Қала әкімі Әнуар Күмпекеевтің айтуынша, Мойылдының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жаман емес.
– «Ауылдықтарды алаңдатқан мәселелерді шешу жолдары қарастырылып, кейбірі басталып та кетті. Енді Мойылдыда туризмді дамытуымыз керек. Қалалық кәсіпкерлік бөліміне кешенді жоспар әзірлеуді тапсырамын» деді қала әкімі ауыл халқымен болған есепті кездесуде.
Алайда ауылдықтарды алаңдатарлық мәселе аз емес. Өйткені туризмді дамыту үшін алдымен жергілікті халыққа жағдай жасау керек. Біз көргендей іші-сыртының тоз-тозы шыққан көпқабатты тұрғын үйлер, суы, жылуы, жарығы жетпейтін ауылдың сүреңсіз көрінісі туристерге жақсы әсер бере қоймайтыны белгілі.
Мойылды ауылы облыс орталығынан 18 шақырым жерде орналасқан. Бұл – курортты ауыл. Осы жерде емдік шипасымен белгілі Мойылды шипажайы бар. Сондықтан демалушылардың өздері «әкімдер ауылды неге жөндемейді, қандай көңілсіз ауыл?» деп жанашырлық білдіреді.
Бізді таңғалдырғаны – Мойылды әлі сол қалпы. Тағы да бұрынғы сүреңсіз көрініс қарсы алды. Ауыл әкімдігі кеңсесінің құрылысы жүргізіліп жатыр екен. Мәдениет үйінің жобасы әзір, қазір мемлекеттік сараптауда көрінеді. Былтыр дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліпті. Облыс орталығы мен ауыл арасына күнделікті автобус жүреді.
Шамалы атқарылған жұмыстарды тұрғындары пеш жағатын пәтерлердің мүшкіл халі жуып-шайып кетеді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Мойылды ауылындағы 300-дей үй мен пәтерді аралап шығыпты. Өйткені электр желісіне қосылған жылыту құрылғыларының артық жүктелуі, қолдан жасалған жылытқыштарды пайдалану, пештің ақаулығы өртке себеп болуы мүмкін.
Әкімнің айтуынша, қазір тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Олардың ішінде жылу жүйесін жаңартуға келісім бергендері де бар. Тұрғындар арасынан бастамашыл топ құрылып, кондоминиум құжаттары қалпына келтірілуде. Пәтер иелері үй ішіне жылу құбырларын тартатын болса ғана жылу қазандығының құрылысы басталмақ.
Ауылдың жылдық бюджеті шамамен 114 миллион теңгені құрайды екен. Ондай қаражатқа көше бойына аялдама жасап, екі көше жөндедік деген есеп-қисап ел көңілін көншітпейтіні анық.
Ауылдағы өзекті мәселелердің бірі көпқабатты тұрғын үйлерді жылу жүйесіне қосу екендігін ауыл әкімі Болат Файзуллин есеп беру кездесуінде өзі де айтып отыр. – Жылу қазандығы іске қосылса, қазандықтың қуаты ауылдағы барлық 170 пәтерді жылытуға жетеді. Жаңғырту аясында жылу торабы орнатылып, ішкі құбырлар қайта құрастырылады, – дейді ол.
Қала әкімі Әнуар Күмпекеевтің айтуынша, Мойылдыға электр энергиясы, жылу, су жеткізу жүйелерін салу жобасына биыл қаржы бөлінді. «Мойылды» шипажайында жарық жиі сөнеді. Сондықтан шипажай басшылығы облыс орталығындағы «Каустик» зауытына дейін жететін электр желісінен жарық тартуға қатысты жоба әзірлепті. Есептік кездесу барысында санаторий басшылығы қала әкімінен жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік бағдарламаға қосуды сұрап отыр.
Бір жағынан соңғы жылдары ауылдың шеткері бөлігінде қала әкімдігінің 2014 жылғы 11 сәуірдегі қала аумағын бөлшектік жобаға сай жоспарлау мақсатына орай, 84 жеке тұрғын үй салынғанына қарап тұрғандар тәубелерін де айтып қалады. Одан бөлек алдағы жылы 1500 жер телімін беру жоспарлануда екен. Алайда салынған үйдің себепкерлері оралман ағайындар екенін айта кетуіміз керек. Оңтүстіктен көшіп келуші қоныстанушылар саны жыл сайын көбеюде. Бүгінде ауылда 1546 адам тұрады.
Сондай-ақ асар жасап, жеке үй салып, орта толтырғандардың дені ауылға көшіп келген ағайындар. Араларында жергілікті тұрғындар да бар. Мысалы, Баршагүл Сахабайдың отбасы Қабанбай батыр көшесінде жер телімін алып, екі қабатты биік коттедж тұрғызыпты. Қазыбек би көшесінде Әлімхан Өмірбек, Әлімхан Дабей, Лелли Сейдахметова, Айдар Тілеубекұлы, Тәжібай Ахан, Аймақ Бақытбек, Дауан Хунафия, Жанат Дауанның отбасылары жарқыраған жаңа үйлері Мойылдыға рең беріп тұр.
Барлығының айтатыны бір ғана мәселе, қазір ауылда Үкімет тарапынан үй салу деген мүлдем тоқтаған.
Дегенмен ауыл жұмыссыз емес. Бұл күндері 14 шағын кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Көшіп келушілер де, жергілікті тұрғындар да шипажайда еңбек етуде.
Ауылда «Ай Агро» ЖШС, «Тимур» шаруа қожалықтары бар, тұрғындар сондай-ақ өз аулаларында жеке шаруашылықтарымен айналысады.
Мұндағы 100 орындық мектепте қазір 170 бала оқып жүр. Мұғалімдері облыс орталығында тұрады. Балабақшада 100 бала тәрбиеленсе, ауылда 120 бала өсіп келе жатқанын естіп, әрине, қуандық.
Бұл жерде ауыл әкімі қалалық білім беру бөліміне мектепті кеңейту мәселесін қарастыруды сұрайтынын айтады.
Міне, облыс орталығының іргесінде тұрған, қалаға қарайтын Мойылдының жағдайы осындай.
Фарида БЫҚАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
ПАВЛОДАР