыңдай адам, негізінен әйелдер нәпақа тауып отыр. Дегенмен, Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің үлесі 1% ғана. Салыстыру үшін бұл көрсеткіш көрші Қытайда 40%, Үндістанда 60% екендігін айта кетуге болады. Бізде бұл салада әлі де үлкен бәсеке болмағандықтан, өз үлесіңді алуға болады, – дейді Алтынай Мұқанова.
FBC ұйымдастырушыларының бірі, Almaty Management University бизнес-инкубаторының жетекшісі Данияр Медетов: «Біз британдық әріптестерімізбен еліміздің fashion-индустриясын зерттей келе, осы салада біраз олқылық бар екендігін байқадық. Дизайнерлеріміз өз брендінің сапасы мен нарықтағы орнын терең түйсіне бермейді. Бір жағынан бізде олардың осы бизнесті алып жүруге баулитын бағдарламалар жоқ десек те болады. Қазірге Kazakhstan Fashion Week ұйымынан басқа сапалы бағдарламалар жасауға ұмтылып отырған мекемелерді кездестірген жоқпын», дейді.
Сонымен өз бастауын алған отандық Fashion Business Convention жобасы жалғасын табады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ