Қазақстан • 12 Ақпан, 2019

Каспийөңірлік кәсіпкерлік орталығы ашылады

428 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жастар жылының аясында Yessenov University қабырғасында «Жас ғалымдар» Кеңесі», «Жас зерттеушілер клубы», «Жас кәсіпкерлер қауымдастығы», болашақ заңгерлерден құрылған «Заң клиникасы» ашылады. Аталған ұжымдық топтар әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігінде сұранысқа ие болатын жас мамандар даярлауға күш салады. 

Каспийөңірлік кәсіпкерлік орталығы ашылады

Бүгінгі таңда оқу орнында жас кәсіпкерлер қауымдастығындағы бес студенттің стартап жобасы қолдау тапқан, олар - биопакет жобасы, өзін өзі қуаттандыратын автокөлік, ақылды таяқша, Маңғыстауда өсетін женьшень және емдік сабын шығару жобалары. Қазір бұл жобаларды экономикалық тұрғыдан қолдау мен нарыққа қалай шығару жолдарын аталмыш университет жанынан құрылатын Каспийөңірлік кәсіпкерлік орталығы арқылы іздестіріп, жастардың идеясын одан әрі дамыту жолындағы жұмыстар жүргізілуде.

Оқу орны ректорының айтуынша, университет әзірге кәсіпкерлік жобаларды қолдауда университет студенттерімен шектеліп отыр, болашақта Маңғыстау өңіріне қызмет етуді жоспарлаған. Яғни, ашылатын орталыққа маңғыстаулық кез келген жас өзінің жобасымен келе алатындай жағдай жасалады. Сондай-ақ, мамыр айында университет қабырғасында Каспий аймағы елдері университеттерінің студенттері арасында «Жас кәсіпкерлер» халықаралық форумын өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар студенттердің шығармашылық ойлау қабілеттерінің ашылуына, зияткерлік және шығармашылық мүмкіндіктерінің, көшбасшылық қабілеттері мен дарындылығын, ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету мақсатында университетте әртүрлі шығармашылық үйірмелер, атап айтқанда домбырашылар үйірмесі, студенттік театр үйірмесі, би ансамблі, вокал және көркемсөз оқу, сондай-ақ, дизайн үйірмелері жұмыс жасайды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы