Ел ішінде Оқжетпес жайында талай-талай аңыз әңгімелер сақталған. Аңыз тумай қайтсін, сыры мен сымбатының өзі ертегі іспетті емес пе? Тап қасына таяп келіп қарағанда, Оқжетпестің басында ошарылып жатқан пілді көзіңіз шала алмайды. Ал Оқжетпестің түбінен сәл ұзап, Бурабай көлінің Жұмбақтас жақ бетінде жүргеніңде шың басында мүлгіп жатқан піл бейнесі айқын көрінеді. Әлгі пілдің оң құлағына тарбия жабысып алып тасбақа өрмелеп бара жатқандай. Енді бір сәт сәл биіктен көз салсаңыз, жаңа ғана өзіңіз көрген тасбақа тығылып қалады. Табиғаттың өзі жаратқан шын құдірет емес деп көріңізші.
Оқжетпес қожыр-қожыр жай тастар емес, толайым таза гранит текшелерден тұрады. Енді бір зер салғаныңда, әлдебір алып батыр төменде тұрып түп жағы ересен жуан, бас жағы өткір, үшкір, көкпеңбек сүңгіні жеті қат аспанның ар жағынан төніп келген кесапатқа қарсы сілтеп тұрған тәрізді. Осы бір өрлікті, тілсіз тастың тамырына сіңген ерлікті көрген жанның тұла бойына ғажап бір сезімдер ұялар еді.
Есте жоқ ескі кезеңде суы бал татитын Бурабай көлінің жағалауын босағасына береке біткен бай жайлаған деседі. Басқа байлығы былай тұрсын, адамзат біткеннің сұлуы – жалғыз қызы болыпты. Жалғыз қызын жақсы көргендігі сондай, айтқанын екі етпейді екен. Қызының ажарына, әкенің малды-жанды базарына қызыққан талайлар ат тұяғы жететін жерден құда түсуге келе берсе керек. Бірақ, бай кім келсе де, бас тартады. Жалғыз қыздың жанарын жасауратып сүймеген жанға қосқысы жоқ. Таңдау қыздың өзінде. Сыр тартып көрсе, қалауым Қасым дейтін көрінеді. Қасым – байдың қойын құрттап, айранын ұрттап жүрген бақташысы. Әлгі сөз байдың шамына тиеді.
–Жоқ! – дейді қаһарлы әке, – мен сені ең күшті, ең батыл, ең ақылды жігітке беремін.
Сөйтіп, төңірекке жар салған. Дәмелі бозбалалар жиналған. Бай шартын айтады. Кімнің жебесі Оқжетпеске жетсе, қызымды беремін. Ал жебесі жетпегеннің басын аламын. Тәуекел етіп тас жұтқандар аз емес. Бірақ бірде-бірінің жебесі жетпеген. Ақыр соңында кезек Қасымға келеді. Қасым да садақ тартқан. Бірақ оның да жебесі жартастың ұшар басына жетпей түскен. Енді шарт бойынша қайқы қылыш қайран бозбаланың басын кеспек. Бойжеткен ара түседі. «Тағы бір атып көрсін» дейді. Қасым садағын сайлап жатқан кезде бойжеткен Оқжетпестің үстіне өрмелеп шығады. Биікте тұрып ән салады. Дауысы ғажап екен. Сыбызғыдай сызылған сұлу дауыс Оқжетпестің биігінен көтеріліп, Көкшенің көкмұнарлы ормандарының үстімен, күміс көлдерді аймалай аялап, алысқа ұзап бара жатады. Осы бір сәт бозбаланың көкірегіндегі тұмса сезімдерді оятып, қарымына күш бітірген екен. Жақтан атылған жалғыз жебе сүйіктісінің дәл табанының астына қадалады. Уәдені орындау парыз. Аламан-асыр той жасалады. Тойдан кейін Қасым қалыңдығынан:
– Тау басына неге шықтың? – деп сұрайды.
Сонда қалыңдығы:
– Егер жебеңіз екінші рет жетпесе, әкем басыңды алар еді. Ал мен сенсіз өмір сүре алмаймын ғой. Тау басынан құлап өлгім келді,– деп жауап беріпті.
Міне, осындай аңыз әңгімелер неше түрлі болып айтылады. Бәрінің де тағылымы мол, өнегесі ересен. Шынында да, қазақ даласындағы қасиетті жерлердің бәрі жас ұрпақты жақсылыққа баулитын, ұлы даланың ұлағатын ұқтыратын өміршең өнегеге ие ғой.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»