Қазақстан • 14 Ақпан, 2019

Бағалай біл барында батырыңды...

563 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміз тыныштық пен тұрақтылықта дамып, бейбіт күнмен тыныстап келеді. Тәубе... Ауған жеріндегі аждаһаның үні өшкеніне де үшінші онжылдыққа аяқ басты. Бұл соғысқа қатысқан сарбаздарымыз аз емес.

Бағалай біл барында батырыңды...

Осыдан отыз жыл бұрын ортақ үйіміз деп ән салған Кеңес одағы Ауған жеріне шектеулі контингентін кіргізген болатын. Сол кезде елім деген ержүрек ерлер Отан-Ананың шақыруымен халықтың мүддесін алыстағы шепте қорғаған болатын. Талайы осы жолда қыршын кетті. Басқалары өмір бақи мүгедек болып қалды. Соған қарамастан алдына қойылған тапсырмаларды адалынан орындады. Бүгінде айтқыштар да көбейіп кетті. Әр ауызға қақпақ қою мүмкін емес. Десе де, интернационалдық борышын өтеген жауынгерлер алыстағы Ауған жеріндегі лаңкестіктің отын сөндіріп, тәуел­­сіздік алған жылдары елі­міз­­ге есін жиюға сеп болды. 

«Батыр деген кім?» десе, сабырлы жан дер едім. Олар ерлік жасадым деп кеудесін соқпайды. Ел арасында қара­пай­ым күн кешеді. Осындай қасиет, әсіресе соғыс көрген азаматтарда басым. Ұлттық ұланның ұйымдастыру-жұмыл­дыру басқармасы бастығының орынбасары полковник Жанат Шалабековтің есімін ауған соғысы ардагерлерінің тізімінен көргенде таңғал­ға­ны­мыз бар. Осыған дейін локалды соғыс ардагерлерінің қатысуымен өтетін шаралардан көргеніміз жоқ. Жиналыстарда интернационалдық соғысқа қатысқаны туралы ауыз ашқан емес. Жылы жүзді, айналасына мейірім шашар офицердің қанды майдан куәгері екенін ойламайсың. Тек қана соғыстың куәгері ғана болмай, оның бел­сен­ді қатысушысы, ерлік иесі. Шы­нына келсек, осыдан 32 жыл бұрын 18 жасар ер азамат алыс­та­ғы Ауған жеріне барамын деп ойлаған жоқ шығар. Тек он сегізді тізгіндеген соң, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін өз еркімен әскер қатарына барады. 

1986 жылдың жазында Қарағанды педагогикалық инсти­тутының 1-курс студенті Жанат Асымұлына сол кездегі военкоматтан шақырту қағазы келді. Биік бойлы, шымыр бітімді өреннің әскер қатарына өтері заңдылық болатын. Оқу орта­лығында алғашқы әскери дайын­дықтан өтеді. Содан кейін, Өзбекстандағы Шыршық кентін­де­гі десанттық-шабылдаушы әскери бөліміне барады. Уақыт өте шақырылым Ауғанстан Республикасындағы интернацио­налды міндетін орындайтын болды. Кейіпкеріміз бұл хабарды міз бақпай қабылдады.

– Әрине, ер азаматтың Отанға қыз­мет етуі міндет. Біздің уа­қыт­та әскерге бармау ұят бола­тын. Әскерге барғаннан кейін, Отан қандай әскери тапсыр­ма­ны алдымызға қойса да, орын­дауға дайын тұрдық. Ауған­стан­дағы қақтығыс туралы есті­генбіз. Бірақ таңдау бізге түсе­ді деп ойлаған жоқпыз. Ойлай­тындай жаста болғанымыз жоқ. Біздің шақырылым сол отты нүктеге барады деген хабар­ды еш қынжылмай, артық сөзсіз қабылдадық. Бұйрықтың аты бұйрық. Әскери тапсырма қойылды, барлығымыз Ауған жеріне жол тарттық, – дейді кейіпкеріміз. 

Міне, нағыз ердің мінезі! Бүгінгі өз құқығын алға тартатын жауынгерлер осындай ардагерлерімізден үйренсе игі. Жастықтың жалынымен бөтен елде, отты нүктеде міндетін атқарады. Кейіпкеріміз әскери колон­налардың жүруінің қа­уі­п­сіздігін қамтамасыз етті. Әс­кер­мен тылды қосатын жолды – өмір жолы деп атайтын сол жыл­дары. Қару-жарақ, азық-түлік барлығы сол жол арқылы алғы шептегі жауынгерге жеткіз­іл­етін. Дұшмандарда бар күшті осы колонналардың көзін жоюға жұмсайтын. Жанат Асымұлы жас болса да, соғыста машықтанып, талай-талай тапсырмаларды орындады. «Сіз үшін Ауған соғысының қаһарманы кім?» деген сауалымызға: «Мен үшін Ауған жерінде міндетін орын­даған әр жауынгер соғыс қаһар­ма­ны», – деп жауап берді. 

Полковник Ж.Шалабеков Ауған жеріндегі әскери қыз­ме­ті туралы көп айтуды ұнат­пай­ды. Әсілі, бұл соғысты бүгінгі ұрпақ көрмесін деген игі ниеті шығар. Бәлкім, өзінің кішіпейілдік қасиеті ме екен?! Қалай дегенмен де, бір басына жеткілікті соғыстық тәжірибе жинақтады. Азаматтық борышын өтеген соң, оқуға түсіп ел қатарлы еңбек етеді. Оның бай тәжірибесі мен әскери салаға деген сүйіспеншілігі оны құқықтық тәртіп әскерінің қатарына алып келеді. Алғашқы қызмет жолын Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімінен бастап, кейін Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығына ауысады. Өзі Ауған соғысының ардагері болғандықтан және жұмыс барысымен жастарды әскерге тарту жұмысына етене араласады. Осыдан 10 жыл бұрын 2009 жылдың күзінде ауғандық ардагерлермен Астана қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы, жастар ұйымы мен журналистер автошеру ұйымдастырған болатын. Полковник Шалабеков сол керуен құрамында Астана, Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қостанай қалаларына барып, әскери бөлімдердегі жауынгерлермен, жастар ұйымдарымен кездесу өткізді. Ел қалаулысы, Парламент Мәжілісінің депута­ты, ардагер батыр, Халық Қаһар­ма­ны Бақытжан Ертаевпен бірге жас­тарды қазақстандық патрио­тизм рухында тәрбиелеуге аралас­ты. Өскелең ұрпақты ел мен жерге адал қызмет атқаруға шақыр­ды.

Жуырда, Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің Ауған Демократиялық Респуб­ли­ка­сы­нан шығарылғанына 30 жыл тол­мақ. Бұл атаулы дата күні шурави атанып кеткен ауғандық аға­ла­ры­мызды тағы да еске аламыз. Ондай болса, қаһарман арагерлерге зор денсаулық, отбасылық бақыт, ғибратты ғұмыр тілейміз. 

Ұлы Отан соғысының арда­гер­ле­рінен кейінгі тол­қын ауған­дық ардагерлерге алғы­сы­­мыз зор. Арамызда жүр­ген ба­тыр­­­ла­рымызды барында баға­лай білейік, ағайын!

Дарын СЕЙІТОВ,

капитан