Парламент • 12 Ақпан, 2019

Б.Сағынтаев баяндама жасаған әкімдерді сынға алды

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев әкімдердің баяндамасын сынға алды.

Б.Сағынтаев баяндама жасаған әкімдерді сынға алды

«Жиналысқа дайындалған кезде былтырғы атқарылған жұмыстың бәрін айтып өтпей, нақты мәселелерді баяндау керек. Былтырғы болған жағдай бітті. Қазіргі уақытта қандай мәселелерді шешуіміз керек? Бәрін айтамыз. «Баяғы жартас, бір жартас» деген қазақта сөз бар. Су тасқыны келеді, судың астында қалады. Қыс келеді, үйлер өртеніп жатады. Ал бәріңіздің баяндамаларыңыз керемет» деді Б.Сағынтаев. 

Премьер-Министр Үкімет отырысында айтылған кемшіліктерге жауап беру қажеттігін атап көрсетті. 

«Жаңа министрлер қандай кемшіліктер бар екенін айтып өтті ғой. Сол жөнінде жауап беру керек. Неге қаржыландыру мәселесі шешілмеді? Неге іске қосылмады? Неге өртке жол берілді? Қандай тексерістер жасалып, қандай іс-шаралар қабылданды? Ол туралы бір сөз жоқ. Айтатындарыңыз «бәрі керемет, бәрі жақсы, қатаң бақылауда». Қандай бақылауда екенін көріп отырмыз» деді Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар өңірлердегі өрт қауіпсіздігі мен су тасқынынан қорғау жұмысында ерекше көңіл бөлуді талап ететін мәселелер бар екенін мәлімдеді. Осыған байланысты Б.Сағынтаев Ішкі істер министрлігі мен барлық әкімдерге тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі мәселелерін жылыту маусымы аяқталғанға дейін бақылауда ұстауды тапсырды. 

«Тұрғын үй алабындағы өрттің алдын алуды әрі қарай жалғастыру қажет. Әсіресе, көп балалы және аз қамтылған отбасылар, мүгедектер мен қарттар  тұратын үйлерді жіті назарда ұстау қажет» деді Премьер-Министр. 

Айта кету керек, Үкіметтің бүгінгі отырысы тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу, 2019 жылғы су тасқыны кезеңіне орталық және жергілікті атқарушы органдардың даярлығы, 2019 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындыларына арналды.