Жавлон Сайитов сахналаған көркем туындыны өзбек тіліне Нурилло Аббосхон тәржімалаған. Ал, театырдың бас режиссері Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов. айта кетерлігі, өнер ұжымының қоржынында өзбек шығармаларынан бөлек қазақ, қырғыз, түрік, тағы басқа да шетелдік театр қойылымдары бар.
Бұл комедияда театр актерлері аса бір шеберлікпен қоғамда белең алған «менікі жүре тұрсын, сенікі тұра тұрсын», деген өзімшілдікті мысқылдап, аяусыз ажуалап көрсетеді.
Оқиға қарақалпақ ауылдарының бірінде орын алады. Матриза мен Холмурод есімді ел ағалары шай үстінде өсіріп отырған ұл мен қызына құдалық сөйлеседі. Осы екі ортада аузы дуалы ақсақалдарының араласуымен қыздың қалыңына келіскен қос құда келісімге келеді. Кенеттен дастархан басында орын алған өнбейтін дауға бола өз айтқандарынан қайтпай, тәп-тәтті қаныттай құдалық бұзылады.
Көркем туындыда күлкілі диалогтар мен ебдейсіз әрекеттер арқылы «тек менің айтқаным ғана болады», деп іс қылатын жандардың өзімшіл бейнесі айпарадай ашылады. Комедияда ұлттық құндылықтар бастан-аяқ аса бір сезімталдықпен көрерменнің көңіл таразысына тартылады.
Болашақ құдалар Матриза мен Холмуродтың қырсықтығы мен менмендігі салдарынан перзенттері Қаракөз бен Сафардың арасындағы нәзік сезімге сызат түседі. Алайда, сөз байласқан қос ғашықтың пәк махаббатын үлкендердің ожар мінездері тоқтата алмайды. Ташкентте білім алып жатқан студент жастар түрлі кедергілерге қарамастан некелеседі. Уақыт көшімен даукес құдалардың мінезіндегі қыңырлық сол баяғысынша ет пен сүйектің арасында көшіп-қонып кете береді. Араға жылдар салып немерелері дүниеге келеді. Енді екі әулеттің отағасылары татуласпаса болмайтындай жағдайға жетеді. Қойылым соңында немерелерін бірге еркелеткен құдалар ұрпақтарының бақыты мен байлығы үшін төс қағыстырып татуласады. Бастарынан өткен күлкілі жағдайлардан қоғам болып сабақ алуға шақырады.
Құрылғанына 15 жылдан асқан өзбек театрының шығармашылық ұжымы сайрамдықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін барын салғаны көрініп тұр. Әсіресе, қос құда рөлін сомдаған Сайдикарим Махмудов пен Одилжон Туғонбоевтың, ауыл абызы Жандулланы айнытай ойнаған Улугбек Носировтың актерлік шеберлігіне қол соқпай тұра алмаймыз.
Қойылым соңында театр директоры Икрам Хошимжанов көрермен көп көңіл аудара бермейтін бір қызық жайтты айтып берді. «Жалпы театр уақытын кешке жоспарлауымыздың да өзіндік сыры бар. Себебі, келіндер мен енелер күні бойы үйде бірге тұрады. Бірақ, күйбең шаруамен бір-бірімен көп әңгімелесе бермейді. Олардың тісінің ағын көрсетіп, тіл қатысатын шағы кешкі ас әзірлейтін уақыт. Дәл сол сәтте үйде керіс болмас үшін енелерді өнер тамашалауға шақыру арқылы ене мен келіннің демалысын тиімді ұйымдастырып отырмыз», дейді театр директоры.
Бір қарағанда салт пен дәстүрге берік қарақалпақ, өзбек халықтарының басындағы бұл жайт біздің қоғамға да жат емес. Сол баяғы өлетұғын тай мен көшетүғын сай үшін, желке терісі құрысып, мың жылдық құдаларымен күн ара дауласып жүрген ағайын қазақта да бар. Бірақ, осы адамзатқа ортақ ескіден келе жатқан ерсілктің жеңіліс табатын, сөзге тоқтайтын тұсы да жоқ емес. Ол – сәбидің іңгәлағаны, немеренің шат күлкісі. Бір сөзбен ұрпақтар сабақтастығы. Күлкіге қарық еткен комедияның түйіні де осы еді.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент