12 Ақпан, 2019

Арнайы сыныптар аутист балаларды алаламайды

73 реткөрсетілді

Астанадағы №85 мектеп-лицейінде аутист балаларға білім беруге арналған сынып ашылды. Бұл «Болашақ» корпоративтік қорының инклюзияны қолдауға байланысты бас қалада ашқан бесінші кабинеті. Жоба аясында биыл Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Түркістан облыстарында 20 кабинет ашу жоспарланған.

Арнайы сыныпта жеке пәндер, топтық пәндер, тынығу және ұстаздың жұмыс аймағы сияқты бірнеше аймақ бар. Әр балаға жеке-жеке орын және тьюторлар (арнайы педагог) қарастырылған. «Аутист балалар зейінін шоғырландырып, бір орында көп отыра алмайды. Сондықтан оларды жалықтырмау үшін сабақтың бір бөлігін жеке пәндер аймағында, енді бір бөлігін топтық пәндер аймағында өткіземіз. Әр баланың өзінің оқыту бағдарламасы бар. Оларды суреттері көрсетілген сабақ кестесімен қызықтырып отырамыз», дейді тьютор Әлия Ержанова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бала мектепте білім алып қана қоймай, тең құрбыларының қатары болып олармен достасуды, ойнауды, көмектесуді үйренеді. Оның үстіне аутист балалардың арасында ерекше дарыны барлар жиі кездесетін көрінеді. Сондықтан да оларды қоғамнан бөліп-жаруға болмайды.

«Мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары туралы барлық бекітілген заңдарға қарамастан мектептер аутизмі бар балаларды қабылдауға дайын емес. Соңғы 10 жылда әлемде және Қазақстанда мұндай балалардың саны 10 есеге артқан. Қазір бүкіл елде аутизмді ауру ретінде емес,  қалыпты күй ретінде қабылдай бастады. Сондықтан да біздің басты мақсатымыз – оларды қоғамның толық мүшесі етіп шығару. Мысалы, біздің жобамызда 12 жасқа дейін үйде отырған балалар бар. Қазір олар қиын мысалдарды шешіп жүр. Басқа балалардың қателіктерін де көрсете алады. Тағы бір қызымызға бейімделу оңай соққан жоқ. Ал қазір ол мыңдаған элементі бар пазлды жинап отырады. Әр баланың жеке бір қасиеті болады. Біз соны ашып, дамытуға көмектесуіміз керек», деді «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова.

«Әр бала мектепке лайықты» деп аталатын бұл жобаға bolashakcharity.kz сайтындағы анкетаны толтырып қатысуға болады. 9 жастағы ұлын осы арнайы сыныпқа берген Орынай Айтжанова есімді ана жобаға ризашылығы шексіз екенін жеткізді. «Баламның диагнозы психикалық дамудың тежелісі (ЗПР) болатын. Тілі кеш шығып, ойын толық жеткізе алмайтын. Сол үшін балалардан қысылатын. Қазір балам үшінші тоқсанды бастады. Өзгеріс өте үлкен. Өз қатарларымен бірге әдеттегі сыныпта оқиды. Күннен күнге сөздік қоры көбейіп келеді. Кез келген ортада емін-еркін сөйлейді. Бұған дейін сонысы үшін оны балалар кемсітетін. Үйде немесе психикалық мектепте оқытқанымызда түрлі күрделі диагнозы бар балалардан көргенін істеп, бүгінгідей дамымас еді. Ерекше ризамын», деді ол.

Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»

Суреттер «Болашақ» корпоративтік қорының баспасөз қызметінен алынды.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Цифрлы фермалар көбейеді

Қазақстан • Бүгін, 10:03

Жастар жылында жаңалық көп

Аймақтар • Бүгін, 09:59

Жақсының аты өшпейді

Қоғам • Бүгін, 09:56

Жақсының жолы – жарық күн

Қоғам • Бүгін, 09:48

Кененнің кемер белдігі

Қоғам • Бүгін, 09:36

Жанашыр жобалар игілігі

Аймақтар • Бүгін, 09:23

Ұқсас жаңалықтар