Аймақтар • 12 Ақпан, 2019

60 мың моншақ тізілген портрет

55 реткөрсетілді

Бисермен тоқу негізінен әйел затына тән өнер десек, олардың қатарында сирек болса да ер адамдарды кезіктіруге болады. Сондай қолөнер шеберінің бірі Петропавл қаласында тұрады.

Александр Тюриннің бисермен бұйымдар жасау технология­сын игергеніне көп бола қойған жоқ. Зейнетке шыққаннан кейін ғана түбегейлі айналыса бастапты. Қазір жеке коллекциясында көздің жауы­н алатын 200-ден астам шығарма бар. Оның ерекше шыдамдылықты, шеберлікті, шығармашылық өй-өріс пен еркіндікті талап ететін өнер жолына келуі тіпті кездейсоқ. Кезекті күзет қызметінде жүргенде бір мейір­бикенің ақ матаға кесте тігіп отыр­ғанын байқап қалады. Оның қолы қолына жұқпайтын көз ілестірмес қимылы, әбден машықтанып алғаны соншалық, әңгімелесіп отырып-ақ тоқи беретін ісмерлігі мұны қатты таңдандырады. Содан іші пысқан сәттерде қолына ине мен жіп алып, бұл да ермек етуге кіріседі. Қалай тез үйреніп кеткенін өзі де аңғармай қалады. Бастапқыда сырт көзден жасырып жүрсе, кейін қысылып-қымтырылмайтын болады. Тәжірибесі қалыптаса келе моншақпен кестелеп тоқуға ден қойып, қосымша әшекей заттарды қолдана бастайды. Жай суреттерден бастап күрделі жұмыстарға дейін жан-жануарлар, өсімдіктер әлемін, жекелеген адамдарды бейнелеп шығарады. Натюрморт, пейзаж –сүйікті тақырыбы. Әр туындыға кемі бір айға жуық уақыт, 30-40 мыңдай бисер жұмсалады екен. Ал өмірлік жары Татьянаға «Құмырадағы гүл» картинасын арнап, екі ай бойы көз майын тауысып жұмсаған еңбек 60 мың ұсақ моншақпен көмкеріліпті. 

Ісмер жан туындыларын саудаға шығарып, бұлдаған емес. Тек туған-туыстары мен дос-жарандарына ғана сыйға тартады. Қазір кестелеу өнерін қызы мен жиеніне үйретіп жүр.

− Бисермен тоқу өте қызықты, айналысқан адамға ерекше шабыт, ләззат сыйлайды. Оның тарихына көз жүгіртетін болсақ, халық шы­ғар­машылығы ретінде кең тарал­ған түрлері көп. Мен екі-үш әдісін ғана таңдап алдым. Бүгінде дүкен сөрелерінен бисерден тоқылған бұ­йым­дарды, әшекейлі заттарды, ки­ім­дерді жиі кездестіруге болады. Де­мек, оған деген қызығушылық артып келеді деген сөз, – дейді зейнеткер.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Солтүстік Қазақстан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар