«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысуға ниет еткен азаматтардан өткен жылы 2388 өтініш қабылданып, олардың ішінен 200 үміткер іріктелген. Ал ақтық кезеңде онлайн дауыс беру арқылы жеңімпаз деп танылған 29 адам жылдағы дәстүр бойынша Елбасымен кездесу сәтінде жетістіктерін жаһанға паш етті.
Атап өтерлігі, жобаның алғашқы жылындағы жеңімпаздар, яғни қарапайым спортшылар, өнерпаздар, ғалымдар мен дәрігерлер және басқа да көптеген мамандық иелері осы аралықта жетістіктерінің ауқымын кеңейтіп, алды әлемдік деңгейде құрметке бөленіп үлгерген.
Арманшыл адамның асулары биік болады
Нұрсұлтан Назарбаев кездесуде жобаның екінші кезеңіне қатысушылардың жетістіктерімен таныса келе, сөйлеген сөзінде Қазақстанның мемлекеттілігі мен егемендігін нығайту жолында жастарымыздың әлеуетін іске асырудың маңызды екенін атап өтті.
– Бәріңіз де – тәуелсіздіктің перзентісіздер. Біз – бабаларымыздың арманын жүзеге асырған ұрпақпыз. Енді сіздердің уақыттарыңыз келді. Мұны ұмытпауға тиіссіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихына тоқталып, жастар үшін ашылған мүмкіндіктер туралы әңгімеледі.
Қазақстан Президенті еліміздің білім және ғылым саласының даму қарқынын сақтаудың әрі оны еселей түсудің маңыздылығы туралы айтты.
– Жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, биоинженерия, нанотехнология – осы инновацияның бәрі бізді алға жетелейді. Сондықтан біз стартап жобалары үшін ЭКСПО павильондарының бірінде жаңа зертханалар аштық, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы жобаға қатысушылардың жетістіктеріне тоқталып, жастардың тұлғалық және кәсіби тұрғыдан өсуі үшін өз мүмкіндіктері мен уақытын тиімді пайдаланудың маңызды екенін атап өтті.
– Бәрі де адам мен оның ерік-жігеріне байланысты. Біз армандай білуге және көздеген мақсатымызға жету үшін әрекет етуге тиіспіз. Бұл байқауға қатысушылар – өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Сіздер өз еңбектеріңіздің нәтижелері арқылы бұл өмірде бәріне де қол жеткізуге болатынын көрсеттіңіздер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті бас қаламыз – Астананың салыну тарихы жөнінде егжей-тегжейлі әңгімеледі.
Елорда – бұл, ең алдымен, адамдар. Мұнда озық медициналық кластер құрылып, керемет опера театры мен бірегей спорт кешендері бой көтерді. Астананың даму деңгейі мен тұрғындарының тұрмыс сапасы артып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев елімізді дәйекті дамыту ісіндегі белсенді жастардың рөлін атап өтті.
– Сіздердің әрқайсыңыз Қазақстанның болашағына үлес қосып келесіздер. Келешегіміз білімді, өзіне сенімді, бірнеше тілді меңгерген азаматтардың қолында. Оған сіздердің мүмкіндіктеріңіз жетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ұлттық экономиканы дамыту және өсімнің жаңа көздерін ашу үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
– Егер біз пайдалы қазбаларға үміт артатын болсақ, онда қаражатсыз қаламыз. Сондықтан экономиканы өзгеше қалыптастыруға мүмкіндік беретін индустрияландыру процесін іске асыруды бастадық. Алты жыл ішінде 1200 зауыт пен фабрика салдық. Бұл жұмысты жалғастыра береміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығын дамытудың, ғылымның әлеуеті мен технологиялық прогрестің жетістіктерін пайдаланудың маңызды екеніне назар аударды.
– Барлық нәрсенің негізі еңбекте. Еңбектің арқасында жеткен жетістік адамды бақытты етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Жеңімпаздың жолы жарқын
Әлбетте, замандастарынан ақылымен, ілім-білім, табандылық пен еңбекқорлығы арқылы озғандар қаһарман деген атқа лайық болатыны даусыз. Солардың бірі Асан Жолдасов өмірдегі жолын қосымша білім беруді ұйымдастыру арқылы тапқан. Өзінің айтуынша, математиканы суқаны сүймейтін балалардан олимпиада чемпиондарын шығару – сүйікті ісі. Жастайынан есеп-қисапқа жүйрік бала мектеп қабырғасында жүргенде-ақ математикадан өткен пәндік олимпиадалардың әлемдік биігіне шыққан. Ал 19 жасынан мектеп ашып, білгенін кейінгілерге үйретіп табыстың көзіне айналдыра бастаған.
– Сол уақытта, балаларды оқытқан кезде ең бастысы, оларға математикаға деген сүйіспеншілікті оята білу екендігін түсіндім. Содан бері оқытудың арнайы әдістемесін жасап, жылдан-жылға дамыта түстім. Қазір «Пифагор» үлкен компанияға айналды. Алматы, Астана және Тараз қаласындағы мектептерімізде 136 мұғалім жұмыс істейді, 1500 талантты бала білім алып жатыр. Олар сабақтан шыға салысымен есептер шығару үшін, бір-бірімен бәсекелесу үшін бізге асығады. Есептер шығарып шынайы қуанады, – деді Асан Жолдасов.
Оның айтуынша, соңғы алты жыл бойы Қазақстанның оқушылар құрамасының жартысына жуығын «Пифагор» мектептерінде білім алған балалар құрап келген. Ал Асан Жолдасов білім саласында жұмыс істеген 10 жылдың ішінде 10 мың баланы тәрбиелеп шыққан. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауы жеңімпазының шәкірттері осы аралықта 300 рет халықаралық олимпиадаларда алтын медаль олжалаған.
Елбасы алдында өз жетістіктерімен бөліскен 29 жастағы Ержан Сәлімгереев – xалықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының төрт дүркін иегері, Азия ойындарының екі мәрте жеңімпазы. Бұл жетістіктердің жолы Ержанға оңайға соқпаған.
– Үшінші сыныпта оқып жүргенде трансформатордың ішіне кіріп тығылып ойнап жүргенімде, тоққа түсіп қалдым. Сол кезде бір қол және бір аяғымнан айырылдым. Ауруханадан үйге алып келгесін мұғалімдер үйде оқытатын болды. Артынан допты үйрендім. Ауада ұшып бара жатқан допты таяқпен тірей қоямын. Басқа жігіттерді алдап кетемін. Олар намыстанып, менің таяғымды бір теуіп, сындырып тастайды. Соның бәрі ауыр тиді маған. Мектепті бітіргеннен кейін балалар арасында «Мен Алматыға барамын, мен Астанаға оқуға түсемін» деген әңгімелер жүреді. Сол кезде менде де «Қайда барамын?» деген ой туындады. Сонда таңғалатыным, бір бассейннің қасында екі жыл бойы такси жүргіздім. Бірақ өмірі соның ішіне кірмеппін. Артынан жүзуді үйрендім, – деген Е.Сәлімгереев қайсар мінезінің арқасында спорттық шыңдардың талайын бағындырған.
Мәселен, ол Индонезияда өткен Параазия ойындарында қос алтын медаль еншілеген.
– 50 метрді 31 секундта, 100 метрді 1 минут 8 секундта бағындырдым. Бұл – менің жеке рекордым. Ендігі мақсатым – Токиода өтетін паралимпиада ойындарында чемпион атану, – дей келе спортшы Елбасына болашақ жоспарларын да айтып берді.
Бейбітшілік – жетістіктер бастауы
Талдықорғандық кәсіпкер Ларион Лян жас шағында ұстаздары мен айналасы болашағынан күдер үзген нағыз басбұзарлардың бірі болған. Орта мектептің 11 сыныбын 10 мектепте өткізген жаңа жеңімпаз адам қатарына қосыларыма тек анашым ғана сенді деп, тебірене айтады. Оның бизнеске келуіне болашақ енесі айтқан «мына түріңмен отбасыңды асырай аласың ба?» деген бірауыз сөз әсер еткен.
– Болашақ енемнің ескертуінен соң күн демей, түн демей еңбектендім. Кез келген ауыр жұмыстан қашқаным жоқ. Бас-аяғы екі мың теңге табу үшін еш арланбастан пәтер тазалауға жалдандым. Тазалықтағы мұқияттылығымды ескере келе, кейін еліміздегі банктердің бірінің басшылығы барлық өңірлердегі филиалдарының кеңселерін тазалау жұмыстарын ұсынды. Сөйтіп ағайын-туыс, жора-жолдастарымды жинап, бұл салаға бел шеше кірісіп кеттік. Уақыт өте Орталық Азияда теңдессіз тазалау орталығын аштым. Мені сол қиындықтар қалыптастырды. Мемлекет те қыруар қолдау көрсетті, деді Елбасының алдында ағынан жарылған Л.Лян.
Бүгінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы шәкірт тәрбиелеп, жастардың бастамаларына қаржылай қолдау көрсетуді жолға қойған.
Ал туып-өскен жері Қызылорда қаласы болғанымен, Қазақстаннан шыққан тұңғыш халықаралық әскери журналист атанған Назгүл Кенжетай Таяу Шығыстағы, оның ішінде Сириядағы ауыр ахуалды суретке түсіру арқылы осы проблемаға әлем назарын аударып келеді. Оның «Отансыздың жүзі» атты жобасы аясында жарияланған фотосуреттері Еуропа мен АҚШ-та жоғары бағаланып отыр.
– Ең алдымен еліміздің ең маңызды Рухани жаңғыру аясында таңдалған 100 жаңа есімінің қатарында болу мен үшін үлкен мәртебе. Әлемде саяси, дипломатиялық, стратегиялық, тағы басқа себептерге байланысты көптеген қақтығыстар болып жатыр. Солардың бірі – Сириядағы қантөгістер. Ауыр жағдайды суретке түсіру арқылы жас маман үшін жауапкершілігі өте ауыр жолға шықтым. Осы жолда «жәннатта азық көп пе?» деп сұраған сәбиді көрдім. Өзендей ағып жоқ боп кеткен бір мемлекет көрдім. Босып кеткен халық көрдім. Байрағы жерде тапталған ел көрдім. Және сол байрағын қорғай алмаған ер көрдім. Осының бәрін әлемге көрсетуге тырыстым. Мақсатым отансыздықтың не екенін көрсету еді. Мен үшін Қазақстанды соғысқа қарсы, бейбітшіліктің көк туын желбіреткен ел ретінде әлемге таныту кез келген жетістіктен қымбат. Бүгінде Астана Женева, Нью-Йорк сияқты стратегиялық маңызды қалалардың қатарында. Ал Қазақстан әлем бейбітшілігі мен келісімінің орталығына айналды. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен отансыздықтың не екенін өз көзіммен көрген жан ретінде Сіздің бейбітшілік жолындағы еңбегіңіздің оңайшылықпен келмегенін ұқтым. Өзімнің «Отансыздықтың жүзі» атты жобам арқылы барша отандастарымды қолда бар алтынның қадірін білуге шақырамын, – деді Н.Кенжетай.
Ізгі ниеттері ұлы амалдарға ұласқан
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының қатарында сан түрлі мамандық иелері, оның ішінде халық аса белсенділікпен дауыс берген дәрігерлер де жеткілікті. Мәселен, жас нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев отандық нейрохирургияның қалыптасып, дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Ол адамның бас сүйегі жүйесіне күрделі ота жасау арқылы мыңдаған адамның өмірін ажалдан арашалап қалған. Қазір Алматыдағы орталық клиниканың бөлім меңгерушісі.
– Біз оқуға түскен уақытта жалақысы мардымсыз, беделі төмен болған медицина мамандығын таңдағанымыз үшін кейбіреулер бізді есуас санады. Бірақ, өз басым алған бетімнен қайтпай, армандарымды ақ параққа тізе бердім. Арада бес жыл өткенде, сол қағазда жазылған мақсаттарыма жеткенімді көрген сәтте қанаттана түстім. Мені Германия мен Еуропаның бірқатар мемлекеттері қызметке шақырды. Бірақ үздік мамандар шетелге жаппай кете берсе, отандастарымызды кім емдейді деген сауал маза берген жоқ және елде қалғаныма еш өкінбеймін. Осы кезге дейін адамдардың бас миына 2500-ден аса күрделі ота жасадым. Қазір еліміз бұл салада әлемдік үздік ондыққа кіреді. Тіпті алыс-жақын шетелдердің мамандарын оқытатын деңгейге жеттік. Мұның барлығы, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің қолдауыңыздың, сеніміңіздің нәтижесі, – деді М.Бердіқожаев.
Ал оның әріптесі Алмаз Ибрагимов қолдан ұрықтандыру саласына маманданған репродуктолог дәрігер. Мыңдаған жұпқа шексіз қуаныш сыйлаған абзал жан.
– Ерлердің белсіздігі мен әйелдердің бедеулігі – әлемде ашық айтыла бермейтін проблема. Осы салаға мамандануыма бірге пәтер жалдап тұрған отбасының мұңы себеп болды. «Болашақ» бағдарламасы арқылы білімімді жетілдіріп, қазір мыңдаған баланың өмірге келуіне септесіп отырмыз. Осы жолда талай қиын тағдырларға куә болдым. Мен үшін адам тағдыры ешқашан екінші орында болған емес. Кейін уақыт өте тәжірибе жинап, кәсіби біліктілігім артқан соң студенттік шақта бірге пәтер жалдап тұрған, менің мамандық таңдауыма әсері болған отбасын іздеп тауып алдым. Жастары қырықтан асып, еңселері түсіп, сәби сүюден күдерін үзген шақтары екен. Тәуекелге бел байлап, ескі таныстарыма медицинаның жаңа мүмкіндіктері арқылы көмегімді бердім. Қазір олардың 7 жасар қызы тұлымы желбіреп өсіп келеді. Өкінішке қарай, қазір көп отбасына бала сүю қол жетпес арманға айналғандай болғанымен, медицинаның мүмкіндігі оларды бақытқа бөлей алады, – дейді жоба жеңімпазы.
Қайсарлық – ізгі қасиет
Осы кездесуде Мемлекет басшысы жиналғандарға қарағандылық жас спортшы, спорттық акробатикадан әлем чемпионы Никита Амоскинді үлгі қылды. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының қатарынан көрінген спортшы соңғы он жылда мақсатына жету үшін аптасына алты күндік жаттығуын еш үзбеген. Нәтижесінде, бағындырған белесі де биік – Қазақстан, Азия және Әлем чемпионаттарының биік тұғыры осалдарға бұйырмайды.
– Мен үшін еліміздің туын көкке көтеру – шексіз мәртебе. Чемпиондық тұғырға көтерілген сәтте барлық қиындық ұмытылады, – деді Н.Амоскин.
Жас спортшының қайсарлығы көңілінен шыққан Нұрсұлтан Назарбаев: «Кез келген жетістік тұрақтылық арқылы келеді. Қолға алдың – жүзеге асырдың. Орта жолда шаршап, мақсатыңнан бас тартсаң, жетістік болмайды. 10 жыл бойы арманға қарай қозғалыс оңай емес», деді.
Емен-жарқын әңгімеден құралған кездесудің көрігін жас ақын Мақпал Мыса қыздыра түсті.
– Біз – Тәуелсіздік тудырған есімдерміз. Алаштың рухы болып қайнаған қара қазанның суы сарқылған жоқ. Бүгінде мен сияқты қалам тербеп жүрген жастар сол қасиетті судың бір-бір мөлдір тамшысы. Шығармашылық жолыма келсем, өлеңдерім әлемнің бірнеше тілдеріне аударылып, сол елдердің антологиялық жыр-жинақтарында жарық көрді. Өзім де өзге тілдегі өлеңдерді қазақ тіліне тәржімаладым, – деген жас ақын шығармашылығындағы жұлдызы жарқыраған сәті Елбасы қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» республикалық байқауында бас жүлдеге ие болуы екендігін айтты.
Ол Елбасына қарата: – Мұның барлығы өзіңіз көшін бастаған қазақ жұртының қасиетті Тәуелсіздігінің арқасы деп білемін. Бүгінгідей адамзат баласының ақыл-ойы аламанға түскен заманда біздің әдебиетіміздің көркейіп, кемелденуі аса маңызды. Жан тазармай, дүние тазармайды. Адамдар бір-бірінің қадіріне жетіп, бағалай білсе, жақсы көріп бақыт сыйласа. Өмір деген осы бір адами құндылықтардан тұрады, – дей келіп, бір өлеңін оқып берді.
Кездесу соңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жобаға қатысушылардың бәріне ризашылық білдіріп, Қазақстан жастарын елімізді одан әрі дамыту ісіне белсенді атсалысуға шақырды.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»