13 Ақпан, 2019

Шығыс отарлық таңбадан қашан арылады?

577 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Шығыс отарлық таңбадан қашан арылады?

Социализм әлі «сайрап» тұр

Өткен жылы облыста 51 Ленин, 21 Киров, 68 Совет­ская, 47 Октябрьская, 29 Ком­сомольская, 15 Совхозная, 13 Кол­хозная көшесі болған еді. Был­тыр облыстық тілдерді да­мыту жөніндегі басқарма өңір­дегі идеологиялық тұрғыдан ес­кірген атауларға сараптама жа­сап, аймақтағы 7765 көшенің 439-ының, 1076 әкімшілік-аумақ­т­ық бірліктің 48-інің және 11 мектептің атауы осы санатқа жататындығын анықтаған-ды. Со­ның ішінде Өскеменде идео­логиялық тұрғыдан ескірген 30 көше, Риддер қаласында 8 көше, Алтай (бұрынғы Зырян) ауданында 68 көше, ал бір ғана Глубокое ауданында Ленин, Комсомол, Совхозная сияқты кө­­шелердің саны 91 екендігін айтқан еді. Бір жылда не өзгерді? Өзгерістің ең үлкені – Елбасы Жарлығымен Зырян ауданы мен Зырян қаласының атауы Алтай деп аталды. Өскеменде де сең қозғалып, былтыр Карл Маркс даңғылына Қаз дауыс­ты Қазыбек бидің, Ворошилов көшесіне Шәкәрімнің, Ор­д­же­­никидзе көшесіне Са­­ғадат Нұр­мағамбетовтің, Револю­ционная көшесіне Қалихан Ысқақтың, Дзержинский кө­шесіне Әміре Қашаубаевтың, Октябрьская көшесіне Мұха­меджан Тынышпаевтың, Пи­тер­ коммунарлары көшесіне Лев­ Толстойдың, Киров көше­сі­не Антон Чеховтың, Круп­­с­кая көшесіне Евгений Бру­си­ловскийдің, екі Советская кө­­­ше­сінің біріне Александр За­­таевичтің, екіншісіне Адольф Януш­кевичтің есімдері берілді. Бұ­дан бөлек Лениногор көшесі Теміржолшылар, Комсомольская көшесі Жастар деп аталды.­ Семей­д­егі Ленин көшесі Мәңгі­лік ел атанды. Мұның бәрі рес­пуб­ликалық ономастикалық ко­мис­сияның оң батасын алып, құжат жүзінде бекітілген кө­ше­лер. 

«2017-2018 жылдары­ облыс­тағы идеологиялық тұрғы­дан ескірген атауларға баса назар аудардық. Елді мекендерге, ны­­­сандарға, көшелерге адам есім­дерін беруге шектеу қойып, та­нымал тұлғаларға, ұлттық салт-дәстүрлерімізге қатысты атау­лар қоюға мән бердік. 2018 жылы жоғарыда аталған идео­логиялық тұрғыдан ескірген 439 көшенің 200-ден астамы, ал әкім­шілік-аумақтық бірліктің 48-інің 9-ының, 11 мектептің 6-ауының атауы өзгертілді», дей­ді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқар­маның оно­мас­тикалық жұ­мыс және талдау бөлімінің басшысы Роза Төлемісова. Тиісті жұмыстар жүргізілгеннен кейін идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелердің біршама азайғанын байқаймыз. Қазір облыста 32-Ленин, 14-Киров, 46-Советская, 22-Октябрская, 13-Комсомолская көшесі қалып отыр.

38 ауыл түгелімен орысша аталады

Бөлім басшысы бұл тарапта, әсіресе Курчатов қаласы мен Бесқарағай, Бородулиха, Шемо­найха, Алтай аудандары біршама жақсы жұмыс істегендерін айтады. Мәселен, Курчатов идеоло­гиялық тұрғыдан ескірген 4 көшені (Совхозная – Көктем, Пионерская – Достық, Ком­­­со­моль­ская – Самал, Красноар­мейская – Бейбіт атом) у-шусыз лезде өзгертіп тастапты. Кеңестік атауларды ауыстыруға келгенде кежегесі кейін тартып отырған аудандарды айтпасқа болмас. Роза Төлемісованың сөзіне сенсек, идеологиялық тұрғыдан ес­кірген атауларды ауыстыру жұмыстарына Өскеменнің ірге­сіндегі Глубокое ауданы мен Рид­­­дер қаласы немқұрайлылық та­нытып отыр. «Глубокое ауда­­нында Тәуелсіздіктің 28 жылында бар-жоғы 4-ақ ауылдық округ­тің (Куйбышев – Быструха, Киров – Ертіс, Фрунзе – Тархан, Калинин – Березовка) атауы ауысты. Глубокое ауданында Ленин, Комсомол, Совхозная сияқты көшелердің саны 91-ді құраса, былтыр соның тек 20-сы ғана жаңа атауға ие болды. Оның көпшілігі ауылдардағы кө­шелер. Аудан орталығы – Глу­бокое кентінде тек 1 көше, яғни Ле­­нин көшесі Жібек жолы деп өзгер­тілді. Орайы келгенде айта ке­тейін, Глубокое ауданында әлі 8 Ле­нин, 5 Калинин, 8 Октябрьская көшесі бар. Де­мек, идеологиялық тұрғыдан ес­кірген көшелер саны әлі де 60-тан асып жығылады. Тағы бір дүниені айтқым келеді, былтыр Шемонаиха ауданының бір ауылының тұрғындары кө­ше атауын ауыстыруға қарсы шықты. Неге? Өйткені жергілікті әкімдік халық арасында үгіт-на­сихат, түсіндіру жұмыстарын дұ­рыс жүргізбейді. Жұмыс дұрыс жүр­гізілмегендіктен халық ішін­де түсініспеушілік туындайды», – дейді тіл жанашыры. 

Ал Риддер қаласында идео­логиялық тұрғыдан ескірген 8 көше анықталғанымен, жергілікті билік соның төртеуіне жаңа атау беру жөнінде ұсыныс бергенімен (Красноармейская - Рудная, 1-ші Стахановшылар – Бірлік, 2-ші Стахановшылар – Гранитная, 3-ші Стахановшылар – Коминтерн) республикалық ономастикалық комиссия тек біреуін – Бірлік ата­уын ғана бекітіпті. Алтай атан­ған бұрынғы Зырян ауданында көше атауларын (Алтай қала­сындағы Советская көшесі – Тәуелсіздік, Ленин – Астана, Коммунистическая – Төлеген Тоқтаров, Ворошилов – Труд, Пролетарская – Спортивная, Лениногорская – Вишневая, Жаңа Бұқтырма ауылындағы Ленин – Көктем болып өзгерді) ауыстыруда алға жылжу байқал­ғанымен, ауылдық округ, ауыл атаулары мызғымай тұр. Алтай қаласының қақ ортасында Ленин ескерткішінің қасқайып тұрғаны талай айтылып, жазылса да, «бая­ғы жартас – сол жартас» күйінде қа­лып келеді. 

Топонимикаға қоғамдық тыңдау керек емес!

Идеологиялық тұрғыдан ес­кірген, қайталанатын, мағы­насы жоқ жер-су атаулары, елді мекендер мен көшелердің көп­т­ігі негізінен өзге ұлт өкілдері көп­ қоныстанған аудандарда­ бай­қалады. «Азаттықтың ал­тын күрек желі ескен» (Қ.Жұмаділов) 30 жыл мұғдарында бірде-бір ауылының аты ауыспаған аудан­дар да бар. Бір ғана Глу­бокое ауданындағы ауыл­дық округтердің ішіндегі 38 елді мекеннің барлығы – әлі де орысша. Прапорщиково, Ува­рово, Кожохова, Прогресс, Пе­ре­вальное, Предгорное, Ново­ми­хайловка, Волчиха, Секи­совка, Винное, Ушаново деп жал­ғаса береді. Бұл ауылдардың атын Тәуелсіз мемлекет талабына сай ауыстыру жөнінде аталған елді мекен тұр­ғындарынан ұсыныс түсіпті дегенді естімедік. Ұсыныс де­мекші, біздің білуімізше, об­лыс­­тағы қала-аудан аттарын ауыстырған жағдайда респуб­ликалық ономастикалық комис­сияға келісуге жіберіледі. Ал өңір­дің аудандарының ішіндегі ауылдардың, ондағы көшелердің аттарын ауыстыруды облыстық ономастикалық комиссия, яғни жергілікті жерде шешеді. Әрине, әуелгі кезекте тұрғындардан тікелей ұсыныс түскенде. Демек, Предгорное, Волчиха, Секисовка, Винное, Ушаново секілді ауыл­дардың (мысал ретінде айтып отыр­мыз) тұрғындары немесе сондағы ақсақалдар аудан әкі­міне «біздің ауылды осылай деп өзгер­тсеңіздер» деп хат жазуы керек. Бір өкініштісі, «кая», «ое», «ка» жазуымен аяқталатын ауыл тұрғындарының бір сәт «осы біз қай елде тұрып жатыр­мыз? Біз осы елдің нанын жеп, суын ішіп жүрген жоқпыз ба? Жергілікті халыққа деген құ­р­метіміз қайда?» деп жан-жағына ой көзімен қарап, қолына қалам алып, өздері тұрып жатқан, атауы Тәуелсіз мемлекет идеоло­гиясына сәйкес келмейтін ауыл­дарының атын өзгертейік деп ұсыныс хат жазғаны туралы сирек естиміз. Одан гөрі көше атау­ларын ауыстыруға бай­ланысты өтетін қоғамдық тың­дауларда жау шапқандай түтігіп, қарсы шы­ғатын сәттерін көп көреміз.

Осы ретте жазушы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық фи­лиа­лының директоры Әлібек Қаңтарбаевтың мына бір ұсы­ны­сының жаны бар секілді. «Атауларды ауыстыруда бір ауыр процесс бар. «Қоғамдық тың­дау» дегенді кім ойлап тап­қанын білмеймін. Ол дегеніңіз – сол жерге жиналған халықты, тіпті Қазақстанның халқын бір-бірімен қызыл кеңірдек қылып дауластырып қою. Бұл болмайды, ертең ойыннан от шығып кетеді. Осы «қоғамдық тыңдауды» оно­мастикалық заңның бабынан мүлде алып тастау керек», – дейді тіл жанашыры. 

Бұл мәселенің тек Шығыс Қазақстан емес, аудандары, ауылдары, көшелері кеңестік атаулардан әлі де толық арыла алмай келе жатқан Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай об­лыс­та­ры үшін де маңызды екен­­дігін ешкім жоққа шығара қой­мас. Көше, елді мекен атауларын ауыстыру үшін тұрғындар пі­кірін ескеріп, қоғамдық тыңдау өткізудің отарлық таңбасындай болған жер-су атауларын өз­герту процесіне кері әсерін тигі­зіп, тежеп келе жатқанын зия­лы қауым өкілдері, тіл жанашыр­лары көптен бері көтеріп келе­ді. «Біздің заңдарымызда тұрғын­дардың пікірін ескеруге ерекше басымдық берілген. Жұрттың пікірін ескерген де дұрыс шығар. Бірақ топонимика мәселесі – жер-су атауларын ауыстыру бірінші кезекте мемлекеттік сая­сат, ұлттық идеология аясында жүргізілуі қажет» деп санайды олар. Бәлкім, алдағы уақытта елімізде ономастика туралы арнайы заң қабылданса бұл мәселе оң шешімін табар деп сенеміз.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы