13 Ақпан, 2019

Судың да сұрауы боларын санамызға сіңірейік

507 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Табиғаттың тартуы түгесілмейді деп есептеу түбірінен қате пікір. Ел игілігін молайта отырып, жер игілігін де жөнімен пайдаланған абзал.

Судың да сұрауы боларын санамызға сіңірейік

Аршалы ауданында өңірде бұрын-соңды бола қоймаған ай­рықша жоба жүзеге асырылуда. Жаңа жобаның мақсаты – тамшы­лата суару технологиясын енгі­зу арқылы суды үнемдеудің тұрақ­ты жүйесін қалыптастыру. Ысы­рапшылдыққа жол бермейтін, қолда бар­ды қадірлеп, дұрыс тұтынуды бағыт етіп отырған жобаның тізгі­нін, «Ақбота» қоғамдық қоры мен үкіметаралық ұйымдар ұстап отыр. Бүгінгі таңда жаңа жоба осы ауданның 6 елді мекенін қам­ти­ды. Сөз арасында жобаны жүзе­ге асыруға 16 мың адамның қатыс­ты­рылатынын ескерсек, жаңалық­тың ауқымы да жан жадыратады. Жалғыз осы ауданда ғана емес, ір­ге­лес жатқан үш ауданның тұрғын­дарына ауыз суды үнемдеу бағы­тындағы жаңа технология негіз­дерін оқытуға тартып, алдағы уа­қыт­та Астананың іргесіндегі ауыл­дарда тұратын 30 мыңнан астам адамды ақпараттандыру ме­желеніп отыр. 

− Кей-кейде жаңсақ басқан қадамыңнан да үйренуге тура келеді, – дейді «Ақбота» жобалық қыз­метінің жетекшісі Татьяна Нем­цан. – 2008 жылы Астана су қой­масы стратегиялық нысан дәрежесіне ие болды. Әрине, бұл су қоймасының қаншалықты маңызды еке­нін бәріміз де түсінеміз. Бірақ арада көп уақыт өтпей, осы қа­дам­ның кейбір көлеңкелі тұсы да кө­рі­ніс бергендігін несіне жасырайық. 

Жобалық қызмет жетекшісінің айтуына қарағанда, ауыл тұрғын­дары­ның ауласындағы бау-бақша­ның көлемі екі есе кеміп кеткен. Ал ауыл тұрғындары үшін таби­ғат­тың тартуынан құр қалу отбасы­лық бюджетке қыруар салмақ тү­сіреді. Жаз айларында атал­ған су қоймасынан су алу тоқта­ты­лысымен, Арнасай ауылындағы су жүйесіне түсетін салмақ ендігі арада үш есеге дейін көбейген. Түсінікті болуы үшін тарата айталық. Бұл су жүйесі бау-бақшаны суаруға лайық­талмаған. Осыдан барып су­дың құны қасқалдақтың қанын­дай қымбаттап кеткен. Мәселен, 0,12 гектар алқапты суару үшін же­міс-жидек еккен әр отбасы екі жүз теңгеге жуық қаражат жұм­сайды. Әшейінде болар-болмас бо­лып көрінген осы қаражатты бір айға көбейтсеңіз, алты мың, ал, жазғы тұтас маусым үшін 120 мың теңге төлеуіңіз керек. Өй­тіп азаптанғанша, базардан сатып алған жақсы емес пе? Бұрын бау-бақша егіп келгендердің ын­тасының төмендеуі осындай шы­ғындарға байланысты. Міне, осы арада қоғамдық қор батыл қадам жасап, өз ұйғарымдарын ұсынған. Ел игілігін молайтуға арналған ба­ға­лы бастама мемлекет пен қоғам­дық ұйымдар тарапынан қолдау тапты. 

2009-2010 оқу жылдарын­да Арнасай ауылындағы Вячес­лав орта мектебінің екі жылы­жай­ын­дағы көлемі 300 шаршы метрді құрайтын алаңда алғашқы тәжі­рибе іспеттес тамшылата суару технологиясы қолға алынды. Құра­мында 35 мүшесі бар «Жас фер­мер» мектебінде ауа райына бай­ланысты жалғыз мектепте ғана емес, ауыл тұрғындарының бау-бақ­шасындағы көкөністерді тамшы­лата суару технологиясын пай­далана отырып, жаңа әдістің ұтым­дылығы сарапталды. Бұл іске ғалымдар мен мамандар да қа­тысты. Нәтижесінде Қазақстанның солтүстік өңірлерінде су шығынын екі есеге қысқартуға болатындығы бел­гілі болып отыр. Арнайы алаң­дарда шығынды аз жұмсап, өнім көлемін молайтуға әбден болады екен. 

Бастамашылар игілікті істі қол­ға алғалы сенімді әріптестермен бір мақсатта жұмылып жұмыс іс­тей бас­тады. Осы ауылдың 300-ге жуық тұрғыны құрылтайшысы болып есептелетін жауапкершілігі шек­теулі «Қайсар» серіктестігі жағым­ды жаңалыққа жан сала кірісті. Олар өздерінің ауылдастарының ішіндегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларын су жинағыштармен, су сорғыштармен, басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде. 

Бір кезде кейбіреулер таңырқай қараған жаңа жоба адал еңбектің арқасында қанат жайды. Нақты дәлел үшін соңғы уақытта Арна­сай ауылында тамшылатып суару жүйесіндегі 106 учаске, Жібек жолы, Волгодоновка, Михай­ловка ауылдарында, Бабатай стан­са­сында, Аршалы кентінде онда­ған учаскелердің ұйымдастырыл­ған­дығын айта кетуге болады. Адам­дар бұрын мән бере бермейтін «су­дың да сұрауы бар» екендігін мық­тап ұғынуда. Ендігі арада өздері ғана емес, жалпақ жұртқа жаңа­лықтың мәнін түсіндіруге ұмты­луда. Осыған орай, сегіз мәрте оқу семинары өткізіліп, өз жұмыс­тарының қыр-сырын баяндай­тын бейнефильм түсірілді. Әр қа­дамы тайға таңба басқандай көрі­ніп тұратын фотокөрме ұйымдас­ты­рылды. Осының барлығы әлемдік «Мыңжылдық тұғырна­масы» талаптарымен сәйкестен­ді­ріл­генін де айта кету керек. 

Елді табиғатқа тағылық көр­сет­пей, әр тамшы суды өз ретімен жұмсауға үйретіп отырған бастама иегерлері Тұңғыш Президент қорының, Жапония үкіметінің, БҰҰ гранттарының иегері. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Ақмола облысы

Аршалы ауданы