Жетісудің жауһарына баланатын «Шымбұлақ» пен Ресейдің «Роза Хутор» тау курорттары өзара ынтымақтастық келісімге келді. Бұл Ресей мен Қазақстанның туризм саласындағы байланысын нығайтып, екі ел арасындағы достық қатынастардың беріктігін арттыра түседі. Аталған меморандум курорттардың танымалдығын арттыру, тау туризімін дамыту, белсенді демалыс, спортпен шұғылдану және саламатты өмір салтын насихаттау мақсатындағы өзара іс-қимылдарды көздеп отыр.
«Бізді бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ең үздік тау курорттарының бірімен ынтымақтастықтың осындай форматы ерекше қызықтырды. Мұндай синергия қонақтарымыздың шеңберін кеңейтуге қабілетті және қазір біз Қазақстан мен Ресейдің туристік нарықтарын жаңадан ашу үстіндеміз. Бізде бір-бірімізге ұсына алатын дүние көп, осы таңда өзара тиімді қатынастарды дамытуға ықпал ететін нақты маркетингтік шешімдер белгіленді», – дейді «Роза Хутор» тау курортының бас директоры Сергей Бачин.
Екіжақты келісімге сәйкес, қазақстандық және ресейлік тау курорттарының әкімшілігі туризм және мәдени-сауықтыру демалысы, конференциялар, семинарлар және басқа да іс-шаралар мен бірлескен жобаларды іске асыру үшін барлық қолжетімді тетіктерді пайдаланатын болады. Бұл ретте өзара ақпараттық, білім беру, әдістемелік және консультациялық қолдау көрсету жоспарлануда. Мұндай қызметтің маңызды тармағы – статистикалық, анықтамалық мәліметтермен және басқа да деректермен алмасу. Мамандар, бұл қадам шаңғы курорттарына көрші елдердің тау шаңғысы, тау, спорттық туризм ерекшеліктерін жақсырақ түсінуге мүмкіндік беретінін, сондай-ақ болашақта қазақстандық белсенді демалыс әуесқойлары арасында «Роза Хутордың», ресейліктер арасында «Шымбұлақтың» танымалдылығын арттыратынын айтады. Қос тарап әлеуетті туристердің қалауы мен сұраныстарын зерделеу арқылы серіктес-курорттарға қазақстандықтарды, ресейліктерді және басқа мемлекеттердің өкілдерін тарту стратегиясын әзірлеуге күш салатындарын айтып отыр.
– Қазақстандық және ресейлік курорттардың өзара танымалдығын арттыруға бірлескен жеңілдік бағдарламалары ықпал етеді деп үміттенеміз және олардың әрекеті «Шымбұлақтың» және «Роза Хутордың» да қонақтарына қолданылады. Мысалы, осындай науқандардың шеңберінде курорттардың бірінде апталық ски-пасс сатып алатын туристер осы курортта немесе оның әкімшілігі ұсынған қонақүйлердің біріне орналасқан жағдайда серіктес курорттан тегін бір апталық ски-пассты алу құқығына ие болады, – дейді «Шымбұлақ» тау курортының бас директоры Ержан Еркінбаев.
Жаңа бастамада ерекше оқиғалар мен күндерге, әсіресе серіктес-курорт күніне орайластырылған арнайы мерекелер өткізу жобасы қолға алынған. Мұндай күндері «Роза Хуторда» демалатын туристер «Шымбұлаққа» арналған фотокөрмелерді, шығармашылық ұжымдардың концерттерін тамашалап, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм тата алады. Өз кезегінде Іле Алатауындағы ең танымал тау курортының қонақтары да Сочидегі олимпиада мұрасының ең ірі нысаны атанған Ресей курортының тақырыптық күндеріне қатысуға мүмкіндігі бар. Осының барлығы көршілес елдердің туристік бағыттар ретінде танылуына ықпал етпек.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ