Аймақтар • 13 Ақпан, 2019

Талдықорған полициясы тұрғындармен тікелей эфирде тілдесті

564 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорған қалалық полиция басқармасының бастығы Асқар Нұрсапа әлеуметтік желі арқылы тұрғындардың сұрағына жауап берді. Тікелей эфир өңірге белгілі блогер Қайрат Әбдрахманның «Талдықорғандық» блог-тұғырнамасында өтті. Сондай-ақ, онлайын сұрақ-жауап Алматы облыстық ішкі істер департаментінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында да көрсетілді.

Талдықорған полициясы тұрғындармен тікелей эфирде тілдесті

Тікелей эфир барысында қала тұрғындары жол-патрульдік полиция қызметі, «КРИС П» құрылғысын қою тәртібі, азаматтардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында бейнебақылау камераларының қызметі және олардың санын көбейтуге қатысты сұрақтар қойды. Эфир кезінде полиция қызметіне сын да айтылды. Мәселен,  қалаға қарасты ауылда бұрын болған мал ұрлығының сол қалпы ашылмауы, екі жыл бұрынғы кісі тонау фактісінің де нәтижесіз қалғандығы айтылды. Полиция полковнигі Асқар Нұрсапа кейбір сұрақтардың жауабын беру үшін тұрғындарды жеке қабылдайтын болып және полиция қызметіне қатысты сындарлы жағдайда хабарласуды сұрап ұялы телефон нөмірін жариялады.

- Полиция қызметінің ашық болуы үшін осындай қадамдар жасалуы тиіс. Әлеуметтік желі алаңында өңірдің мәселесін көтеру – блогерлермен қатар, оқырмандар үшін өте тиімді, әрі қолжетімді. Кез келген мәселені халықпен онлайн талқылау, олардың пікірін білу ел алдындағы полиция беделін арттырады деп ойлаймын,- дейді блогер Қайрат Әбдрахман.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы