Облыс әкімі жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы 3 маңызды мәселе шешіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, біріншіден, ол салық базасының ұлғаюы, екіншіден – жаңа жұмыс орындарының құрылуы және үшіншіден - қоғамдық-саяси ахуал тұрақтылығының жақсаруы.
«Біз өткен жылы жалпы бюджеті 32 млрд. теңге болатын арнайы «Жол картасын» әзірледік. Бұл қаражаттың 3 млрд. теңгеден астам бөлігін «Стартап» жобаларына бағыттадық. Ал, биылғы жылы әртүрлі қаржы көздерінен 34 млрд. теңге қарастырдық. Сонымен бірге, қайтарымсыз гранттар, шағын несиелер мен несиелерді алудың қадамдық іс-әрекеттерін, типтік бизнес жоспарларды әзірлеп, жобаларды сүйемелдеу үшін әрбір ауылдық округке облыстық деңгейден жауапты лауазымды тұлғаларды бекіттік», - деді аймақ басшысы. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Сөз ыңғайында еске салсақ, 2018 жылдың басында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 37 450 бірлікті құраса, бүгінгі күні олардың саны 42 342 бірлікке жеткен. Яғни, бір жыл ішінде облыстағы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнестің саны 4 892 бірлікке ұлғайып, өсім өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым өскен.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Egemen Qazaqstan»
Қызылорда облысы