Қазақстан • 12 Ақпан, 2019

Әсем ғимараттардың тарихын толғаған жинақ жарыққа шықты

692 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы жайлы жазылған тарихи еңбектер, көркем шығармалар аз емес, жуырда солардың қатарын қала көшелеріндегі жекелеген сәнді ғимараттардың салыну тарихы туралы толғаған өзгеше кітап толықтыра түсті. 

Әсем ғимараттардың тарихын толғаған жинақ жарыққа шықты

Сәулетші мамандардың арнайы ізденісімен құрастырылған жаңа кітаптың бай мазмұны оқушысын қызықтырмай қоймайды. Қала тұрғындары мен сырттан келетін меймандардың көңілін арбайтын әсем ғимараттар көшеден кездейсоқ орын теппеген, әрқайсының салыну тарихы өзінше қызық. Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің бас сарапшысы Владимир Печерских бастаған мамандар «Алматы қаласының мәдени нысандарын жобалау тарихынан» деп аталатын бұл кітапты құрастыруға он жыл уақытын жұмсаған. Бастапқыда кітапта Алматының барлық көрікті ғимараттарын қамту жобаланғанымен, кейін тек «мәдени ескерткіш» мәртебесі бар мекемелерді ғана жариялауды жөн деп шешіп, авторлар 1930 бен 1980 жылдардың арасындағы Алматының гүлденген кезеңін қамтыған.

Жинақта 144 құжат топтастырылған, оның 29-ы графикамен берілген. Оқырман қауышып отырған материалдардың барлығы алғаш рет жарияланып отыр. Авторлар Абай атындағы Опера және балет театры, Ленин атындағы сарай (Республика сарайы), М.Әуезов атындағы академиялық драма театры, М.Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театры, Мемлекеттік цирк, Мемлекеттік музей, Офицерлер үйі, шетелдермен мәдени байланыс жасайтын Достық үйі, «Арман», «Қазақстан», «Октябрь» кинотеатрлары, Т.Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясы, Алматы хореографиялық училищесі, Алматы мақта-мата комбинаты секілді негізгі нысандардың жобалану тарихынан сыр шертіп, оқырманға мол мәлімет ұсынады. «Кітапты құрастыру барысында бұрын көпшілікке беймәлім болып келген кейбір құжаттардың «құпиясы» ашылды, – дейді В.Печерских. – Мысалы, Достық даңғылының бойында орналасқан республикалық партия тарихы архиві, (бүгінгі ҚР Президент Архиві) о баста басқа жерде – Сәтбаев көшесінің оңтүстігіне қарай орналасқан бүгінгі Ә.Қастеев музейінің орнында салынатын болып жобаланған. Шевченко көшесіндегі Достық үйі де басқа орыннан қоныс табуы тиіс еді. Ал кейбір ғимараттар ескіріп кеткендіктен, көше бойынан сүріліп кетті. Олардың қатарында Мәметова мен Назарбаев көшелерінің қиылысындағы 1955 жылы салынған «Октябрь» кинотеатры, ел аузында көп сақталған ескі ТЮЗ ғимараттары бар.

– Айта кетейік, Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік техникалық-ғылыми құжаттама архиві 1974 жылы құрылған, жаңа кітап мекеменің 45 жылдық мерейтойына орай жарыққа шығып отыр. Жарты ғасырға жуық жұмыс істеп келе жатқан мекемеде белгілі ғалымдар мен архитекторлардың зерттеу еңбегіне байланысты жеке текті 36 қор, жалпы 205 мыңнан астам қор жинақталған. Көпшілігі сәулет құрылысы, тарихи ғимараттардың сызбасы мен салыну жобасына арналған. Бұл деректердің барлығы да тұтынушы сұранысына ие маңызды құжаттар болып саналады, – дейді архив директоры және кітаптың жауапты редакторы Баян Жұматаева.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ