Әлемнің көптеген еліндегідей Қазақстанда да цифрландыру кезеңі басталып кетті. Осы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы IT саласындағы жастарға сенім артты деуге негіз көп. Оның ішінде ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтында (АЕТИ) еңбек етіп жүрген жастар ерекше серпіліп, ғылыми ізденістерге ынталары арта түскендей. Институт жастары өздерінің IT саласындағы ізденістерін ғылыми жобалар талаптарына сәйкестендіріп, семинарларға ұсынуда. Осы тұста жас ғалымдардың жетістігін айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Талғат Исламғожаев көпшілікке қызмет көрсетуге арналған роботтық жүйелердің 3 түрін жобалап тұтынушыларға ұсынса, жаңғырмалы энергия көздері бойынша жаңа жобалар дайындауда Салауат Дауылбаев, Өмірлан Әуелбеков, Мұрат Күнелбаев, Назбек Катаев сияқты жастар цифрлы басқарымды жаңа энергетикалық жүйелер жасауды қолға алуда. Ал Рустам Мұсабаевтың жетекшілігіндегі жастар жеке тұлғаның қоғамдағы дамуы, еліміздің қауіпсіздігі және әлеуметтік тұрақтылығы сияқты мәселелерге негіз болатын әлеуметтік құны бар жобаны жүзеге асыруда жетістіктерге жетуде.
Бүгінде институт құрамының 60 пайызы жас ғалымдардан жасақталған. Жастардың ғылыми жұмысының, шығармашылығының, сондай-ақ лауазымының өсуіне толық жағдай бар. Институт жастары алдыңғы қатарлы шетелдік университеттерде ғылыми тағылымдамалардан өте алады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен АEТИ арасындағы білім алу бағдарламасы бойынша институт жастарына PhD докторы дәрежесін алу да жолға қойылған. Ал институттың 9 ғылыми қызметкерінің несиелеу бағдарламасы аясында жеңілдікпен баспаналы болуы жастардың ғылымға деген құлшынысын арттыра түскені анық.
Елімізде ақпараттық технологиялар саласындағы бірден-бір мамандандырылған бейінді ғылыми ұйым ретінде институт құрамында әртүрлі ғылыми бағыттар бойынша ақпараттық қауіпсіздік, математикалық және компьютерлік модельдеу, бейнелерді тану және шешімдер қабылдау, математикалық кибернетика және есептеуіш технологиялар, ақпараттық және телекоммуникациялық қызмет көрсету, инновациялық және смарт-технологиялар, 13 зертхана жұмыс істейді. «Робототехникалық жүйелер және машиналық көру» жобасы шеңберінде кедергілерді айналып өту үшін мобильдік робот, оқу-жаттығу мақсаттары үшін мобильдік платформа, видеокамерасы бар гексокоптер, барлаушы робот-танк, мобильді миниробот, бионикалық қол, FarmBot робот-бағбан әзірлемелері дайындалды.
Институт ғалымдары робототехникалық жүйелерді басқару үшін мәліметтерді сымсыз тасымалдау және «бұлттық есептеулер» технологияларын дамытуда. Бұл модельдердің көпшілігі KADEX-2016, 2018, «Қайсар-2016», «Айбын-2016» арнайы көрмелерінде сынақтан өтті.
Сондай-ақ қазақ тілін ақпараттық жүйелерге интеграциялау бойынша мәтіндік ақпараттарды автоматты жинау, сараптау және тілді анықтау, тану үшін бағдарламалық кешендер әзірленді. Жас ғалымдар «Қазақстан халқы» интерактивті картасын жасап шықты.
Ұжымның зияткерлік әлеуетінің қаржылық және материалдық-техникалық жағынан жеткілікті қамтамасыз етілуі экономиканы және қоғамды цифрландыруға толық мүмкіндік береді.
Мақсат ҚАЛИМОЛДАЕВ,
ҰҒА академигі, Ақпараттық және есептеуіш
технологиялар институтының бас директоры