02 Ақпан, 2012

Өз елінде өзі қонақ болғысы келетін оралман ағайындардың ойлағандары не?

598 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Өз елінде өзі қонақ болғысы келетін оралман ағайындардың ойлағандары не?

Бейсенбі, 2 ақпан 2012 7:34

Қазақ елінің тәуелсіздік алуы республикадан тысқары жерлерде жүрген отандастарымыздың ата­жұртқа оралуына кең жол ашты. Егер деректерге жүгінер болсақ, 1991-2011 жылдар аралығында 221,3 мың отбасы немесе 860,4 мың қандастарымыз Қазақстанға келген екен.
1993 жылдан бастап келу­шілер үшін жыл сайынғы квота белгіленуі де атамекенге оралам деушілер үшін қолайлы жағдай­лар туғызды.  Өйткені квотаға енген оралмандарға жәрдемақылар мен өтемақылар түрінде, соның ішінде тұрғын-жай сатып алу үшін де, қосымша әлеуметтік көмектер көрсетілді, жаңа орынға көшіп келуіне байланысты кеткен шығындары қайтарылды.

Бейсенбі, 2 ақпан 2012 7:34

Қазақ елінің тәуелсіздік алуы республикадан тысқары жерлерде жүрген отандастарымыздың ата­жұртқа оралуына кең жол ашты. Егер деректерге жүгінер болсақ, 1991-2011 жылдар аралығында 221,3 мың отбасы немесе 860,4 мың қандастарымыз Қазақстанға келген екен.
1993 жылдан бастап келу­шілер үшін жыл сайынғы квота белгіленуі де атамекенге оралам деушілер үшін қолайлы жағдай­лар туғызды.  Өйткені квотаға енген оралмандарға жәрдемақылар мен өтемақылар түрінде, соның ішінде тұрғын-жай сатып алу үшін де, қосымша әлеуметтік көмектер көрсетілді, жаңа орынға көшіп келуіне байланысты кеткен шығындары қайтарылды.

Егер алғашқы жылдары Қа­зақ­станға қоныс аударушылар қатары бірнеше мың отбасын ғана құраса, 2005 жылы имми­­гранттарға бөлінген квота 15 мың отбасына, ал 2009-2011 жылдары 20 мың отбасына дейін жеткізілді.
Осындай әңгіме үстінде қай мемлекеттерден келгендер көбі­рек екен деген қызығушылық сауал­­дың туатыны да заңды. Егер ондай сұраққа жауап іздеп көрер болсақ,  оралмандардың 60,5 па­йызының Өзбекстаннан, 10,4 па­йы­­зының Моң­­­ғолиядан, 12,4 па­йы­­­­­зының Қы­­­тайдан, 7,8 пайы­­зы­ның Түркі­­мен­станнан, 5,3 пайы­зы­ның Ресейден келгенін атап көр­сетер едік. Ал қалған 4 пайыз өзге елдерден келгендерді құрайды.
Елге оралған қандастарымыз­дың облыстар бойынша орналасуына көз жүгірткен кезде мынадай көріністі байқауға болады. Орал­мандардың 24,3 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына, 18,2 пайызы Алматы облысына, 13,3 пайызы Маңғыстау облысына, 7 пайызы Жамбыл облысына қоныстанған. Осы сандарды ой елегінен өткізе отырып Қазақстанды Отаным деп келген бауырларымыздың 60 пайыздан астамының төрт облысқа ғана қоныстанғанын көруге болады. Оның сыры неде?
Енді өткен жылы елге келіп атбасын тіреген туғандарымыз­дың ел өңірлері бойынша орналасу жағдайына назар аударып қа­райық. 2011 жылы республикаға шетелдерден 43960 адам немесе 14850 отбасы қоныс аударған. Осы ағайындардың 6700-і Оң­түстік Қазақстан облысын, 5217-ісі Маңғыстау облысын, 3648-і Алматы облысын, 3516-сы Жамбыл облысын, 2429-ы Шығыс Қазақстан облысын өздеріне тұр­ғылықты жер ретінде таңдаған. Бұл жерде «таңдаған» сөзі ән­шейін айтыла салып отырған жоқ.
«Елім» деп «еңіреп» жеткен қандастарымыздың республи­ка­ның облыстарын қоныстану жа­ғ­дайына көз сала отырып нені аңғаруға болады? Ол –  алыс-жа­қын шетелдерден келген бауыр­ларымыздың негізінен Қазақстан­ның бес-алты облысын ғана мекен етуді қалайтындығы. Ал, ол нені білдіреді? Ащы да болса айтайық, ол жаңа өзіміз атап өт­кендей, «еңіреп» жеткен бауыр­ларымыздың Қазақстанға Отаным деп емес, осында бұрыннан тұрып жатқан немесе соңғы жылдары көшіп келген ағайын-ту­ғандарын сағалап, күнелту үшін келетіндігін дәлелдейді. Бұл ретте тіпті қыр-соңымыздан қалмай қойған жаны сірі рушылдықтың да қылаң беріп жатқан болуы әбден мүмкін. Әйтпесе қазақ үшін, әсіресе, алыста,  жат жұрт­та жүріп туған елін аңсаған қазақ үшін ұлан-байтақ Қазақстанның кез келген түкпірі Отан емес пе? Жалпы, Отан деген асыл сөзді белгілі бір облыстардың шеңбе­рімен ғана шектеп,  мына жер жақ­сы, мына жер жаман деп, ата­­мекенді алалауға бола ма өзі. Олай болған күнде, ата-бабаларының кіндік қандары тамған қасиетті топырақты аңсап келген бауырла­­­рымыздың көксегендері не? Бәлкім олар біз мына Шымкент пен Жамбыл өңірі тәрізді күншуақты аймақтарда қолымызды жылы суға малып отыра берейік, ал ана, ауа райы қытымыр солтүстік пен батыстағылар бұрынғысынша өз күндерін өздері көре берсін деп ойлайтын болар? Олар сол өңірлерге үйренген, олар ата-бабаларынан қалған жерлер, сондықтан ондағылардың тұра беретініне еш күмән да жоқ. Мә­селе онда емес, біздің айтпағымыз басқа. Атажұрт деп асығып келген, сағынып келген ағайындарымыз бойларында қазақтың қаны бар екенін, азаматтығын көрсетіп, тізесін енді тіктеп жатқан жас мемлекеттің қолтығынан демеудің орнына, жылы жерге тұмсықтарын сұғып бұғып отыратын болса, ондай қандастардан Қазақстанға не пайда? Елге жандары ашымайтын, келмей жатып талап қоятын қазақтарды шақырып, құшақ жая қарсы алу қаншалықты дұрыс деген сауал да осындайда туындайды. Біз бұл жерде тиесілі квотаны алып, соған сәйкес белгілі бір жеңілдіктерді пайдаланып, артынша келген жақтарына қайтадан қа­шып кеткен қазақтар туралы тіпті айтып та отырған жоқпыз. Ал, ондайлар жетіп-артылады. Міне, туған жерді сағынудың, құрмет­теудің бір көрінісі.
Енді оралмандар әзірейілдей көретін еліміздің батыс және сол­­түстік облыстарына келер бол­­сақ, бұл өңірлерде халық ежелден сирек қоныстанған. Сол сирек қо­ныс­­­танған халықтың арасында қазақтар тіптен аз. Бұл – бір. Екіншіден, жұмыс күші де дәл осы облыстарда жетпей жатыр. Үшін­­­ші­­­ден, жергілікті ұлт өкілдері са­­­нының аздығы аталған өңірлерде ана тіліміздің өркендеуіне де елеу­­лі нұқсан келтіріп отыр. Осы ай­­тылғандарды және кең-байтақ Қа­­­зақстанның барлық жерлерінің де қазақтар үшін Отан болып табылатынын ескере келгенде, алыста жүрген ағайындарымыздың біртұ­­тас Қазақ елінің кейбір өңір­леріне мұрындарын шүйіре қара­­уын тү­сіну де, түсіндіру де өте қиын.
Осыдан оншақты жыл бұрын қызмет бабымен Германияда бол­ған кезімде, егде жастағы неміс әйелінің әңгімесін естігенім бар. Бұл елдің де Қазақстан сияқты елге оралған өз отандастарын ықы­ласпен қабылдап жатқаны белгілі. Әңгіме де дәл сол мәселе төңі­­­регінде өрбіді, яғни жаңағы кісіге Германияға оралып жатқан неміс­терге қандай жақсылықтар мен жеңілдіктер жасалуда деген сауал қойылды. Бұл сауалға әлгі неміс ұлтының өкілі сырттан келген немістерге неліктен жақсылық жасалуы тиіс, олардың бүгінгі Гер­манияның өсіп-өркендеуіне қандай еңбектері сіңді. Жақсылық осы елді дамытуға үлес қосып жүрген немістерге жасалуы керек, ал енді ғана көшіп келіп жатқандардың бізге қандай да бір талаптар қою­ларына құқылары жоқ, алдымен еңбектерін сіңірсін, содан кейін ғана талап қойсын деп жауап берді. Біз сияқты көлгірсуді, жылтыр сөзді білмейтін, өмір сүру тәжі­рибелері мол, салтына берік, өрке­ниетке жеткен, сон­дық­тан да әр нәрсені өз аты­мен атайтын неміс халқының өкілі осылай дейді. Дәлелімен келтірілген бұл сөзге қарсы дау айту қиын.
Бірақ Қазақстан мемлекеті де, қазақтар да алыстан келген аға­йындарға мұндай тік мінез көз­қарас танытып отырған жоқ. Ке­рісінше, қандастарымыздың елге келуін жеңілдетуде және оларды жаңа жағдайларға бейімдеуде мемлекет тарапынан белгілі бір шаралар да қабылданды. Оралман­­дардың Қазақстан қоғамына тез­детіп кірігіп кетулері үшін 2007 жылдан бастап олар көбірек қоныс­­танған Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында  және Қарағанды қаласында бейімдеу және кіріктіру орталықтары ашылды.  Бұл орталықтарда құқықтық мәселелер, мемлекеттік тілді, қа­жет болған жағдайда орыс тілін үйрету бағытында тегін ақыл-кеңестер беріледі, кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілікті арттыру жұмыстары жүзеге асырылады. Оның сыртында, әрбір об­лыс­та оралмандардың елге келгеннен кейінгі алғашқы уақыттарда тұра тұруларына жағдай туғызатын уақытша орналастыру орталық­та­ры бар. Қолданыстағы заңнама­­ларға сәйкес жергілікті атқару органдары оралмандарды тегін меди­­циналық жәрдемнің кепілді көле­­мімен қамтамасыз етеді, мұқтаж­­дарға мектептер мен балабақ­ша­лардан, әлеуметтік қорғау меке­мелерінен орындар беріледі, жеке тұрғын үй саламын  және өнді­ріс­пен айналысамын деушілерге мүм­кіндігіне қарай жер телімдері бөлінеді. Олардың  Қазақстанда тұ­­рақты тұрулары және Қазақстан азаматтығын алулары үшін қара­пайымдатылған процедуралар қа­рас­­­тырылған. Мәселен, азаматтық алу үшін өтініш берген кезде ол адамның Қазақстанда міндетті түрде бес жыл тұруы талап етіл­мейді. Өткен 2011 жылдың өзінде ғана 35617 оралманның, ал тәуел­­сіздік жылдары ішінде 757 мың қандастарымыздың, немесе 1991 жылдан бастап елге оралған­­дар­дың 90 пайызының  Қазақстан аза­­маттығын алуы біздің бұл сөзімізге толық дәлел.
Осы орайда оралмандарды орналастыру мәселесін шешу мақса­­тында Қазақстанда «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданып, ол бойынша жекелеген тұрғын үйлер ғана емес, сонымен бірге бүтіндей бір ауылдардың тұрғызылғанын да айта кеткен орынды. Қазақстанды шынымен елім-жерім деп келгендер мүмкіндіктерінше осындай игіліктерді пайдаланып, еліміздің түрлі өңірлерінде еңбек етіп, жап-жақсы өмір сүріп жатыр. Осы айтылғанға шағын мысал ретінде Қостанай облысының Рудный қа­ласына Өзбекстаннан қоныс ау­дарған қазақ­тар­дың Соколов-Сарыбай кен өн­ді­рі­с­тік бірлестігінде өздеріне жұмыс тауып, тұрғын­да­рының 90 пайызға жуығы орыс­тіл­ділер болып саналатын Рудный қала­сында қа­лыпты тіршілік кешіп жатқандарын айтуға болады. Бәл­кім жаңадан қоныс аудар­ғандықтан тұрмыстарында белгілі бір проб­лемалардың да болуы мүм­кін, бі­рақ «көш жүре түзеледі» деген мә­телді ескерсек, олардың да біртін­деп шешім табарына күмән жоқ. Жалпы, Қостанай облысына көшіп келген ағайындарды Қазақ­станның егемендігін нығайтуға өзіндік дәрежеде үлес қосып жүргендер деп айтуға толық негіз бар. Біріншіден, олар осындағы аса ірі кәсіпорын – ССКӨБ-ке жұмыс­шы болу арқылы жұмыс күшін сырттан іздемей, өз қандаста­ры­мыздың көмегімен-ақ мәселенің шешілуіне жағдай туғызып отыр. Екіншіден, тұрғындары 140 мың адам болатын Рудный қаласында кешегі кеңестік кезеңде небары 9 пайыздай ғана қазақтар тұрған­­дықтан қазақ мек­тебі мұнда мүлде болған емес. Ал бүгінде қалада төрт қазақ мектебі бар көрінеді. Бұл ұлттық салт-дәстүрлерден біржола қол үзіп қалуға жақын­даған қала үшін үл­кен жетістік. Ол жетістікке осы өңірді жатсынбай, елім-жерім деп келген оралман ағайындардың ар­қасында қол жетіп отыр.
Ертеректе білімді, көздері ашық азаматтармен әңгіме барысында осы біздің халықта патриот­тық рух күшті деп айтудың өзі қалай болар екен деген бір екі­ұшты сауалдың тасталғаны есімде. Сонда әңгімеге қатысып отыр­ғандардың бірде-бірі жоқ, олай емес деп қарсылық білдіре қойған жоқ, бәрі де айтылған пікірмен келіс­кендей сыңай танытты. Егер тере­ңірек ойлап қарасақ, патриотизм деген сезімнің өзі дербес мем­лекеті бар халықтарда ғана болуға тиіс сияқты. Өйткені ондай сезім туған халқыңның бойындағы оны жер жаһанға танытқан ерек­ше­­ліктеріне, мемлекетіңнің әлем ел­дері арасынан өзіне лайық орын ала отырып, алға басқан қадамда­­рына деген мақтаныштың нәтиже­сінде пайда болады. Менің елім осындай, менің халқым  осындай, мен сол елдің азаматымын  деген ойлар адамның рухын көтеріп, көңілін асқақтатады.  Адамның бо­йын кернеген осындай зор мақ­таныш сезімі келе-келе өз Отанына деген патриоттық  сезімге ұла­сады. Мұның өзі бір жыл, екі жыл емес, ұзақ уақыттарға созылатын үдеріс. Әрине, мұндай қасиетті бойға сіңіру үшін адам өзінің туған елінде тұрып, өз халқымен қоян-қолтық өмір сүруі тиіс. Жай ғана өмір сүріп қоймай, сол елдің ыстық-суығын сол елде тұратын халықпен бірдей көруі керек. Осылайша елмен біте қайнасқан адам ғана сол елдің патриоты болуға қабілетті. Ал өмір бойы сыртта жүрген адамдар туралы олай деп айту қиынырақ. Қазақта «Тапқан әке емес, баққан әке» деген сөз бар. Бұл сөздің мағынасы адам қай жерде, кімнің қолында өссе, оған сол жер мен сол адам ыстық болады дегенді білдіреді.
Алыста жүрген ағайындары­мыздың мен ана облысқа бармаймын, мына облысқа ғана барамын деп мұрын шүйіруін, квотадағы жеңілдіктерді пайдаланып елге келіп алып, ізінше кері кетіп қалуларын тек осы айтылғандар­мен ғана түсіндіруге болады. Обалы не керек, мына жерге үйрене алмадым, бұрынғы тұрып келген жеріме қайтпасам болатын емес, деп келген мемлекеттеріне қайта кетіп қалған кейбір аға­йындардың өздері де шындықты мойындапты. Жаңа жерге бірден үйренісіп кетудің ауыр тиетінін, алғашқы кезде біраз проблема­лардың ұшырасатынын түсінеміз. Робот сияқты жұмыс істейтін кейбір шенеуніктердің алыстан келген ағайындарға салқын қа­райтынынан, кейде себепсізден-себепсіз әуре-сарсаңға салып қоя­тынынан да хабардармыз. Ондай келеңсіздіктермен жергілікті тұр­ғындар да аз ұшырасып жат­қан жоқ. Бірақ, халқымызда «Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа» деген сөз бар емес пе…
Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, адамдардың да жаратылысы, мінез-құлықтары әр­түрлі. Сондықтан жұрттың бәрін бір қалыпқа сыйғызамын деу қателік. Жоғарыда айтқанымыз­дай, сырттан қоныс аударып келген көптеген қандастарымыздың Қазақстанның солтүстік өңір­лерінен өздеріне мекен тауып, еңбек етулері ол сөзімізге дәлел. Осы аз ғана мысалдың өзінен-ақ елге оралған отандастарымыздың бәрінің бірдей өздерінің атаме­кендеріне шекесінен қарамайты­нын, аңсаған Қазақстанымыздың бір пұшпағынан орын бұйыр­ғанына тәубе деп, өзге жұртпен бірге еңбек етіп, тыныш қана өмір сүріп жатқандарын аңғаруға болады.  Шынын айтсақ, Қазақ­станда өмір бойы табан аудармай тұрып келген және елдің өсіп-өркендеуіне белгілі бір дәрежеде үлестерін қосқан қазақтардың да мынадай аумалы-төкпелі нарық заманында шекелерінің шылқып тұрғаны шамалы. Тыңдай берсең, олардың да ақтарып салар наздары аз емес. Өкпелерін қолдарына ұстап жүрген ағайындардың екі қолға бір жұмыс таба алмай дағдарған сол қандастарына да бір қарап қойғандары артық болмас еді. Ал енді, өз еліне өзі бұлданбайтын, өз еліне өзі қонақ болмайтын, мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті қанағат етіп, одан арғысын өз тірлігімен жал­ғастырып әкетіп жатқан ағайын­дарға қазақстандықтар да риза. Қарамыз көбейер еді, сондай ағайындар көбірек келсе екен деп тілейді…
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.